ХАЛЫҚТЫҚ МЕРЕКЕ АЙНАЛҒАН НАУРЫЗ

 

Міне, алты ай  қыста кетіп, ару гүл көктемде жетіп, жан-жағына шуағы мол күн нұрын аямай төгуде.
 Жер- анада бусанып, өсімдік, жәндік, жануар атаулыға да тіршілік бітіп, өзен-көлдер арнасынан асып-тасып,      құс біткен қиқулап ұшып келіп, табиғат  бұрын болмаған ерекше бір көрініске енуде.


Соңғы үш-төрт жыл бойы еліміз түрлі қиындықтарды бастан кешуге мәжбүр болды. Бүкіләлемді бұрын құлақ естіп, көз көрмеген коронавирус деген  жаман ауру жайлап алып, біздің елімізді де есеңгіретіп кеткені жұртшылықтың есінен әлі күнге кетер емес. Осы бір аты жаман тәжтажалдан қаншама адам өмірден озды десеңізші... Дүниежүзінің барша ғалымдары бас қосып, аталған ауруға қарсы түрлі вакциналарды ойлап тауып, пандемияны қалайда жоюға бірлесе жұмылып,  күштерін салуда. Сонда да жаман ауру аракідік болса да,  ана жерден, бірде мына жерден төбе көрсетіп қоятынын қайтерсің...
Бірақ халық соның бәрін биылғы көктемде бір сәтке ұмытып кеткендей. Солай-ақ болсын. Олай дейтінім,  биылғы көктем бұрынғыға қарағанда ерекше болып тұр.  Табиғатта осы бір келмеске кеткір ауыртпалықтан құтылғандай күй кешуде. Тіпті адамдар биылғы көктемді қатты сағынып қалған ба дейсің.Оған адамдардың қыстан аман шығып, бір-бірімен сағына қауышып көрісуі дәлел бола алады. Бұдан жастар жағы да қалыспай, үлкен кісілерге сәлем беруде. Ал гүлдей құлпырған қыз-келіншектер наурыз көжесін дайындап, бауырсағын пісіріп, келген қонақтарды ақпен қарсы алуда. Осындайда жер бетінде қазақтан басқа ұлттық салт- дәстүрге бай ұлт жоқ болар деп ойлаймың?! 
Мұндай керемет Наурыз мерекесі Тұщықұдық ауылына қарасты Разведка ауылында да болып өтті. Ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп,, сахнада ұлттық көріністер қойылды. Бәрі де қазақы киім киіп, наурыздың  жақсы өтуіне өз үлестерін қосуда. 
Алтыбақанда бойжеткен мен бозбала тербетіліп, ауылдың алты ауызы айтылуда. Өзіне жарасымды қазақы киім киген ибалы келіндерде қонақтар мен үлкен кісілерге құрмет көрсетуде. Көптен мұндай сый-құрметті көрмеген ата-әжелер риза болып, баталарын жаудыруда. Сом білекті палуандар боз кілемде күресіп жатса, енді бір жерде ләңгі тебуде. Өнерпаздар күмбірлете күй төгіп, шарықтата ән айтуда.
 Бір сөзбен айтқанда, биылғы наурыз халықтық мерекеге айналып кеткен. Түрлі спорт ойындары да халықтың қызығушылығын туғызуда. 
Ия, халқымның  құт-берекеге толы әз Наурызды осылай үлкен ұйымшылдықпен атап өтуі - көпшіліктің көңілінен шыққаны даусыз. Ылайымда, халқымыз аман болсын!


Нұргүл Хайруллаева, 
Разведка ауылының тұрғыны.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521