24-27 қыркүйек күндері Астана төрінде «WALS-2024» Дүниежүзілік сабақты зерттеу қауымдастығының халықаралық конференциясы өткен болатын. Осынау үлкен жиынға әлемнің 27 елінен отандық және шетелдік сарапшылар мен 700-ге жуық педагог қатысты.
Аталған халықаралық конференция бағдарламасы бойынша 4 басты спикер,12 симпозиум, 13 шебер сабақ, 286 баяндама және 77 постер таныстырылымы арқылы өзара тәжірибе алмасуға және әлемнің әр түкпірінен келген әріптестермен байланыс орнатуға мүмкіндік болулы. Конференция барысында қатысушылар дәстүрлі сессиялардан басқа тәлімгер сағаты, шығармашылық зертхана, автограф-сессия, сұрақ-жауап форматындағы ашық алаңға қатысу мүмкіндігін де иеленген. Олар халықаралық конференцияда Lesson Study әдістемесін орта мектептерге енгізу бойынша ұсыныстарды қарастырып, зерттеу тәжірибелерімен бөліскен, яғни тәжірибе алмасу алаңына ұластырған.
-Аталған алқалы жиын осыған дейін АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Сингапур және Нидерланды секілді елдерде ұйымдастырылған. Биыл Қазақстанда өтуге мүмкіндік алғаны, әрине, қуанышты. Аталған шараны «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы ұйымдастырып өткізді,-дейді конференцияға қатысып оралған облыстың Білім беру басқармасының Исатай ауданы білім бөлімінің «Мектеп-гимназиясы» КММ директоры Табила Игібайқызы Исмагулова.
Атырау облысынан 21 педагог қатысқан халықаралық деңгейдегі осынау ауқымды басқосуға ауданымыздан 6 педагог барды. Өз тәжірибелерінен алдын ала абстракт ұсынып, конференцияға қатысу мүмкіндігін иеленген олар, өзара тәжірибелерімен бөлісіп, ортада спикер де болды. Үш күнге созылған халықаралық деңгейдегі конференцияда отандық және шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу алаңында ауданымыздан конференцияға қатысушылар Г.Қ.Калидуллина, Д.Б.Каким-жан, Л.Б.Мұхамбетова «Тәлімгерлік шкала қоғамдық қызмет деңгейін өлшеу құралы» және «Сабақты зерттеудегі барлық оқушының сараланған мониторингі» тақырыптарында, Т.И.Исмагу-лова, Б.Т.Сагингалиева, А.Д.Багитова «Командалар компасы: Қоғамдық қызметтің бағдары» тақырыбында командалық тәжірибелерін және Г.Қ.Калидуллина «Сабақты зерттеу мен іс-әрекеттегі зерттеу үдерістері менің оқытушылық тәжірибемді қалай өзгертті?» тақырыбында тәжірибесімен бөлісіп, тыңдаушылардан кері байланыс пен жоғары бағалаулар алды.
-Барлық қазақстандық педагогтердің тәжірибесінен шетелдік әріптестеріміз үлкен әсер алғандарын және қазақстандық педагогтер шетелдік әріптестерден Сабақты зерттеу тәжірибемізге айтарлықтай кәсіби қор жинағанымызды ерекше айта аламыз. Сабақты зерттеу көлемі де,жүргізілген қалыптастырушы зерттеулер де жақсы әсер қалдырды. Сабақты зерттеу 2012 жылы енгізілді және ол оқыту тәжірибесін түрлендіру мен мұғалімдердің оқуын қолдаудың негізгі факторы ретінде тұжырымдалады. Сабақты зерттеу жүйесін енгізуде мұғалімдер мен мектеп басшыларының кәсіби деңгейін арттыруға үлес қосатынын осы халықаралық конференция дәлелдегендей болды. Дүниежүзілік Сабақты зерттеу қауымдастығының халықаралық конференциясына қатысушы болғанымды, өз тәжірибеммен бөлісу мүмкіндігіне ие болғанымды қуана бөлісіп, сабақты зерттеу арқылы білім алушыларымыздың оқуын жақсарту дағдыларын қалыптастыра аларымызды айтқым келеді. Сондықтан барлық әріптестерімді зерттеу дағдымызды қалыптастыра отырып, тәжірибеге батыл енгізуге шақырамын,-деді бізге әлемдік жиында алған әсерлерімен бөліскен Табила Игібайқызы.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР