«ХАЛЫҚТЫҢ АЛАСАРМАС БӘЙТЕРЕГІ»

 

Талай бұлбұлдар мен дүлдүлдерді дүниеге әкелген қасиетті Нарын топырағының тағы бір қайталанбас талантты өкілі, ұлағатты ұстаз, он саусағынан күй саулаған дәулескер домбырашы, сыршыл суретші, бір сөзбен айтқанда, «сегіз қырлы, бір сырлы» біртуар азамат Ғибатолла Мәсәлімов биыл 100 жасқа толып отыр. Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп өте шыққан 35 жыл ғұмырында артына өшпес із қалдырған осынау тұлғаның өмір жолы мен кейінгі жастарға өнеге боларлық ерекше қасиеттері әлі күнге дейін маңызын жойған емес.           

Айтулы азаматтың ғасырлық мерейтойына орай жақында Х.Ерғалиев ауылындағы оның есімін иелеген орта мектепте «Халықтың аласармас бәйтерегі» атты көптің көңілінен шыққан танымдық шара өтті. Жұртының жүрегінен орын алған дара дарынның сара жолы мен артында қалған мол мұрасын насихаттауды мақсат еткен басқосуға Ғибатолла Мәсәлімовтің қарындасы Дәметкен Мәсәлімқызы, қыздары Гүлзада мен Болған, күйеу баласы Ғабит Мұханбетов, ұлы Төлегеннің келіні Алмагүл мен шөбересі Нұрсәт Ренатұлы Төлегенов және Ғибекеңнің талантын құрмет тұтатын жұртшылық өкілдері, мектеп оқушылары қатысты. Шараны кіріспе сөзбен ашқан мектеп директоры Парух Қабиев өз сөзінде «Бүгін –жүректерді тебірентер ерекше күн. Ғибатолла Мәсәлімов сынды асыл азаматтың дүние есігін ашқанына тура 100 жыл толып отыр. Бұл - тек бір әулет үшін емес, барша ел мен елдік сананы қадірлейтін жұртшылық үшін мерейлі меже, тарихи белес. Ғибатолла атамыздың ғұмыры - қарапайымдылық пен парасаттың, ерен еңбек пен адалдықтың үлгісі. Ол кісінің жүріп өткен жолы - бүгінгі ұрпаққа өшпес өнеге, шын ниетпен тағзым етер тағылым. Осы білім ордасына халқының жүрегінен орын алған қайталанбас біртуар тұлға есімінің берілуі де бізге үлкен жауапкершілік жүктейді» деді.

Бұнан кейін жүздесуге қатысушылар мектептегі Ғибатолла Мәсәлімовке арналған музеймен танысты. Онда Тұщықұдық ауылдық округінің Нарын құмы аумағындағы Бабан ауылында өмірге келген ұстаздың педагогикалық жолы баяндалған материалдар мен академик Ахмет Жұбанов өзінің «Құрманғазы» атты кітабында «Ғибатолла піскен, формаланған домбырашы деуге болады. Домбырашы жөнінде деректер, әңгімелер жинап тұратын, көзі ашық талантты адам» деп жоғары баға берген дарынды музыкант, дүлдүл күйші тұтынған бұйымдар, жұмыс столы, оның ойнаған шахматы, киімдері, сондай-ақ, құжаттары мен фотосуреттері жинақталған екен. Музейдегі таныстырылымнан кейін шара:

«Көсемсіп мақтанышпен көрінбей-ақ,

Меңгердің көп өнерді ерінбей-ақ.

Жүрсең де ала құмның ортасында,

Меңгердің орыс тілін өзіндей-ақ» – деп әріптесі, белгілі ұстаз, ақын Хафиз Әбуов жырлағандай, Ғибатолла Мәсәлімовтің өмір жолы мен сан қырлы талантын зерделеуге арналған негізгі бөліммен жалғасты. Онда мектеп оқушылары сөз алып, жиналған көпшілікке өнегелі ұстаз әрі дүлдүл күйшінің жүріп өткен жарқын жолы туралы әңгімеледі. 1925 жылы дүние есігін ашып, сонау бұйра құмдар мен ақ шағылдардың ортасындағы Бабан ауылында Сталин атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін бойына біткен зеректігінің арқасында орыс тілін терең меңгеріп, өзі оқыған мектепте мұғалім болып, кейін Орал педагогикалық институтын тәмамдаған соң аудандағы бірнеше мектепте шәкірттерді білім нәрімен сусындатқан дарынды педагогтың Новобогат, Гурьев аудандық білім бөлімдерін де абыроймен басқарғандығы сөз болды. Ұстаздық пен өнерді қатар алып жүрген тума таланттың жастайынан домбыра, сырнай, скрипка, мандолин, тағы да басқа музыкалық аспаптарды терең меңгеріп, қылқаламды ұршықша үйіре бояулар сырына үңілген сыршыл суретші болғаны сирек кездесетін құбылыс ретінде бағаланды. 1957 жылы оған облыстың бас домбырашысы атағының берілуі Ғибатолланың  бойындағы таланты мен құдіретінің мойындалуы екені де сөзсіз еді. Сондықтан оның есімі 1996 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен осы мектепке берілгені айтылды.

 

 

Міне, осылайша мерейгердің қыры мен сырын зерттеп, саралап, өзіндік ойларын ортаға салған шәкірттердің ұстаз өмірін танып-білуге деген құштарлығы жиналғандарды риза етті. Осыдан кейін кезек айтулы тұлғаға арналған өлең-жырларға берілді. Ақын Нұралы Әжіғалиевтің «Күй дүлдүлі» шығармасын оқушы Қайырғали Айымгүл, Алдамберген Хамзиннің «Күй арнадым» атты толғауын оқушы Бейсенбай Айнара, Жәлел Ихдановтың «Халықтың аласармас бәйтерегі» өлеңін оқушы Ғарифолла Айбек мәнерлеп оқып берді.

Ғибатолланың тағы бір қыры оның суретшілігі екенін жоғарыда айтып өттік. Шара барысында мектеп ішінде бірнеше оқушының ақ қағазға үңіліп, мерейтой иесінің портретін салып отырғанын байқағанбыз. Олар осы білім ошағында  бейнелеу өнеріне бет бұрып, қылқаламға машықтанып жүрген талантты балалар екен. Солардың арасынан Ғибатолла Мәсәлімовтің бейнесін шебер сомдаған облыстық, республикалық додалардың жүлдегері, жас суретші Айымнұр Нұрғазының туындысы үздік деп танылып, оны автор Ғибекеңнің шөбересі Нұрсәт Ренатұлына тарту етті.

Тәлімі мен тәрбиесі мол болған шарада Ғибатолла Мәсәлімовтың қарындасы, денсаулық сақтау саласының ардагері, белгілі дәрігер Дәметкен Мәсәлімқызы өзі үшін бұл білім ордасының ерекше қымбат екендігін тебірене әңгімелеп, ағасының бойындағы білімдарлығы мен адамгершілік қасиеттері туралы сөз қозғады, ол кісінің артында қалған ұрпақтарын да көпке таныстырып өтті. Одан соң ортаға Ғ.Мәсәлімов туралы «Біртуар» атты кітап жазған мемлекеттік қызметтің ардагері, «Мирас» өлкетанушылар клубының жетекшісі Мәди Өтеғалиев шығып, мерейгердің арқалы да сирек кездесетін ғажайып күйші болғаны, ешкім қайталай алмайтын орындаушылық шеберлігі туралы әсерлі әңгіме қозғады. Сондай-ақ Задаш Құсайынов, Алдамберген Хамзин, Жәлел Ихданов, Өтепқали Зұлхашев сияқты, басқа да көптеген талантты шәкірттерінің ұстазды қалай құрмет тұтып сыйлайтынын үлгі етіп айтты. Аталған мектепке оның есімін беру кезіндегі Ғибатолланың шәкірттері, сол кездегі облыс, аудан басшылары болған Қатимолла Ризуанов пен Жанай Беркалиевтің еңбектерін де атап өтті.

Бұдан кейін сөз алған Болған Ғибатоллақызы әкесінің мерейтойына осындай тағылымды да мазмұнды шара ұйымдастырған білім мекемесі әкімшілігіне ризашылығын білдіре отырып, ұрпақтары мектеп музейін жаңғыртуға қаржылай демеушілік көрсету туралы шешім қабылдағанын жеткізді.

Шараның соңы мектеп мұғалімдері мен оқушылары бірлесе дайындаған мерекелік концертке ұласты. Онда оқушылардан құралған «Ақберен» (жетекшісі Нэйла Жақсымбетова) домбырашылар, «Көркем-ай» (жетекшісі Зинагүл Мұхтарова) бишілер ансамбльдері өз өнерлерімен көпшілік көңілінен шықты.

 

 

Иә, Ғ.Мәсәлімұлына арналған мерейтойлық шара ұрпақтың бірлігін, Отанға, туған жерге қызмет етудің жарқын үлгісін насихаттаған ерекше сәт болды. Бұл күн - өткенді еске алып қоймай, өнегелі жолға бас иіп, келешекке мирас етер рухани байлықтың салтанаты ретінде бағаланды. Осы шараға бастан-аяқ қатысқан аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева мен Қамысқала ауылдық округінің әкімі Рафиғат Тәжиденова өздерінің құттықтау, тілек хаттарын мерейгер отбасына  табыстады.

Тума талант, дүлдүл күйші, ұлағатты ұстаз Ғибатолла Мәсәлімовке арналған шара соңындағы еске алу дастарханында Қамысқала мешітінің бас имамы Азамат Аухатұлы марқұмның аруағына дұға бағыштап, алыс-жақыннан келген қонақтар Ғибекеңнің ағайын-туыстарымен бірге оның зираты басында болып, ұлы тұлғаға құрмет көрсетті.

...Тыңдадық, біріміз жоқ қыбыр еткен,

Жанарды ала алмадық құдіреттен.

Сол еді күй дүлдүлі Мәсәлімов,

Өнердің өртін кешіп, ғұмыры өткен,-деп дала дарынының көзін көрген ақын інісі Нұралы Әжіғалиев жырлағандай, бұл шын мәніндегі халықтың аласармас бәйтерегіне айналған талантты тұлғаны таныта түскен игілікті іс-шара болды.

 

 

Мүтиғолла НАСИХАНОВ,

 тарихшы-өлкетанушы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT