Халықтық дипломатияның ұлтаралық жүйесі

«Бірлік бар жерде тірлік бар», дегендей, егемендігіміз жарияланған 1990 жылғы 25 қазан  еліміз үшін орны бөлек мереке. Сол күннен бастап Тәуелсіз мемлекетіміз елдің бірлігі мен тұтастығын  сақтауды басты мақсат етіп қойды.

Алдымызда ұлтаралық дүрдараздық пен діни алауыздықтың ағынына түсіп кетпеу міндеті тұрды. Себебі, ол кезде қазақтар  мемлекетіміз  халқының тең жартысына жетпейтін. Мемлекетіміздің  ұлттық саясатының негізгі қағидаттары барлық ұлттар мен конфессия өкілдеріне бірдей құқықтық базаны қамтамасыз ету болып табылды. Бұл адастырмас бағыт-бағдарымызға айналды. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы заңдарында-ақ ұлтына және дініне қарамастан барлық азаматтардың  тең құқы мен еркіндігі  жария етілді. Соның нәтижесінде отыз жылдан аса уақытта Қазақстанда ұлттық және діндік тұрғыда жаппай қақтығыстар орын алған емес. Елімізде жүргізілген ұлтаралық саясат тәжірибесі   әлемдік қоғамдастықтан жоғары баға алып, халқының  құрамы бізге ұқсас мемлекеттердің қызығушылығын тудырды. Қазақстан өзінде тұратын барлық ұлттардың  арасында конфессияаралық және мәдениетаралық келісім  мен бірлікті  қамтамасыз ете білген заманауи және бәскеге қауқарлы мемлекет құрған ел ретінде мойындалды. Жас мемлекетіміз өркениеттер арасындағы диалогты кеңейту мен тереңдете түсуге мүдделі және Батыс пен Шығыстың заманауи әлемдік құрылымның өзекті мәселелері бойынша түсіністік танытып жақындай түсуін қолдап, өзінің оған септесуге әзір екенін білдірді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қоғамның рухани өмірінің, әлеуметтік көңіл-күйдің өзгеруіне, ұлттық сананың оянуына байланысты көптеген қиындықтар кездесті. Көп адамдар енді не болады екен деп алаңдады. Кезінде Одақ құрамында болғанда елімізге күштеп Сол кезде, басты жетістігіміз – халықтар достығын сақтап қалу үшін,  өткен ғасырдың 1992-ші  жылы Қазақстан халықтарының І форумы өтті. Форумда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев оны тұрақты  негізгі көшіру қажет деген идеясын ортаға салды. Ал, 1995 жылдың 1 наурызында республикамыздың қоғамдық-саяси өмірінде ұлттық саясаттың жаңа институты – Қазақстан халқы Ассамблеясы пайда болды. Қазақстан ТМД арасында мұндай ұйымды құрған алғашқы ел. Қызметі ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған бұл институт мемлекетімізді мекендеген өзге  халықтардың арасындағы  қарым-қатынастың қазақстандық моделінің пайда болуы мен орнығуына үлесін қосты. Жалпы, оның құрылуының өзі республикамыздағы ұлтаралық қатынастарды институционалдық тұрғыдан  бекітуді, халықтық дипломатия органын қалыптастыруды көздеді. Ассамблея  азаматтық қоғамның кеңес дәуірінде және бүгінгі әлемде бұған дейін болмаған теңдесі жоқ институты ретінде құрылды.

Біз Ассамблеяның қоғамдағы орыны, қызметі  туралы бұған дейін де жазып келеміз. Енді оның құрамы туралы да қысқаша айтып кетсек артықтық етпес. Бұл құрылым – Ассамблея сессиясынан, кеңесінен, аппаратынан, облыстық және республикалық маңызы бар қалалар мен астананың ассамблеяларынан тұрады. Ассамблея сессиясы ең жоғары басқару органы болып табылады және ол Президенттің шақыруымен кем дегенде жылына бір рет өткізіледі. Ассамблея аппараты (хатшылығы) оның жұмысшы органы болып табылады және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құрамына кіреді, жұмысы еліміздің заңнамаларымен реттеледі.

Ұлттық бірліктің беріктігі Қазақстан халқы Ассамблеясы және этномәдени бірлестіктердің жұмысының тиімділігіне де байланысты. Бұл ретте Ассамблея хатшылығының үйлестірушілігімен  оның жанынан құрылған Ақсақалдар алқасының қоғамдағы  рөлін күшейте түскен маңызды. ХҚА жанындағы ғылыми-талдау кеңесінің де белсенділігін арттырған жөн. Кеңес ұлтаралық қатынастарда қолөнерге зерттеу жүргізіп жүрген ғалымдарға грант тағайындауға септессе де артықтық етпесі анық. Сол сияқты қазіргі күні жастар ұйымдарымен де көбірек жұмыс жасауы қажет. Үкімет және облыстық әкімдіктермен  тығыз байланыс жасап этномәдени бірлестіктерге әлеуметтік тапсырыс негізінде мемлекеттік қолдау көрсетілуіне атсалысса нұр үстіне нұр.

Біз ежелден өз жерін қорғаған, көршісіне көз алартуы болмаған, әлсізді қолдаған, қонақжай, жомарт жанды ұлтпыз. Сол себепті өткен ғасырда бастарына зобалаң туып, еріксіз жер ауып келген өзге ұлт өкілдерін кеудесінен итермей, қанатымыздың астына алдық. Олардың бүгінгі ұрпақтары Қазақстанды  Отаны санайды. Өз тағдырын қазақ халқымен байланыстырған олар еліміздің дамуына қолынан келгенше  үлестерін қосуда. Араларынан талай спортшылар шығып, мемлекетіміздің абыройын асқақтатуда. Осындай сүттей ұйып отырған тірлігіміз, ұлттар татулығына негіз болған ҚХА-ын құру  егемендік  жылдарында қол жеткізген жетістігіміз болып қала береді.

 

 

 

Қанат ҒҰМАРОВ

 
 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521