Облыстық тарихи-өлкетану музейінің Хамит Ерғалиев атындағы бөлімшесі Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Атырау топырағының асыл перзенті, Хамит Ерғалиевтің туған күні қарсаңында «Атамекен ақынын ұмытпайды» атты көшпелі көрме ұйымдастырды.
Ақынның өмірі мен шығармашылығын насихаттау арқылы жастардың туған жеріне, Отанына деген сүйіспеншілігін арттыруға негізделген көрме аудандағы Өркен, Аққыстау, Абай, Ғ.Мәсәлімов және Новобогат орта мектептерін аралады.
Музей меңгерушісі М.Тұралиева қаламгердің өмірі мен отқа оранған өлеңдеріне тоқталып, оқушыларға аталарының орден-медальдары, жазу машинасы, портфелі, асатаяғы, сырт киімдері, төріне төселген кілемі, басқа да жеке тұтынған бұйымдарын көрсетті. Ауыл тұрғындары тапсырған ақын өмірінен сыр шертетін жәдігерлер таныстырылып, музейдің тарихы жайында да айтылды. Мектеп оқушылары көрмеден Хамаңның өмірі мен шығармашылығы туралы көптеген мәліметтерге қанықты, ақынның ұстап-тұтқан заттарын көзбен көріп, ерекше әсерге бөленді.
Көшпелі көрмеге қызығушылық танытқан оқушылар қатарының қалың болғаны да көңілге қуаныш сыйлады. Осындай өлеңсүйер, жырқұмар жастар барда өзі өтсе де, өшпестей сөзі, ізі қалған тұлғаның өміршең туындылары ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек.
Анаргүл ҚҰСАЙЫНОВА.