Қазіргідей сын сағатта ауызбірлік мен ынтымақ өте маңызды. Осы бір өсиетті пір тұтқан Х.Ерғалиев ауылының тұрғындары бүгінде тасқын суға қарсы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» нағыз ұйымшылдық танытуда.
Оларға қоса мекеме ұжымдары да ауыл ішіне су келетін тұстарды бөгеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ортақ мүддеге еңбектеген баладан, еңкейген қарияларына дейін атсалысуда. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл, бірігетін кез келді»- деген ұранды мақсат еткен ауыл тұрғындары күн-түн демей табиғи апаттың алдын алуға жұмыстануда. Үш жүзге жуық еріктілер уақытпен санаспай жұмыс істеуде. Қамысқала ауылының ортасымен ағып жатқан «Бақсай» каналының екі беті биіктетіліп, қапшықтардан бөгет тұрғызылды. Шығыс жақ бөлігін жайылма судан қорғау үшін бал соғылды. Қазіргі күні батыс бөлікті бекіту жұмыстары қолға алынуда. Ауылдық округ бойынша төтенше жағдай штабы мігірсіз жұмыс жасауда. Барлық мәселелер мен шешімдер ауыл ақсақалдарымен ақылдасып, өткен жылдардағы жағдайлар ескеріліп шешілуде. Сенбі, жексенбі күндері ауылдағы барлық мекемелер мен жеке кәсіпкерлік нысан иелері, оқушылар мен жастар жалпы саны мыңнан астам адам, белгіленген жеті жерде топырақ қаптап, бал соққан болатын. Бұл шаруаға он сегіз техника жұмылдырылды. Жекеменшік техникасымен келген ауылдастар да бар. Жанболат Бөлековтен жеті КамАЗ-ды ауыл тұрғындары арнайы жалдап алған болатын. Ауылды судан құтқару үшін барын салып жатқан ауыл азаматтары өздерінің жеке техникаларымен де көмек қолын созуда.
Атап айтқанда, Думан Батқашов пен аудандық мәслихат депутаты Әнес Сидеғалиев өзінің жеке тиегіш (погрузчик) техникаларын ортақ іске тегін қолдануға берді. «Атырау-Астрахан» тасжолын салып жатқан «СМС» компаниясы экскаватор мен бір үлкен «Shacman» көлігімен көмектесті. «Атырау жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен де техника берілді. ТОО «Caspiam Ecology» компаниясынанда арнайы техникалар келді. Аудан әкімінің қолдауымен «Жайықмұнайгаз» МГӨБ басқармасынан да техникалар көмектесуде. Және осы техникаларды жүргізіп уақытпен санаспай, ауылды судан аман алып қалудың қамын ойлап жүрген ағайынды Хайруллин Өркен мен Мейрамның еңбектерін айтпай кетсем болмас. Еріктілер күшімен екі бөлікте киіз үйде тамақтандыру ұйымдастырылды. Ауыл тұрғындары өзара қаражат жинап, керек- жарақтарын алып, жұмыстарын тоқтатпай, апаттың алдын алуға бар күштерін жұмсауда. Және төтенше жағдайға қарасты қаржы есебінен техникаларды жанар-жанармайы, қолғаптар, күректер, қапшық, тәшкі тағы басқада керек құралдар алынып жатыр. Сонымен қоса, белгілі өнер жұлдыздары Гүлзира Айдарбекова, Ерғали Абдраимов, Мирас Бекжанов арнайы Х.Ерғалиев ауылына келіп, жұмыстарын көріп, ауыл тұрғындарымен тілдесіп, рухани қолдау білдірді.
Алдағы уақытта тағы да гуманитарлық көмектер көрсетілетінін айта түсті. Оған қоса, танымал әнші Қайрат Нұртас атынан анасы Гүлзира Айдарбекова қаржылай көмек беріп кетті. Ауыл азаматы Саадат Нұрмановтың Оңтүстік Қазақстан облысындағы әскерлестері де қол ұшын созып, қомақты қаражатпен көмек көрсетті. Әрине, негізгі салмақ ауыл тұрғындарына түсіп жатқаны анық. Алайда, «ауылымыз үшін» деп қолдарынан келгендерінің бәрін жасап жатқан еңбекқор жандардың еңбектері ақталып, ауыл-ел судан зардап шекпесе екен дейміз.
Жұлдыз СЕМБИЕВА