Х.Ерғалиев ауылында 250 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне берілді,-деп хабарлайды "Нарын таңы" газеті. Бұл жаңа нысан ауыл жастарының спортпен айналысуына кең мүмкіндік жасап, салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал етпек.
Жаңа спорт кешенінің ашылу салтанатына Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов қатысып, жиналған қауымды құттықтады. Ол спорттың адам денсаулығы мен өміріндегі маңызына тоқталып, ауыл жастарының болашақта үлкен жетістіктерге жететініне сенім білдірді.
Іс-шара барысында ауыл ардагері, қоғамдық кеңес мүшесі Орынбай Отарғалиұлы мен аудандық мәслихат депутаты Жәнібек Ещанов лентаны қиып, тұрғындарға ақжарма тілектерін жеткізді. Қамысқала ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің мүшесі, еңбек ардагері Бекболат Сафиоллаұлы да бұл күннің ауыл тұрғындары үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
Дене шынықтыру-сауықтыру кешенін "HCK MBM CONSTRUCTION” ЖШС мердігер мекемесі салды. Мұнда футбол, волейбол, баскетбол, қазақ күресі, бокс және дзюдо үйірмелері жұмыс істейді. Барлық жаттығу залдары заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған, ал кешен бір күнде 250 баланың спортпен шұғылдануына жағдай жасайды. Сонымен қатар, нысанда киім ауыстыру бөлмелері, санитарлық-тазалық аймағы мен әкімшілік корпусы қарастырылған.
Спорт кешенінің символикалық кілтін “HCK MBM CONSTRUCTION” ЖШС өкілі Дәулет Саусаламатұлы Исатай аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бурхан Оралбековке табыстады.
Жаңа спорттық нысан ауыл жастарының дене шынықтырумен тұрақты айналысуына мүмкіндік беріп, аудан спортының дамуына серпін бермек.
Жайна МӘЛІМҚОЖА