Хамит Ерғалиев музейінде шеберлік сағаты өтті

 

Қазақ халқының қолөнері – ұрпақтан ұрпаққа жеткен баға жетпес қазына. Әсіресе, жүннен жасалған бұйымдар тұрмыс-салттың бөлінбес бөлігі болғаны белгілі. Бүгінде табиғи әрі экологиялық таза материалдан әзірленген ұлттық қолөнер туындыларына қызығушылық қайта оянып келеді. Өйткені ол – нағыз отандық өнім, өз жерімізден алынып, өз қолымыздан жасалған құндылық.

Осы дәстүрді дәріптеу мақсатында Х.Ерғалиев музейінде  «Жүннен өнер өрген күн» атты шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Шараға қолөнер шебері, «Ұлт ұстазы» төсбелгісінің иегері, Новобогат орта мектебінің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Жайнагүл Төкешова қатысып, өзінің қолөнер туындыларын көпшілікке көрсетіп, өз тәжірибесімен бөлісті.

Шеберлік сағатына қатысушылар  құрғақ жүннен панно жасады, сәнді шәлі тоқыды, түрлі әшекейлер мен картиналар дайындады. Әр бұйымның артында тек әсемдік емес, үлкен мағына жатты – ол ұлттық құндылықтың жаңғыруы әрі шағын кәсіпке айнала алатын отандық өнім екендігі ерекше айтылды.

 

 

Музей меңгерушісі, шара ұйымдастырушысы Мөлдір Темірханқызы әр бұйым тек әсемдік емес, ұлттық қолөнердің қайта жаңғырып келе жатқанын дәлелдейді деп сөзін тарқатты.

– Қолөнерді дәріптеу арқылы біз жастарға ата-бабамыздың мұрасын жеткізумен қатар, болашақ кәсіпкерлікке де жол ашамыз. Бүгінгі күні жүннен жасалған заманауи бұйымдар тек тұрмысқа ғана емес, нарыққа да қажет. Отандық өнімді насихаттау – ұлттық бренд қалыптастырудың алғашқы қадамы. Осындай ұлттық құндылықты дәріптейтін шараға бірауыздан ұйымшылдық танытып, Қамысқала ауылдық округі, мәдениет үйі, «Аққу» және «Айжұлдыз» бөбекжай балабақша қызметкерлері белсене қатысты. Шынымен қатысушылар  ұмыт қалған ұлттық өнерді қайта жаңғыртып, қолөнердің ғажап дүниелеріне сүйсініп, оның жоғары бағаланатынына  көзі жетті,-деді ол өз сөзінде.

Шара соңында ұлттық қолөнерге деген сүйіспеншілігін арттыруға өз үлесін қосқан Жайнагүл Жайдарбекқызына Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының Алғыс хаты табысталды.
Осылайша, осындай игі бастамалар одан әрі жалғасын тапса, ұлттық өнеріміз де күннен күнге жандана берері сөзсіз.

 

Сағыныш САЙЛАУБАЙ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT