«Химиясыз таза өнім». Х.Ерғалиев тұрғыны егінінің ерекшелігін айтты

Х.Ерғалиев ауылында тұратын Дәулетияровтар егін шаруашылығын отбасылық кәсіп ретінде қолға алғандарына да көп бола қойған жоқ. Алайда, ауылдан өсетін көкөнсітерді тұрақты тұтынатын тұрғындардың жергілікті өнімге ықыласы бөлек.

- Жұбайым екеуміз зейнетке шыққан едік. Үйде қол қусырып, қарап отырғанша,  егінмен айналысып көрейік деген шешім қабылдадық. Өзім, жолдасым, екі баламның атына төрт гектар жер алдық. Жайлап егін сала  бастадық. Өткен жылы жеміс талдарын ектік. Қауын, қарбыз, қияр, қызанақ, баялды(баклажан)  салып көрген едік. Биыл қауын, қарбыз салып, өзіміз де пайдаланып, басы артығын сатып жатырмыз,- дейді Орынбай Дәулетияров ағамыз. - Биыл екінші жыл «Бақсай» өзегінің жағасына егін салдық. «Су келеді» деп көп жерді пайдаланбадық. Өнімдеріміз жақсы шығып жатыр. Егінді баптап күту оңай емес. Уақытылы суарып, айналсындағы арам шөптерін жұлып отыру керек. Егінге судан басқа ештеңе бермейміз. Өйткені жердің өзі де құнарлы. Химиясыз таза өнім шығып жатыр. Көлеміне байланысты бағалары да әртүрлі. Жергілікті тұрғындарға қолайлы баға да қойып отырмыз. Қазір ғаламтор желісі жақсы  дамыған. Егінмен қалай айналысудың, қай уақытта суару керектігінің барлығы да сонда айтылған. Егер егінмен айналысамын деген адамдар болса, көмектесуге, бәрін түсіндіріп айтуға болады,- дейді ағамыз. 
Егін жұмысына балалары да білек сыбана кіріскен. Егінді жинаудың өзі де бір қиын шаруа. Алайда ауылдың көптеген жастары ағамыздың егінжайында жұмыс жасап, нәпақасын тауып жүр. Иә, егін салуды бірлесе ақылдасқан ағамыздың отбасы қазіргі таңда бұл істі дөңгелетіп алып кетті. Жергілікті өнімнен Аққыстау, Тұщықұдық ауылдарының тұрғындары да дәм татуда. Алдағы уақытта ауданның басқа да ауылдарына апару ойлары барын айтады ол.  
-Егін салу үшін бірінші қаражат керек. Тұқымының өзін Алматыдан арнайы алдырттық. Оның өзіне біршама қаржы кетті. Егін салатын жерді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімі мен әкімшілік тегін жыртып беріп жатыр. Барлығында өзіндік әдіс-тәсілдері бар. Уақытымен, кезегімен жасау керек. Алматыдан шағын трактор алдырырып, соны пайдаға асырып жатырмыз. Осылайша, егінді салып, одан пайда тапқанша көп қаражатты керек етті.  Егінмен айналысатындарға айтарым, бұл шаруа төзімділікті қажет етеді. Жәрменке күндері өнімдерімізді ауданға апарып сатамыз. Ауылымызда жеткізу қызметі арқылы балалар апарып береді,- дейді Орынбай аға. 
Орынбай ағаның дәмі тіл үйірген қауын-қарбыздарын қамысқалалықтар ғана емес, көрші ауыл тұрғындары да іздеп жүріп алады. 
- Ауыл болып Орынбай ағамыз бен Зәуреш апайдың өзектің бойынан өсіріп-өндірген көкөністерін пайдаланып отырмыз. Киелі де қасиетті Қамысқала топырағына өскен, өзіміздің «Бақсай» өзегінің суымен суарылған, барлық минералды бойына сіңірген, ешқандай қоспалар қосылмаған экологиялық таза өнім. Кәсіпкерлікті жандандырып, ауыл үшін жасап жатқан игілікті ісі үшін ағаға рақмет айтсақ болғандай. Сәттілік тілейміз. Ауыл жігіттері осындай кәсіпті қолға алса, біз қолдаймыз. Бағасы да қол жетімді. Үйге дейін жеткізу қызметі де бар. Дәмі де тіл үйіреді,-дейді Қамысқала ауылының тұрғыны Қуанғали Нәубетов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521