Әлеуметтік желі бүгінде тек байланыс құралы ғана емес, шабыт пен табыс көзіне айналған кеңістік. Дегенмен блог жүргізіп, оны көпшіліктің қызығушылығын тудыратын дәрежеге жеткізу оңай шаруа емес. Осы күрделі істі шебер меңгеріп, өзінің сүйікті ісін табыс көзіне айналдырған жандардың бірі – Руфина Жұмабаева. Әлеуметтік желіде «Аққыстаулық келін» атымен танымал ол бес баланың анасы, келіндік міндетін атқарып жүріп, шабыт беретін мазмұн қалыптастыра білген жан.
Бір қызығы, Руфинаның негізгі мамандығы – мұнайшы. Бірақ өмір жолы оны мүлде басқа бағытқа жетелеп, бүгінде ол ауыл өмірі мен отбасылық құндылықтарды дәріптейтін мазмұнды контентімен танымал. Оның желідегі тақырыптары – ауыл тіршілігі, келіндік өмір, дәмді тағамдар мен кондитерлік өнімдер, сондай-ақ жас аналар мен келіндерге арналған кеңестер. Қарапайым ауыл келінінің күнделікті өмірі мен адал еңбегі мыңдаған оқырманның қызығушылығын оятып, шабыт сыйлап келеді. Ендеше, біз де Руфинамен сұхбаттасып, оның табысты блог жүргізуінің құпияларын, күнделікті тіршілігі мен болашақ жоспарлары туралы әңгімелестік.
– Руфина Амангелдіқызы,ең бірінші өзіңізді оқырманмен таныстыра өтсеңіз, қай өңірде дүниеге келдіңіз? Отбасыңыз туралы толығырақ айтып өтсеңіз?
– Өзім Құрманғазы ауданы, Старый Аэропорт деп аталатын ауылдың тумасымын. Жасым 34-те. Балалық шағымның барлығы осы ауылда өтті. Қазіргі таңда анам мен бауырларым бар, ал әкем өмірден озған. 7-сыныптан бастап, отбасылық жағдайға байланысты қалаға қоныс аударып, Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепте білім алдым. Орта білімді аяқтаған соң, С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжінде мұнай және газ технологиясы мамандығы бойынша оқып шықтым. Кейін білімімді жалғастырып, Атырау мұнай және газ университетінде мұнай және газ өңдеу мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алдым. Жолдасыммен мұнай саласында жұмыс істеп жүрген кезімде танысып, 2013 жылы отбасын құрдық. Бүгінде бес баламызды тәрбиелеп отырған үлкен шаңырақпыз.
– Керемет! Иә, шыны керек, сіздің әлеуметтік желіні жүргізу барысын көріп қатты таңғалдық. Бір жағынан, сүйікті хоббиіңізді табысты кәсіпке айналдыруыңыз қалай жүзеге асты?
– Мен мұнайшы мамандығы бойынша қалада жұмыс істеп жүрдім. Енемнің қолдауымен үй мен жұмысты қатар алып жүру қиынға соқпаған еді. Алайда енем өмірден озған соң, балаларды қарап, үй тіршілігін үйлестіру ауырлай түсті. Сол кезде отбасымның қасында болуым маңыздырақ екенін түсіндім. Әйел адамның басты орны – отбасының жанында, оны сақтау мен балаларды тәрбиелеу екенін ұғындым.
Бүгінгі күні шүкір, жолдасым мен қайын атамның қолдауының арқасында бәріне үлгеріп жүрмін. Әрине, әйел, ана, келін рөлін қатар алып жүру оңай емес, бірақ өзіме де, отбасыма да уақыт табуға тырысамын. Бала күтімінде үйде отырған кезде, босқа уақыт өткізбейін деген мақсатпен түрлі онлайн курстарға қатыстым. Сол уақытта әлеуметтік желіге қызығушылығым оянып, күнделікті тіршілігімді инстаграм желісіндегі жеке парақшамды жүргізе бастадым. Бастапқыда тек шағын бейнероликтер мен жазбалар жариялап жүрдім, кейіннен оқырмандарым көбейе бастады. Алғашқы табысым қолөнер бұйымдарын жасап сатудан басталды. Кейін ауыл ішіндегі дүкендерге үйден пісірген торттарды, мысалы, балды торт пен наполеон сияқты тәттілерді өткізе бастадым. Уақыт өте тұрақты тұтынушылар пайда болды, сұраныс артып, тапсырыстарды үйден қабылдауға көшіп, бизнесімді дамыта бастадым. Осылайша өз-өзімді дамыту мақсатында Шымкент қаласына арнайы барып курс оқып келдім. 2021 жылы «Бастау» жобасының грантына қатысып, 580 000 теңге көлемінде қолдау ұтып алдым. Сол қаражатқа өз ісіме қажетті техникаларды сатып алып, кәсібімді кеңейттім. Бүгінгі күні инстаграм парақшамда 10 мыңнан астам сүйікті оқырманым бар, міне осылай үйден басталған хоббиім тұрақты табыс көзіне айналды. Сондай-ақ осы күнге дейін қыз-келіншектерге арналған онлайн, офлайн шеберлік сыныптарын ұйымдастырып келемін.
– Қазіргі таңда ауданымызда кондитерлер көп. Осындай бәсекелестік жағдайында сіз ерекшелену үшін қандай қадамдар жасап жатырсыз?
– Иә, тапсырыс қазір аз емес, әсіресе мереке күндері күрт көбейеді. Қуаныш, той, атаулы күндер көп болғандықтан, сұраныс та жоғары. Әрине ауданымызда бәсекелестер баршылық,бұл қуантады. Себебі бәсеке бар жерде сапа да болады. Бірақ менің мақсатым – біреуден асып түсу емес, адал еңбегіммен өз ісімді дамыту. Әркімнің несібесі өзінде ғой. Бұл жұмысты сүйіспеншілікпен бастағандықтан, оған үлкен жауапкершілікпен қараймын. Әлеуметтік желінің тағы бір пайдасы – кез келген дүниеңді жарнамалап, тұтынушыларға жылдам ұсынуға мүмкіндік береді. Бірақ жарнамадан бөлек, ең бастысы – сапа. Егер жасаған өнімің сапалы болса, алушылар өздері-ақ қайта оралып, өзгелерге де ұсынады. Сонымен қатар мен өз парақшамда оқырмандарыма пайдалы кеңестер беріп, бөлісіп отырамын. Қазір жас қыздардан бастап үлкен аналарға дейін кеңес сұрап, парақшамды қызығушылықпен бақылап отырады. Шүкір, олардың сенімі мен жылы лебіздері – мен үшін үлкен қуаныш.
– Әлеуметтік желіні жүргізудегі негізгі мақсатыңызды білдік. Ендігі өзіңіз секілді замандас қыз-келіншектерге қандай кеңес айтар едіңіз?
– Блогерлікпен айналысам деушілерге айтар кеңесім – ең бірінші өзіңе сену. Сенімділік жоқ жерде нәтиже де болмайды. Өзіңе өзің талап қоя білу керек және сол талапты табандылықпен орындау керек. Табанды болу деген өз дегеніне қалайда жету дегенді білдіреді. Еңбектену керек, ізденіс керек және жұмыстан қашпау қажет. Қазір бәсекелестік көп, сондықтан да бәсекеге қабілетті болатындай жүрек болуы керек. Ел жасамаған, басқалардан өзгеше дүниені жасағанда, сені іздейтіндер де көп болады. Менің мақсатым – өзгелерге пайдалы болу. Әрі ауылда да өмір барын, қызықты екенін, біз де даму үстінде екенімізді өзімше дәлелдегенім. Үйде отырған өзім секілді көп балалы аналарға да мотивация болсын деп ойладым. Яғни, бала-шаға, отбасы-ошақ қасында да сүйікті кәсібіңмен айналысып, рахат табуға, бақытты ғұмыр сүруге болатынын көрсеткім келеді. Үйде бала бағумен қатар, бірқатар істі алып жүретін қазақ әйелдері көбейіп келеді. Бұл қуанатын жағдай. Бес баламен де бәріне үлгеруге болады. Бастысы, өзіңе ұнайтын іспен айналысу қажет. Әлеуметтік желіде блог жүргізу маған қатты қиындық тудырмайды. Кейде үлгермейтін кездер болады. Қазір маған бұрынғыдан оңайырақ. Балаларымның қасында отырып-ақ сүйікті ісіммен айналысамын. Осындай мүмкіндікке ие болғаныма, бұл істі бастап, кейін қолды бір сілтеп тастап кетпегенім үшін өзіме алғыс айтамын. Сондықтан қыз-келіншектер қандай да бір істі бастамақ ниеттеріңіз болса, соңына дейін еңбек етуден қашпаңыздар.
– Боямасыз шынайы әңгімеңізге бек рахмет! Сізге шығармашылық табыс пен отбасы бақытын тілейміз.
Сұхбаттасқан
Сағыныш САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ