Киелі мекендерге табан тіреген исатайлық жастар

Суреттер автордікі

 

Жастардың жүрегіне рух беріп, санасына ұлттық құндылық дәнін себетін игі бастамалардың бірі – «Балалар ізі — жастарға аманат» экспедициясы. Осы ауқымды шара аясында Исатай ауданының белсенді жастары тарихи мекендерге тағылымды сапар жасап, бабалар ізі қалған қасиетті жерлерге табан тіреді.

Экспедицияның түпкі мақсаты – жас буынды ұлттық тарихпен, ұлттың ұлы тұлғаларымен жақын таныстыру, өткенге құрмет пен болашаққа жауапкершілік сезімін ояту. Тарихи-мәдени мұраға тағзым ету – бүгінгі ұрпақтың ең асыл парызы екенін жастар бұл сапарда тағы бір мәрте ұғынды.

 

 

Алдымен экспедицияға қатысушылар ежелгі Сарайшық қаласының орнында бой көтерген мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорыққа ат басын бұрды. Көненің көзі – көне қала жәдігерлерімен танысып, жойылған өркениеттің құнды деректерін зерделеді. Бұдан кейін жастар табиғаттың таңғажайып сыйындай көрінетін Индер тұзды жазықтарын тамашалап, киелі Димаш төбесіне көтерілді. Сапардың соңғы аялдамасы – халық бостандығы жолында күрескен өр тұлға, дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлының кесенесі болды. Жастар баба рухына тағзым етіп, ерлік пен елдікке адал болуға серттесті.

 

 

Бұл тағылымды сапарды Исатай аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі және Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Жастардың санасына ізгі ой салып, рухани азық болған бұл сапар олардың жүрегіне отаншылдықтың сәулесін түсіріп, ата-бабадан қалған асыл мұраны қастерлеуге, өткенге тағзым етіп, болашаққа сеніммен қарауға жол ашты. Сапар барысында жастарға тарихи-мәдени құндылықтардың мәнін терең ұғындыру мақсатында «Мирас» өлкетанушылар клубының мүшесі, өлкетанушы Мүтиғолла Насиханов бірге барып, тағылымды әңгімелер өрбітті. Ол туған жердің тарихынан сыр шертіп, киелі орындардың маңызы мен ел жадында сақталған аңыз-әфсаналарды баяндап берді. Жастар өз кезегінде көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, ой бөлісіп, өткен мен бүгінді сабақтастыра отырып, ел тарихынан тағылым алды.

Сапар Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығынан басталды. Қорықтың директоры, профессор Әбілсейіт Мұхтардың айтуынша, музей-қорықтың мақсаты – жастарға тарихи-мәдени мұраны таныстырып, ұлттың көрнекті тұлғаларының есімін ұмыттырмау.

 

 

-    Біздің басты бағытымыз – өткенді танып-білуге, ұлтымыздың дара тұлғаларына тағзым етуге, мәдени мұраның құндылығын сезіндіруге жол ашу. Тарихи мұра бізге бір жағынан жақын да, бір жағынан алыс. Жақын дейтініміз – ол біздің мәдениетіміздің, ата-бабамыздың ізі қалған жер. Алыс деуіміз – оның бәрі өткен дәуірге тиесілі. Сарайшық – еліміздің бір замандағы орталығы, бабаларымыздың жүріп өткен қасиетті мекені. 2018 жылдан бері музейдің жұмыс ауқымы кеңейіп келеді: егер бұрын 90 шаршы метрлік шағын аумақта қызмет етсек, қазір 600 шаршы метр жерде орналасқан, 8 залы бар кең музейге айналдық. Исатай ауданында да зерттеуді қажет ететін дүниелер көп. Сол бағытта бірлесіп жұмыс істеуге әрқашан дайынбыз,-деді профессор.

 

 

Музей-қорық ішіндегі экспозициялар жастарды көне дәуірдің тынысымен қауыштырды. Әр залда ғасырлар қойнауынан жеткен құнды жәдігерлер қойылған. Археологиялық қазбалардан табылған қыш ыдыстардың сынықтары, әшекей бұйымдар, тиындар, тұрмыстық заттар арқылы өткен өмірдің ізі анық сезіледі. Орта ғасырларда қолданылған өрнекті кірпіштер мен кафельдер, қола айна мен әшекейлер сол заманғы мәдениеттің деңгейін айқындайды.

Экспозицияның маңызды бөлігі – «Хандар пантеоны». Сарайшық – Алтын Орда мен Қазақ хандығы дәуірінде жеті хан жерленген киелі орын. Мұнда Әз- Жәнібек хан, Әмір Оқас хан, Мөңке Темір хан, Жүсіп хан, Тоқты хан, Қасым хан, Шейх Мамай хан секілді тарихи тұлғалардың мәңгілік мекені бар екені белгілі. Бұл – қаланың қазақ мемлекеттілігіндегі орнының айрықша екенін дәлелдейді. Сондай-ақ музейде қаланың макеті, сол кездегі мешіттердің, керуен-сарайлардың, моншалардың үлгі-жобалары көрсетілген. Қазба жұмыстары кезінде табылған алтын және күміс теңгелер, қару-жарақтар, қыштан жасалған құмыралар мен тұрмыстық бұйымдар Сарайшықтың дамыған қала болғанын көрсетеді. Экскурсия барысында әрбір жәдігердің тарихы мен қолданылу мақсаты егжей-тегжейлі түсіндіріліп, жастарға түсінікті тілде жеткізілді. Залдарда ұсынылған көрмелер көне дәуірдің тұрмыс-салты мен мәдениетін көрнекі түрде жеткізіп, қатысушылардың қызығушылығын арттырды.

 

 

Сарайшықтан кейін экспедиция бағытын Индерге бұрды. Бұл өңір тұзды жазықтары мен ерекше табиғи ландшафтымен танымал. Сапарымыздың негізгі аялдамасы — Димаш төбесі болды. Төбеге көтерілген сәттен-ақ көз алдымызға аппақ теңізге ұқсас кеңістік ашылды. Күн сәулесі тұзды даланың үстінде шағылысып, өзгеше жарқыл пайда етті. Төбеде арнайы алаңқай жасалған: айналасы қоршалып, көлеңкелік шатыр орнатылған. Ал алаңқайда үлкен ақ ыдыстарда әртүрлі тұз түрлері қойылып, келген қонақтарға көрнекі түрде ұсынылған. Жастар тұздың түсіне, құрылымына қызығып, оны жақыннан көруге мүмкіндік алды. Бұл Индердің табиғи байлығы мен геологиялық тарихын тануға бағытталған ерекше тәжірибе болды. Димаш төбесінен қарағанда, ұшы-қиыры жоқ тұзды жазықтың әсемдігі көз тойдырады. Табиғаттың осыншалықты кеңдігі мен адам болмысының кішкентайлығы айқын сезіледі. Кейбір жастар әсерімен бөлісіп: «Бұл жерде жүрегің тынышталып, жан дүниең тазарады», -деді.

 

 

Мамандар да тұзды жердің ерекшелігіне тоқталып, оның пайдалы қасиеттері жайында ақпарат берді. Тұздың денсаулыққа әсері, халық тұрмысындағы қолданылуы, өңірдің табиғи байлық ретіндегі маңызы жастарға кеңінен түсіндірілді. Индер сапары тек ерекше табиғатты тамашалау емес, сонымен қатар туған өлкенің байлығына құрметпен қарауға, оны қорғаудың маңызын ұғынуға жол ашты.

Экспедицияның соңғы аялдамасы – ақын әрі батыр Махамбет Өтемісұлының кесенесі болды. Бұл жерге келген жастар үшін сапардың ең әсерлі бөлігі болды десек қателеспейміз. Барлығы бір ауыздан ұлы тұлғаның ерлігіне тағзым етіп, тәу ету сәтін өткізді. 

 

 

Исатай ауданының белсенді жастарының бірі Бекзат Қуандықов сапардан алған әсерімен бөлісті.

– Бұл экспедиция біз үшін ерекше рухани сабақ болды. Сарайшықтың әр тасы – тарихтың үнін жеткізсе, Индердің тұзды жазықтары табиғаттың ғажайып сырын ашты. Ал Махамбет бабамыздың кесенесіне барған сәт – бәріміз үшін ең толқулы, ең қасиетті кезең болды. Біз сол жерде баба рухына тағзым етіп, елдікке адал болуға, тарих алдындағы жауапкершілікті сезінуге серт бердік. Осындай сапарлар жастардың көзқарасын кеңейтіп қана қоймай, ұлттық болмысымызды терең түсінуге жол ашады деп ойлаймын,-деді ол.

Кесенеге жиналған аудан белсенділері батыр рухына тағзым етіп, елдік пен бірліктің қадірін тағы бір еске алды. Жастардың арасынан Латиф Айтқабылов жұмыр қылышты қолына алып, батырдың өр рухын елестеткендей болды. Бұл сәт бәрімізге ерекше әсер қалдырып, жүректерде отансүйгіштік сезімді оятты. Кесененің айналасын жайлаған тыныштық пен қасиетті орынға тән ерекше атмосфера жастарды ойға қалдырды. Жастар бұл жерде ақ жүрекпен бас иіп, ұлт тарихына деген құрметін білдірді.

 

 

-    Жастарымыздың Сарайшық музей-қорығы мен Махамбет кесенесіне баруы -  рухани жаңғырудың айқын көрінісі. Киелі мекендерге тағзым ету арқылы біз тарихымызды танып, өткеннен өнеге аламыз. Әр жас туған елінің тарихын терең біліп, бабалар ерлігіне лайық болуы тиіс. Мұндай тағылымды сапарлар жиі ұйымдастырылып, жастардың болашаққа деген сенімін нығайтады,-деді аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрдаулет Серікқалиұлы.

Бұл сапар – жас ұрпақ пен тарих арасындағы алтын көпір болды. Сарайшық музей-қорығы ұлтымыздың өткенін көз алдымызға әкелсе, Индердің тұзды даласы табиғаттың ғажайып әрі қатал бет-бейнесін паш етті. Ал Махамбет кесенесіндегі тағзым  ұлттың рухани сабақтастығын айқындады. Осындай іс-шаралар ауыл мен аудан көлемінде жиі өткізілсе, жастардың тарихи санасы артып, болашаққа деген жауапкершілігі де арта түсері сөзсіз.

 


                                                                                                                                             

Камилла КАКИМҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT