КӨҢІЛДІ БОСАТҚАН ӘҢГІМЕ

 

Аудандық «Нарын таңы» газетінің өткен нөміріндегі белгілі қаламгер М.Бектенұлы ағамыздың «Өмір өткелі» әңгімесі қалың оқырман жұрттың көпшілігі бір демде, көңілі босаңдау жандар көздеріне жас ала отырып оқып шыққан дүние болды. 

Кейіпкерлері өзіміздің Нарын құмында туып-өскен, қарапайым нақты өмірден алынған деректі әңгіме өзінің шынайы болмысымен, тәлім-тәрбиелік мағынасымен ерекшеленеді. Төрт жылғы қырғын соғыста жау ордасы Берлинге дейін бірге барған екі майдангердің жолдастыққа адалдығы, елге оралғанда да бір-бірін қимай шығарып салуларына шын көңілден риза боласың. Жалғыз баласы қайтқан қос қарияның жесір қалған келінін өз қызындай қылып, құда түсіріп ұзатуы, құдағай болып апарған енесінің кетерінде жылап қалған келінін қамшымен тартып жіберуі де өте әсерлі. Авторға творчестволық табыс тілейміз, қаламыңыздан тағы да жақсы дүниелер туатынына сенімдіміз.

Бұл әңгіме мерзімді басылымдарға жазылу науқаны алдында, жазылсақ па, жазылмасақ па екен деп екі ойлы болып жүрген кейбір жерлестерімізге үлкен ой салды деп ойлаймын. Көзі ашық, көкірегі ояу газет оқырмандарының іздеп жүріп оқитын осындай материалды жариялағанына қуаныштымын. Еңбектеріңіз табысты болғай, оқырмандарыңыз көбейсін, қалың жұртшылықтың ықыласына бөлене бергейсіздер.

 

Еркін Жаңбырбайұлы,

Аққыстау ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT