Бүгінгі қоғамның басты міндеттерінің бірі — жастардың рухани қауіпсіздігін сақтау. Бұл тек теологиялық түсіндірумен шектелмейді, мұнда психологиялық тұрақтылық, құқықтық сауат, отбасы мен мектептің үйлесімді жұмысы да шешуші рөл атқарады. Ауданда өткен «АТТ жұмысында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу әдіс-тәсілдері» атты облыстық семинар осы өзекті мәселелерді жан-жақты талқылады. Шараны ұйымдастырған – «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қоры. Семинарға дінтанушы, заңгер, психолог, педагог мамандар қатысып, ақпараттық түсіндіру топтарының жұмысын жандандырудың жолдарын ұсынды.
Заңнан аттама, тәртіптен жаңылма
Семинарды ашқан «Жәрдем-Атырау» қорының директоры Артур Айтмағамбетов діни радикализмнің алдын алуда халықпен тиімді диалог орнату қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, ақпараттық-түсіндіру топтарының әлеуетін арттырып, әртүрлі аудиториямен нақты, сыпайы, бірақ нақты дәлелдерге сүйенген әңгіме құру – бүгінгі күннің басты талабы.
Дін істері басқармасының Ақпараттық-талдау орталығының заңгері Бейбіт Берікұлы семинарда дін саласындағы құқықтық талаптарға терең тоқталды. Оның сөзінен белгілі болғандай, діни қызмет пен ұйымдардың жұмысы Қазақстан заңнамасымен нақты реттелген. Мәселен, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабы діни қызметті заңсыз жүргізгендерге 50-ден 200 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырады. Миссионерлік қызмет, діни әдебиетті тарату немесе үйді ғибадат орнына айналдыру тек жергілікті атқарушы органның рұқсатымен ғана мүмкін.
Ал 453-баптың 2-тармағы – әлеуметтік желілердегі жауапкершілікке қатысты. Діни араздық тудыратын немесе экстремизм мен терроризмді насихаттайтын кез келген материалды жариялаған тұлғаларға да айыппұл қарастырылған. Заңгердің мәліметінше, тек соңғы үш жылда Атырау облысында осы баптар бойынша 190-нан астам азамат жауапкершілікке тартылған.
Саналы тәрбие – қауіпсіз қоғам кепілі
Семинар аясында SURA мобильді қосымшасы таныстырылды. Бұл қосымша – дін мәселелері бойынша кез келген азаматқа тегін онлайн кеңес беруге арналған. Теолог мамандар нақты сұрақтарға жауап беріп, дінге қатысты даулы пікірлерге ғылыми негізде түсініктеме береді. Ауылдық жерлердегі тұрғындар үшін бұл – жылдам әрі сенімді ақпарат алудың жаңа мүмкіндігі.
Қор директорының орынбасары Мейірбек Ғайнеденұлының сөзі де көпшіліктің назарын аударды:
– Баланы діннен тыю – нәтиже бермейді. Оның орнына мәмілеге келу керек. Қазіргі жастарды ұрыс емес, түсіністік, қысым емес, білім ғана тоқтата алады. Біз сәләфизм мен Ханафи мәзһабының айырмашылығын ашық әрі сыпайы түрде жеткізуіміз қажет, – деді ол.
Осы пікірді жалғастырған аудандық білім бөлімінің әдіскері Іңкәр Кеңесқызы мұғалімдердің діни сауатын арттыру үшін арнайы курстар ұйымдастыруды ұсынды.
Психология мен теология қатар жүруі тиіс
Семинардың ең терең тұсы – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қауымдастырылған профессоры, психология ғылымдарының PhD докторы Қарас Оржанұлының баяндамасы болды. Ол жастар арасындағы аутодеструктивті мінез-құлықтың себептерін ғылыми тұрғыдан саралап, бұл құбылыстың түбінде – жалғыздық, қоғамнан оқшаулану, мағынасыздық сезімі жатқанын атап өтті.
– Радикалды діни топтар көбінесе дәл осындай күйзелістегі жастарды өздеріне тартады. Олар үшін «жоғары мақсат үшін» өзін құрбан ету – мағына іздеудің бір жолы болып көрінеді. Алайда бұл – жалған бағыт. Біз ең алдымен олардың ішкі әлемін түсінуге тырысуымыз керек. Кез келген діни немесе өмірлік бағдардың негізінде эмоциялық күй жатыр. Ал ол күйді назардан тыс қалдырсақ, жасөспірімнің бойында аутодеструктивті мінез қалыптасуы мүмкін,-деді профессор.
Профессордың пікірінше, мектеп психологтарының жұмысы қағаз жүзіндегі есеппен емес, нақты әрекетпен өлшенуі тиіс. Ұстаздардың эмоционалдық интеллектісі, отбасындағы қарым-қатынас сапасы, мектеп пен үйдің бірлескен жұмысы – жастарды теріс ағымдардан сақтаудың басты тетігі.
Семинар не көрсетті?
Атырауда өткен бұл жиын діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуда ақпараттық түсіндіру, құқықтық сауаттылық, психологиялық қолдау сынды бірнеше саланың өзара ықпалдастығын талап ететінін көрсетті. Семинар соңында қатысушылар білім беру ұйымдарында діни сауаттылықты арттыру, ақпараттық жұмыстарды күшейту, әлеуметтік желідегі мәдениетті бақылау, жастар арасында психологиялық алдын алу шараларын кешенді түрде жүзеге асыру жөнінде ұсыныстар білдірді.
Бүгінгі қорытынды айқын: дәстүрлі дін мен заңды білетін, психология мен шынайы сенімнің ара-жігін ажырата алатын жастар – ел ертеңінің рухани тірегі. Ал бұл бағыттағы түсіндіру мен қолдаудың жүйелі жүруі – баршамызға ортақ міндет.
Камилла Какимқызы