Кітап көрмесінде – Абай әлемі

 

Қазақ әдебиетінің алыбы, дара ойдың иесі Абай Құнанбайұлының туғанына биыл – 180 жыл. Ұлтының ұлы тұлғасына айналған ақынның мерейтойы – ел руханиятының еңсесін тіктейтін, өскелең ұрпақтың жүрегіне ой салып, санасына сәуле түсіретін тағылымды кезең. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мерейлі датаға орай Абай мұрасының маңыздылығына арнайы тоқталып, жыл көлемінде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыруды тапсырған болатын.

Президент пәрменінен кейін Абай облысы әкімдігі, Үкімет және Президент әкімшілігінің қолдауымен елімізде кешенді жоспарлар жасалып, түрлі деңгейдегі мәдени-ағартушылық бағдарламалар бекітілді. Бұл шаралардың басты мақсаты – Абай мұрасын кеңінен насихаттап, жастар арасында ұлттық рухты нығайту, шығармашылық әлеуетті арттыру, елдік сананы тәрбиелеу. Соның айқын көрінісі – республиканың түкпір-түкпірінде бір күнде өткен «Абай мұрасы – халық даналығы» атты әдеби кеш. Ауқымды акция аясында аудандық және ауылдық кітапханаларда бір мезетте ұйымдастырылған шаралар қалың оқырманның ықыласына бөленді.

Атап айтқанда, аудандық кітапхана ұжымы Тәуелсіздік алаңында көрнекі безендірілген, мазмұны терең іс-шара өткізді. Бұл кеште Абай шығармашылығына арналған 100-ге жуық мерзімді және мерзімсіз басылымдар, ақын туралы жазылған зерттеу еңбектер, көркем әдебиеттер мен өлең жинақтары көрмеге қойылды. Келушілер кітаптармен танысып қана қоймай, викториналық сұрақтарға жауап беріп, билио кофеден дәм татты. 

 

 

«Ашық микрофон» алаңында жергілікті өнерпаздар – Н.Халидолла, Т.Меңдігерейұлы, С.Адайбек сынды жастар Абайдың ғылым, білім, махаббат пен табиғатты жырлаған лирикалық туындыларын мәнерлеп оқып, ән-жырмен көрерменнің ықыласына бөленді. Ал ауданға белгілі ақын Қожантай Сыдихов «Абайлаңыз, Абайға тіл тигізбе» атты арнау жырын тебірене оқып, көпшілікті толқытты.Осы мазмұнда Жанбай ауылдық кітапханасында әдеби кеш, Х.Ерғалиев ауылдық кітапханасында «Ұлы халықтың – ұлы Абайы» атты поэзия сағаты, Ақкөл ауылында «Абай мұрасы – мәңгілік мұра» атты онлайн ақпараттық сағат өткізілсе, Нарын, Исатай, Аққыстау ауылдарында «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы», «Ақындық пен абыздықты тең ұстаған ұлы Абай» сынды кештер өтті.Алдағы күндері де Абай мұрасын насихаттауға бағытталған бірнеше мәдени, танымдық шаралар өткізу жоспарда бар. Бұл бастамалар – Абайдың рухани биігін қазіргі ұрпаққа жеткізу жолындағы жүйелі жұмыстардың жалғасы.Сайып келгенде, Абайды ұлықтау – өткенді құрметтеу ғана емес, болашаққа бағдар. Ұлттың ұлы ұстазы, поэзияның асқар шыңы, ойдың алыбы Абай Құнанбайұлы – қазақ руханиятының мәңгілік шамшырағы. Оның мұрасын дәріптеу – елдің еңсесін көтеріп, халықтың рухани серпілісіне серпін беретін тарихи міндет.

 

Маусым ТУЛЕУИШОВА,
аудандық орталық кітапхананың библиографы  

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT