2 сәуір – «Халықаралық балалар кітабы» күніне орай аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернатында «Кітап-әлемнің бесігі» атты көрме инсталляция(өнер) оқушылар назарына ұсынылды.
Көрме библиокруиз форматында жасақталды. Кітап инсталляциясы – бұл тек басылымдардан жасалған қайталанбас кітап шығармасы ғана емес, сонымен қатар, ол – адам мен кітаптың қарым-қатынасы жайлы философиялық ой қазынасы десе де болады.
Жалпы көрменің негізгі мақсаты- балаларды түрлі тақырыптағы кітаптармен таныстырып, олардың кітап оқуға деген құлшынысын арттырып, ынталандыру. Оған жасөспірімдерге арналған көркем әдебиет пен ғылыми-көпшілік кітаптары, аңыз-әңгімелер мен түрлі журналдар қойылды. Көрме түрлі-түсті безендірілуімен қатар, қызықты кітаптарымен оқырмандардың зор қызығушылығын тудырды.
Үзіліс сайын топ болып, қызықтауға келген балалар саны жетерлік. Осы іс-шараны ұйымдастырушы кітапхана ұжымы өздерінің арнайы жасақтаған көрме инсталляциясын толығырақ түсіндіріп өтіп, балаларға кеңінен таныстырылды. «Кітапхана» ауылынан балалар жазық даланы аралап, «Ол кім? Бұл не?» аралына келеді, одан соң демалыс бөлмесіне бөгеліп, кейін «Букеанариумда» қызықтап, одан әрі «Қазына» аралына тап болады. Ретімен көз тартарлық кітаптар легін көре отырып, «Өнерлілер» аралымен «Жаңа кітаптар» мекеніне көз жүгіртіп, соңы «Абай» ауылына келіп тоқтады. Әр мекеннің атауына сәйкес құнды, баламалы, түрлі әдебиеттермен танысып, ескі және жарамсыз кітаптардан жасалған ерекше назар аудартатын фотозонаны тамашалады. Осы тұста аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Мөлдір Манашова «Халықаралық балалар кітабы» күніне орай ұйымдастырылған көрме инсталляцияға бірауыздан қолдау танытқан жандарға ризашылығын білдірді.
-Жалпы біздің мақсат- осынау атаулы күнге орай рухани жан дүниемізді оятып, білімімізді молайтып, үлгі - өнеге беретін ақылшы дос, білім көзі, рухани қазына - кітап әлеміне шолу жасау еді. Кітап әлемі - адамды арман биігіне самғатып, ақыл - ой сұлулық әлемін шарлатып, білім - ғылым жолына жетелейтін ғажайып дүние екенін жас өркендерге ұғындыру. Олардың шығармашылық қабілетін, ой-өрісін дамыту. Жалпы оқушыларды кітапты сүйе білуге, кітапты күтіп ұстап, қадірлей білуге және кітапханашы еңбегін бағалай білуге шақырады. Айта кетейік, осындай көрме инсталляцияны шығаруға мектеп залын ұсынып, көлікпен қамтамасыз етіп, техникалық әрі материалдық жағынан көп көмегін көрсеткен Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернатының директоры Ұзақбай Әбілхасовқа және мектеп кітапханасының кітапханашылары Балауса Айтжанова мен қызметкері Райгүл Нұрсұлтановаға айтар алғысымыз зор, -деді ол.
«Кітап –көзі жұмыққа арзан, көзі ашыққа маржан» дегендей, көкірегі ояу, көзі ашық жандар кітапқа зер салса, біраз мәліметке, құнды дерекке қанығатыны, ойы толығатыны сөзсіз.
Сағыныш САЙЛАУБАЙ