«Кітап – сабырлы ұстаз»

Бүгінгі күні жас ұрпаққа берілер білім мен тәрбиенің өз мәнінде сапалы болуы бірінші кезекте тұрғаны анық. Бұл орайда еліміздегі бірден-бір руханият ордасы – кітапхананың алар орны ерекше. Өйткені қазіргі таңда кітапханашылар әлемдік деңгейдегі рухани, мәдени сауатты, жан-жақты білімді, өз міндетіне жауапты педагог және тәрбиеші болып жүр.

Жақында Өркен орта мектебі базасында мектеп оқушыларына рухани жаңғыруды сипаттау және жас ұрпақтың ұлттық рухын, патриоттық сезімін кітап оқу арқылы қалыптастыру, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Кітапхана - білім ордасы» тақырыбында кездесу кеші өткен болатын. Облыс көлемінде ұйымдастырылған бұл шараға аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Ерлан Махсотов, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, еңбек ардагері Мұрат Бектенов, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ардагері Гүлбану Қабулова және кітапханашылар, оқушылар қатысты.

Мектептің кітапхана залында өткен кітаптармен таныстырылым одан әрі Арсен Сағидуллин мәнеріндегі Нұралы Әжіғалиевтың «Атырау» өлеңімен басталып, жоғарыда есімдері аталған қонақтар жайында қысқаша бейнекөрсетіліммен жалғасты.

Одан әрі қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы Гүлбану Қабулова өз ойын білдірді.

- Кітапхана - рухани қазына. Бұл байлығы сарқылмас тәлім-тәрбие орталығы. Онда ескірмейтін, өшпейтін тарих бар. Кітап - сабырлы ұстаз. Өйткені ол қозғалмай тұрып, алғашқы парағын ашқаннан-ақ үлкен өмірге жетелейді. Оқушы кезімізде кітапханаға жиі баратынбыз. Бұл мамандыққа жүрек қалауыммен келген жоқпын. Мұғалім болғым келді. Оралдағы педагогикалық университетке оқуға тапсырып, сол кездегі білім ордасындағы талаптың жоғарылығынан ойлаған мамандығыма түсе алмай, кітапханашы болдым. Әлі есімде, аудан құрылған жылы 400 дана кітаппен аудандық кітапхананың жұмысын бастадық. Міне, сол кезден бастап, мамандығымның қыр-сырын түсіне бастадым. Қазіргі таңда орталық кітапхана сан түрлі әдеби кітаптармен толықтырылған. Балаларға арналған қызықты ертегі кітаптар да жетіп артылады. Тек оқырман бола білу қажет. Бұл қызметте жүріп балаларым мен немерелерімді кітап оқуға баулыдым. Тәрбиенің бастауы кітапта екенін түсіндірдім, -дейді.

Кеш қонақтарына арналған оқушылар сұрағы шараның шырайын келтірді. Бірі алғашқы оқыған кітап жайында, бірі кітап жазу туралы, енді бірі қандай әдеби кітаптарды оқу қажеттігі шеңберінде сұрақтар қойып, тұшымды жауаптар алды. Сыр-сұхбат көлемінде өткен әдеби кеште аудан көлеміндегі мектептерден келген әдебиетке жаны жақын оқушылар елімізге танымал Фариза Оңғарсынова, Нұралы Әжіғалиев сынды жергілікті ақындардың өлең-жырларымен қатар кітапхана туралы өз туындыларын оқып, терме айтып, көрініс қойды.

Әйгерім Құбаева

Суретті түсірген Әбілмажан Шарапиденов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521