Аудандық орталық кітапханада «Сіздерді мақтан тұтамыз! Сіздерден үлгі аламыз! Сіздермен кездесеміз» атты кеш өткізілді.
Бұл ерекше шараның мақсаты кейінгі жас буын кітапханашылар мен оларға үлгі-өнеге көрсетерліктей ардагерлер мен тәжірибелі қызметкерлеріміздің арасындағы өзара іс-тәжірибе бөлісу, қонақтарымыздың өткен өнегелі өмір жолдары арқылы жастарымызға адамгершілікті, ауызбіршілікті, біліктілікті насихаттау еді.
Өзгеше форматтағы бұл шараның құрметті қонағы өткен жыл қорытындысымен «Кітапхана ісінің ардагері» медалінің иегері атанған екі қызметкеріміз – бірі Лиза Абдолова, екіншісі Клара Манашева апалармызбен қатар, «Исатай ауданына - 90 жыл» мерекелік медалін иеленген қамту бөлімінің қызметкері Эльза Асқарқызы болатын.
Алдымен сөз алған ардагер Лиза Абдолова мектеп бітірген соң, кітапханашылық мамандықты таңдап, Чапаев совхозына қарасты Шыныбек елді мекенінде басталған 39 жыл еңбек өтілінің қызығы мен қиындығы жайында айтып берді.
Еңбекке 16 жасында-ақ осы орталық кітапханада араласып, қарапайым қызметкер болып бастаған Клара апамыз – бүгінде балалар кітапханасының меңгерушісі. Өзінің өмір жолынан сыр шерткен ол А.Наурызалиева, Қ.Ғатауиева, М.Кемелова, Г.Кабулова сынды апайлардың адами қасиеттері мен олардың бойына сіңірген тәлім-тәрбие, ақыл-кеңестерін әңгімесіне арқау етті. Сондай-ақ кейіпкер кейіннен өзінің де қызметке деген құлшынысының арқасында әуелі арнаулы орта, кейіннен жоғары оқу орындарын тамамдап, осы мамандықтың қыр-сырын меңгеріп кетуде жолы болғандығын айтады.
Ал, Эльза әріптесіміз болса, «Кітапханамен бала кезімнен-ақ дос болдым. Бұндағы әр дүние, еңбек етіп жүрген апалар менің бір жақын туысымдай көрінетін еді. Мүмкін осы мамандықты таңдауыма анамның да ықпалы болған шығар» дей келе, «Исатай ауданына – 90 жыл» мерекелік медалінің иегері атануы өзіне ешқашан күтпеген сый болғанын, «Алмақтың да салмағы бар» демекші, бұл оған үлкен жауапкершілік жүктей түскенін жеткізді.
Шара барысында қонақтар мен қатысушылар арасында сұрақ-жауап түрінде ойын өткізілді. Ал, кітапхана қызметкерлерінің қосыла шырқаған «Әріптестерге арнау» әні кеш қонақтарының көңілін бір серпілтіп тастағандай болды. Кітапхана қызметіне қатысты деректермен қатар бұрынғы мекеме басшысы, Г.Кабулова, Амангелді ауылдық кітапханасының басшысы Б.Абілхайырова, ұзақ жылдардан бері аудандық кітапхананың тұрақты оқырманы А.Базарбаевалардың құттықтау тілектері бейнежазбалар арқылы жіберіліп, шараның мән-мазмұнын аша түсті.
Кеш барысында сол күні мерейлі 55 жасқа шыққан Қамысқала ауылдық кітапханасының кітапханашысы Меңсұлу Болысқызына тосынсый ретінде ескерткіш сыйлықтар тапсырылып, құрмет көрсетілді.
Шараны аудандық кітапхана басшысының міндетін атқарушы С.Көбеева қорытындылап, шара қонақтарына ескерткіш сыйлықтар табыстады.
Маусым НӘУБЕТҚЫЗЫ,
аудандық орталық кітапхананың библиографы.