Аққыстау ауылындағы мектеп-гимназияда отбасы мен мектеп арасындағы байланыс-ты нығайтуды мақсат еткен тағылымы терең шара өтті. «Керемет үштік» жобасы аясында өткен «Біз оқыған кітап: Талқыла! Ұсын» атты үштік одақ сайысы – кітап оқуды ұлт руханиятының өзегіне айналдырғысы келген игі бастаманың бір көрінісі.
Жобаның басты мақсаты – бала, ата-ана және ұстаз арасындағы бірлікті арттыра отырып, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру. Аталған байқауға бес отбасы қатысып, әрқайсысы өзара жарасым тауып, әдебиет әлеміне саяхат жасады.
Іс-шараның шымылдығын ашқан мектеп-гимназия директоры Табила Исмагулова бұл жобаның бір ай бұрын басталғанын атап өтіп, оқырмандарға арналған доданың маңыздылығына тоқталды.
– Бұл – жай ғана байқау емес, отбасымен бірге рухани серуенге шығу мүмкіндігі. Бүгінгі сайысқа дайындық ретінде қатысушыларға бір ай уақыт бұрын тапсырма берілді. Ұстаз, ата-ана, оқушы үшеуінің басын бір кітап төңірегінде тоғыстыру – үлкен жетістік, - деді ол қатысушыларға сәттілік тілей отырып.
Байқау үш кезеңнен тұрды. Алғашқы «Сөздерден құралған сиқырлы әлем» атты бөлімде әр отбасы өздері оқыған шығарманы тың көзқараспен таныстырып, мазмұнын креативті түрде ашуға тырысты. Көркем безендірілген презентациялар, шынайы пікірлер, сахналық көріністер – бәрі де кітапқа деген ықыластың шынайы көрінісіндей әсер қалдырды. Әсіресе ата-аналардың ашық ой айтып, шығарма желісі бойынша өз тұжырымдарын ортаға салуы — балаларына үлгі болғаны анық. Ал екінші кезеңде Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасы кеңінен талқыланып, «Kahoot» платформасы арқылы білім сайысы ұйымдастырылды. Қатысушылар шапшаңдық пен білімдерін қатар ұштастырып, кітаптың мазмұнына терең бойлады.
Үшінші, яғни қорытынды бөлім — «Өзің оқысаң, өзгеге табыс ет» деп аталды. Бұл сәтте әр отбасы өзі оқыған кітапты келесі отбасыларға ұсынды. Қолға тиген әрбір кітаптың артында жылы сөз, ізгі тілек, жүрекке жол тартқан шынайы ниет жатты. Осылайша, тағылымы мол шараның соңы әдемі қорытындыланды. Әсерлі кеш соңында барлық қатысушылар түрлі номинациялар бойынша марапатталып, әр отбасының ерекшелігі айқын көрінді. «Smart ұя» отбасы креативтілігімен көзге түсіп, «Креативті кітап ұсынушы отбасы» аталымына ие болса, жүректен шыққан әсерлі пікірімен «Отбасылық парақтар» – «Жүрекке жол тапқан оқырман» атанды. Өзара талқылау мәдениетімен дараланған «Үштік тұғыр» – «Ең әсерлі талқылау» номинациясын жеңіп алды. Ал кітап жарнамасын ерекше тәсілмен ұсынған «Алхимик» – «Үздік жарнама» атағына лайық деп танылса, кітапқа деген сүйіспеншілігімен үлгі болған «Жалын» – «Кітапсүйер отбасы» ретінде марапатталды.
Кітаптың қайнарынан нәр алып, отбасылық бірлікті насихаттаған бұл шара бір мезетте білім мен тәрбиенің, руханият пен шығармашылықтың тоғысқан алаңына айналды. Кітап арқылы қанат қаққан осы секілді жобалар көбейе берсе, рухани бай ұрпақ қалыптасары сөзсіз екенін түсіндік.
Сағыныш ҚАЙЫР
сурет автордікі