Бүгінде ел ішінде «Өңірлерді дамыту» ұғымы жиі айтылып, мемлекеттік деңгейде нақты қолдаулар көрсетіліп келеді. Қазіргі заман талабына сай құрылыс материалдарын өндіру арқылы кәсіп ашқан азаматтардың саны күн санап артуда. Мұндай кәсіп түрінің бір артықшылығы –заманауи трендтен қалмай, тұрақты сұранысқа ие болуы. Сонымен қатар тамақ өнімдері секілді тез бұзылатын немесе белгілі мерзімі шектеулі емес, яғни ұзақ уақытқа шыдайтын өнім шығарылады. Мемлекет көлемінде «Бастау бизнес» жобасы аясында инновациялық жобаларды қолдау мақсатында жеке кәсіпкерлерге қайтарымсыз гранттар беріледі. Бұл мүмкіндік әсіресе әлеуметтік әлсіз топқа жататын азаматтар үшін ерекше маңызды. Мемлекет тарапынан ұсынылатын осындай қолдаулар кәсіп ашуға зор мүмкіндік туғызып, өз ісін бастағысы келетін азаматтарға нақты көмек көрсетеді. Нәтижесінде грант арқылы өз кәсібін дамытқан кәсіпкерлер экономикалық белсенділікті арттырып қана қоймай, өңірлік дамуға да үлес қосып отыр.
Сол жандардың қатарынан көрінген тұщықұдықтық азаматтар Нұрбол Шайхиев пен Балтабай Жұмағалиев өз туған өлкесінде жаңа кәсіптің бастамасын қолға алып, жұмысын сәтті бастағанын газетіміздің өткен санында қуана хабарлаған едік. Бұған дейін қалалық жерде құрылыс саласында, нақтырақ айтқанда, полифасад материалымен үйлердің сыртын қаптау ісімен айналысқан қос азамат уақыт өте келе өздерінің ісін туған жерінде дамыту қажеттігін түсінеді. Себебі тәжірибе барысында оларға кездесетін ең басты мәселе — құрылыс материалдарының жетіспеушілігі мен оған кететін артық шығындар болған. Осындай қиындықтарды ескере отырып, кәсіпті өз өңірлерінде бастауға бел буған олар ауданымызда бұрын-соңды болмаған өндіріс орнын – полифасад цехын ашуға шешім қабылдайды. Бұл — бір мезетте үйдің сыртын әрлеп, жылу оқшаулайтын заманауи құрылыс материалы. Бұған дейін қала кезіп, іздеп жүріп әрең табылатын құрылыс өнімі енді ауданымыздан шығатын мүмкіндікке ие болды.
Жалпы кәсіптің бастамасында Нұрбол Чапайұлының зайыбы, көп балалы ана Гүлмира Қабдрахманованың септігі ерекше. Ол мемлекет ұсынған 1 572 800 теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантты жеңіп алып, «Оюлап пішіндеп кесетін аппаратын» сатып алу арқылы жобаның іске асуына үлкен үлес қосты. Қайтарымсыз грантты тиімді пайдаланған Гүлмира бүгінгі таңда осы кәсіптің менеджері ретінде жауапты маман болып еңбек етуде. Осылайша, отбасылық пен достық кәсіпті дәріптеудің озық үлгісін көрсетіп отырған жандар десек артық айтқанымыз емес. Жеке кәсіптеріне «Табыс Строй» деген атау берген ерекше кәсіп иелері өз қолымен шеберлік құрып, өзі қызмет етуден тайынбаған азаматтар алдағы уақытта өрнек тас (брусчатка) шығаруды қолға алып, өндірісті кеңейту жос-парымен де бөліскен еді. Бұл кәсіп тек табыс көзі ғана емес, ауылдың болашағына бағытталған маңызды бастама. Қос жігіттің еңбекке деген көзқарасы мен батыл қадамдары ауыл жастарына нақты үлгі бола алады. Қайтарымсыз грант секілді мемлекеттік қолдауларды тиімді пайдаланып, жаңа кәсіпке жол ашу ел экономикасының тұрақты дамуына, өңірлердің өркендеуіне үлес қосары анық.
Санитарлық шектеулерге мойынсұнбайтын кәсіптердің де тез дамып кетуі содан шығар деген тоқтамға келеміз. Алайда бұл құрылыс материалын өндіру сияқты салаларға қатысты емес, өйткені мұнда тамақ немесе дәрі-дәрмек өндірісіндегі сияқты қатаң санитарлық талаптар жоқ. Осы салаларда кәсіпкерлерге басты назар — технологиялық тәртіп, өнім сапасы мен нарықтағы сұранысқа бейімделу. Сондықтан кейде осындай кәсіптер тез дамып, нарықта белсенді көрінетіндей әсер қалдырады, өйткені оларды қатаң санитарлық кедергілер тежемейді, ал өндіріс көлемін ұлғайту мен жаңа нарыққа шығу әлдеқайда оңай.
Мақаламызды қорыта келе аудандағы өңдеуші өнеркәсіптің дамуы – тек экономикалық көрсеткіштерді арттырудың құралы ғана емес, сонымен бірге жергілікті қоғамның әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ететін, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу арқылы олардың құнын арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін стратегиялық маңызды бағыт болып табылады. Осы саладағы кәсіпкерлік бастамалар мен мемлекеттік қолдаулардың үйлесімі ауданның индустриялық әлеуетін шыңдап, өңірлік дамуға серпін беріп, жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту мен экономикалық өзін-өзі қамтамасыз ету жолындағы сенімді қозғаушы күш ретінде қалыптасып отыр. Ал нәтижесінде өңдеуші өнеркәсіп тек өндірістік белсенділіктің артуына ғана емес, сонымен қатар аймақтың болашағын бекемдейтін, тұрақты даму мен инновациялық шешімдерге бастайтын маңызды факторға айналуы тиіс деп есептейміз.
Еркебұлан ЗИНЕДЕН

