КҮЙ АТАСЫНЫҢ ШӨПШЕГІ

 

Редакциямыздың шығарма-шылық ұжымы биыл тағы бір жас тілшімен толықты. Ол – жас журналист, аққыстаулық  Камилла Құрманғазиева. Күйдің күмбірін күллі далаға таратқан Құрманғазы Сағырбайұлын бүкіл қазақ руханиятының асқар тұлғасы ретінде жақсы білеміз.      Ал біздің кейіпкеріміз  – күй атасы Құрманғазының шөпшегі.

Тарқатып айтсақ, Құрманғазының баласы – Құбаш, немересі – Төлеген, шөбересі – Каким. Ал сол Каким – Камилланың туған әкесі. Яғни, Камилла – тікелей төртінші ұрпағы, Құрманғазының тектік жалғасы.

Биыл Камилла Атырау өңіріндегі беделді оқу орны – Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бо-йынша тәмамдаған. Бүгінде алған білімін тәжірибемен ұштастырып, редакция өміріне белсене араласуда.

Өнер қонған әулеттен шыққан Камилланың өзі де күй өнеріне жаны жақын. Баян аспабын тарта білетін ол музыкаға бала кезінен әуес болған. Әсіресе, Құрманғазы күйлерін тыңдағанда ерекше шабыт алатынын айтады.

– Құрманғазы атамыз – тек біздің әулет үшін емес, күллі қазақ халқы үшін баға жетпес мұра қалдырған дара тұлға. Оның әр күйінен еркіндікке, әділдікке ұмтылған рух сезіледі. Осындай ұлы адамның ұрпағы болу – мен үшін үлкен мақтаныш әрі жауапкершілік. Атама қарап бой түзеймін. Бос мақтан емес, оның атын ұлықтау – ұрпағы ретінде парызым. Музыкаға жақындығым да тегін емес шығар, кейде баян тарта отырып, оның «Серпері» мен «Адайын» тыңдасам, кеудемді ерекше сезім кернейді, – дейді ол өз сөзінде.

Тектінің тұяғы, өнердің өшпес ізін жалғаған ұрпақ бүгін сөз өнері арқылы да елге қызмет етуде.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT