Көктайғаққа байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілді

 

Қаңтардың қытымыр мінезі тағы бір мәрте сақтықты алдыңғы орынға шығарды. Көктайғақ күшейіп, жол қатынасы мен күнделікті тіршіліктің қауіпсіздігіне қатер төнген тұста аудан бойынша жедел әрі нақты шешімдер қабылданды.

Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, білім алушылардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында 15 қаңтар күні ауданымыздағы барлық орта білім беру ұйымдарында 0–11 сынып оқушылары және қосымша білім беру ұйымдары да қашықтан оқыту режиміне көшіріледі. Ал мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмыс тәртібі әр мекеменің өз құзыреті шеңберінде, ата-аналардың жауапкершілігімен ұйымдастырылады.

Ауа райының қолайсыздығы көлік қозғалысына да тікелей әсер етті. Осыған байланысты аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрбол Жампейсов жағдайға тоқталып өтті.

– Автожолдардың тайғақ болуына байланысты жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Зинеден, Исатай, Жанбай, Нарын, Х. Ерғалиев және Тұщықұдық ауылдарына қатынайтын ауыларалық маршруттық тасымал уақытша тоқтатылды. Сонымен қатар, аудан бойынша ауылішілік және кірме автомобиль жолдарында көктайғақтың алдын алу үшін инерттік материал шашу жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда бұл бағытта 2 дана КДМ ауыр техникасы жұмылдырылып, жұмыстар күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр,-дейді бөлім басшысы.

Бөлім басшысының айтуынша, ауа райы тұрақталғанға дейін жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары тоқтатылмайды. Қазіргі уақытта жауапты сала қызметкерлері тәулік бойы кезекшілікке қойылып, жол жағдайы тұрақты бақылауда ұсталуда.

Жол жағдайы жақсарып, қауіп сейілген жағдайда, ауыларалық маршруттық тасымал белгіленген кесте бойынша қайта жандандырылады. Ал әзірге басты міндет – тұрғындардың амандығы мен қауіпсіздігі. Осыған байланысты туындаған уақытша қолайсыздықтарға тұрғындардан түсіністікпен қарау сұралады.

 

Ж.МАНСЫРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT