Қоғам тыныштығы – кездейсоқтық емес, күн сайын атқарылатын жүйелі жұмыстың нәтижесі. Қауіпсіздікті нығайту, заңсыз әрекеттердің жолын кесу бағытында ауданда 9–12 қаңтар күндері аралығында «Қару» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Атауының өзі-ақ оның мәнін аңғартады: басты мақсат – атыс қаруын қолданумен байланысты қылмыстардың алдын алу және қару айналымына мемлекеттік бақылауды күшейту.
Іс-шара барысында тіркелген қаруы бар азаматтардың қаруды сақтау тәртібі жіті тексерілді. Қару-жарақтың арнайы сейфтерде сақталуы, қауіпсіздік талаптарының қатаң орындалуы, сондай-ақ сақтау және алып жүруге берілген рұқсат құжаттарының мерзімі – назардағы негізгі мәселелер болды. Өйткені салғырттықтың соңы кейде орны толмас өкінішке ұрындыруы мүмкін.
Жедел-профилактикалық шараның тағы бір маңызды бағыты – заңсыз айналымдағы қару-жарақтарды анықтау. Тіркелмеген, құжатсыз сақталған атыс қарулары, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды анықтау жұмыстары күшейтілді. Қауіп көзіне айналуы ықтимал мұндай заттардың әрбірі қоғам үшін қатер екені белгілі.
Осы ретте құқық қорғау органдары азаматтарға маңызды үндеу жолдайды: егер заңсыз сақталған қару-жарақ немесе оқ-дәрі белгілі болса, оны өз еркімен полицияға тапсыруға болады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қару мен оқ-дәріні ерікті түрде өткізген азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Бұл – жазалау емес, қауіптің алдын алуға бағытталған мүмкіндік.
Тәртіпке бағыну – тек талап емес, ортақ жауапкершілік. Қару сақтау мәдениеті мен заңға құрмет артқан жерде қауіп те азаяды. «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы осы ұстанымды тағы бір мәрте нақтылап, қоғам қауіпсіздігі әр азаматтың саналы әрекетінен басталатынын көрсетті.
Камилла КАКИМҚЫЗЫ


