Аудандық музей жанындағы «Мирас» өлкетанушылар клубының өткен жыл қорытындыларын қарап, биылғы бес айдағы жұмыс жоспарының орындалысы мен алдағы атқарылатын жұмыстарды саралаған кезекті отырысы өтіп, күн тәртібіндегі негізгі мәселеге орай клуб төрағасы Мәди Өтеғалиев баяндады.
Оның айтуынша, алдымен биылғы жылға клубтың жұмыс жоспары бекітіліп, соған сай жұмыстар ұйымдастырылған. Мәселен, Жеңістің 80 жылдығына орай 1941-1945 жылдардағы Новобогат ауданының мал шаруашылығын өркендету, балық аулау, егін егу, майданға көмектесуі жөнінде облыстық, аудандық архив қорынан материалдар іздестіріліп, жинақталған. Сондай-ақ клуб мүшелері Ресей жерінде қалған боздақтар туралы, Новобогат орта мектебінің құрылуының 50 жылдығына орай мектеп тарихы жөнінде деректе, фотосуреттер жинауға өз үлестерін қосқан. Атырау қаласындағы «Елсана» руханият патриоттық қауымдастығының «Шабыт шандозы» алаңында «Маңдай тер» кітабының авторымен және кітап кейіпкері, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Ж.Мүтиевпен кездесу ұйымдастырылған. Оған қауымдастық мүшелері, ауданымыздың азаматтары, журналистер, Ж.Мүтиевтің ұрпақтары қатысқан. Шараны облысқа есімі белгілі қаламгер, журналист И.Балмағамбетов жүргізіп отырған. «Елсана» патриоттық қауымдастығының төрағасы Н.Дәулетов М.Өтеғалиев пен Ж.Мүтиевке Алғыс хат тапсырған.
Осындай шара Махамбет аудандық орталық кітапханасында да өткізілген. Мұнда «Мұрасы мол мекен» жинағының таныстырылымы, клуб мүшелерімен кездесу болған. Кездесуде Махамбет аудандық мәслихаты төрағасы Қ.Мәжиев, аудан әкімі аппаратының басшысы А.Мұханғалиев, аудандық мәдениет бөлімі басшысы Ж.Дүйсенбаев сөйлеген.
«Мирас» клубы мүшелерінің Жеңістің 80 жылдығына байланысты «Новобогат ауданы -Ұлы Отан соғысы жылдарында» тақырыбында мектеп оқушыларымен, мұғалімдермен кездесулері, оның барысындағы «Тылдағы еңбек тарихы» (М.Өтеғалиев), «Майдандағы жерлестеріміздің ерлігі» (М.Насиханов) туралы тағылымды әңгімелер оқушылардың қызығушылығын туғызған.
Сәуір-мамыр айларында Х.Ерғалиев музейі (М.Тұралиева) Новобогат кенттік кеңесі ауылдарынан соғысқа қатысушыларды насихаттау мақсатында әлеуметтік желіге өмірбаяны, фотосуреттері туралы жазбалар жарияласа, клуб мүшесі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі М.Бектенов Атырау қаласында ғалым, тарихшылардың қатысуымен құмаршық жөнінде өткен шараға қатысқан.
Сондай-ақ «Мирас» клубының бастамасымен Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің ұйымдастырылған Ұлы Отан соғысына қатысушы, тыл және еңбек ардагері, шежіреші Сидеғали Нұрмановтың 125 жылдығына арналған «Ғасырлармен тілдескен ғұмыр» шарасы мазмұнды өтіп, клуб мүшелері М.Насиханов пен М.Өтеғалиев «Сидеғали атаның еңбек және майдан жолы», «Қасиетінен айналайын, Сидеғали ата» тақырыптарында баяндамалар жасаған.
Клуб мүшелерінің бір тобының «Атырау өлкетану оқулары» II облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысып, тақырыптық баяндамалар жасап, сертификатқа ие болуы, баяндамалары жинақ кітапқа енгізілуі де құптарлық. Өлкетанушылардың жергілікті баспасөз бетінде 22 рет мақалалары жариялануы да жұмыстың жандануының бір көрінісі болса,клуб мүшелері қатарының толыға түсуі сүйінішті.
Кезекті жиында алдағы уақытта қасиетті адамдар, өнер дәстүрін жалғастырушылар, басқа да өнегелі тұлғалар туралы, тылдағы еңбек қаһармандары, соғыста елін қорғағандар, өмірде болған ерекше оқиғалар мен оның куәгерлері («Ел есіндегі есімдер» жобасына қосымша) туралы жаңа деректер жинақтауға тапсырмалар берілді, басқа да ұйымдастырылуы тиіс жұмыстар пысықталды. Оның ішінде клуб мүшелеріне төсбелгі мен куәлік дайындауға байқау жариялау, алдыңғы кітапқа енбеген тарихи тұлғаларды іздестіру, өңіріміздегі көне қорымдар мен тарихи жерлерге экспедиция ұйымдастыру, клуб мүшелерінің парақшасын ашу, болашақ кітаптың жоспарын жасақтау бар.
Отырыста клуб мүшелерінің ұсыныс-пікірлері де тыңдалып, жыл соңына дейін бірлесіп жүзеге асырар жобалар белгіленді, әрбіреуіне жауапты клуб мүшелері тағайындалды. Соңында клуб мүшелері аудандық архивте болып, архив қорымен, қызметкерлерімен танысты. Архивте 1939 жылдан басталатын 98 қор материалдары бар екен. Өлкетанушылардвң көптеген сұрақтарына аудандық архив бөлімінің басшысы Махизада Жақсымбетова толыққанды жауаптар берді.
Аяпберген ТІЛЕПБЕРГЕНҰЛЫ,
өлкетанушы, клуб мүшесі