Таяуда ғана аудан әкімі Нұрым Мусин, аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов, аудандық мәслихат хатшысы Аманжол Рахметов, Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі Айбатыр Бекішұлы, аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Рухолла Такенов, Жанбай ауылдық округінің әкімі Дидар Есмұхановтан құралған топпен бірге Айбас өңіріндегі малшылармен кездесіп қайттық. Аудан әкімінің жұмыс жоспарына сай ұйымдастырылған іссапары екі күнге созылды.
–Ауданымызда мал өнімдерінде (ет, сүт) және мал санында өсім бар. Мәселен, биылғы жылдың 9 айлық көрсеткіші бойынша аудан бойынша 4323,1 тонна ет өндірілсе, сүті 2337,7 тоннаны құрап отыр. Төрт түліктің саны да өсуде. Соның ішінде мүйізді ірі қара -29045, қой-ешкі -32812,жылқы -24098, түйе 10885 бас болып отыр. Өткен жылдармен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 99840 басқа өсті деген сөз. Ауданда 378 шаруа қожалығы тіркелген, оның 361-і жұмыс жасап тұр. Биылғы жылдың 9 айында сатып алынған ет және ет-сүт бағытындағы отандық асыл тұқымды 55 бас бұқаға 24 шаруашылыққа 7 950,0 мың теңге субсидия, ірі қара малдың отандық асыл тұқымды аналық басын сатып алғаны үшін 3 шаруашылыққа 111 басқа 16 650,0 мың теңге, түрлендіру жұмыстарына, ірі қара малдың тауарлық аналық басына 33 шаруашылыққа 3069 басқа 30 690,0 мың теңге субсидия, ірі қара малдың асыл тұқымдық аналық басына 4 шаруашылыққа 785 басқа 11, 775,0 мың теңге субсидия төленген. Барлық төленген субсидия – 67 065,0 мың теңге. Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеуді субсидиялау бойынша 3 шаруашылыққа 4 ауыл шаруашылығы тракторын сатып алғаны үшін 14 730,0 мың теңге және 1 шаруашылыққа МІҚ малын бекітуге арналған құрылғыға 297,0 мың теңге субсидия төленген. Барлық төленген субсидия – 15 027,0 мың теңге. Жеке тұрғындар мен шаруа қожалықтары бойынша мал қыстағына қажетті 81,2 мың тонна мал азығының 73,4 мың тоннасы немесе 90,4% дайындалды (22 қазанға дейін). Құм өңірінде мал өсіруге қолайлы жерлердің мол екенін байқадық. Жаңбырдың болмауы шөптің аз болуына әсер еткенмен, әр шаруагер өзіне қажетті мал азығын тасып алып жатыр екен. Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде шаруагерлердің тұрмыс- тіршілігі едәуір жақсарған,-деді аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов.
Жалпы, жоғарыда аудан әкімінің орынбасары айтқандай, құм өңіріндегі шаруагерлердің әлеуметтік тұрмыс-тіршілігі бұрынғыға қарағанда біраз жақсарғанын айта кетуіміз керек. Оған талай рет іссапармен құм өңіріне барғанымызда куә болғанымыз бар.
Түс әлетінде жүйріктей жүйткіген көлігіміз ауыл орталығынан сексен шақырымдай қашықтықтағы «Насихан» елді мекенінде төрт түлік өсіріп, атакәсіппен айналысып жатқан тұщықұдықтық шаруагер Сәбит Қуанышқалиевтың үйіне ат басын тіреді. Аңқылдаған Сәбекең амандық-саулықтан соң, топ мүшелерін жаңадан тұрғызып алған баспанасына қарай бастады. Аудан әкімі Нұрым Мусин құм өңіріне іс сапардың сәті бүгін түскенін айтып, шешілмей жүрген қандай мәселелері бар екеніне тоқталды.
Шаруагер Сәбит Ибраимұлы жазғы уақытта жаңбырдың болмауынан жем-шөптің жылдағыдай дайындалмауы және тұщы судың тапшылығы, ауыз суды кейбір малшылар орталықтан тасымалдап отырғанын,өңірде жабайы аңдардың көптігі және аңдардың төрт түлік басына жиі шабуыл жасайтындығы, қасқыр аулайтын аңшы керектігі, орталықпен байланысты (ұялы телефон) жақсарту, экологияның нашарлап бара жатқаны, құм өңірінен жайлау тойын өткізу, шаруагерлердің басын қосып, ақылдасатын орталық пен медпункт ашу, мәдени-көпшілік шараларын жандандыру керектігін де тілге тиек ете кетті. Ал, шаруагер Кенжебек Қалешов жемшөп тасымалдау қиындығын айтса, Жұмабек Әбішев құдық суларының ашып бара жатқанын қаперге берді.