Құм Нарында күй күмбірлеп, ән әуеледі

 

Ауылдың мәдени өмірінің тұтқасы – сол ауылдағы мәдениет ошақтары. Соның ішінде ауылдық мәдениет үйлерінің орны бөлек. Әрине, оның бөлектігі ондағы жұмыстың жүруіне тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда жанында халық театры жұмыс жасайтын, бірнеше өнер ұжымдары мен үйірмелері бар Нариман Үлкенбайұлы атындағы Тұщықұдық ауылдық мәдениет үйінің жұмысы соңғы уақытта жандана түскені рас. Ауылдастар болса оны биылғы сәуір айында аталған мәдениет ошағының тізгінін ұстаған өнер жанашыры Мақсот Ислаттың келуімен байланыстырады. Оның күні кеше құм өңіріне үлкен концерттік сапар ұйымдастыруы да жұрттың аузында жүр. Осыдан кейін біз де мәдениет үйінің директорымен аз-мұз әңгіме-дүкен құрдық.

-Ауылда туып, ауылда өскенмен, одан біраз уақыт сырт жүріп қалған кісіге ауыл тірлігіне бірден тікелей араласып кету қиындау емес пе екен?

-Ауылда тудым, ауылда өстім. Ауылда болғанда кәдімгі қырдағы үйде, әжемнің қасында, аттың үстінде малдың артында өскенмін. Қанжығамдағы кітапты оқи жүріп мал бақтық. Шынымды айтсам, мен ауыл, ауданымыздағы жылт еткен жақсылыққа, оның өміріндегі титтей болса да жетістікке қуанатын азаматтарының бірімін. Соның ішінде өзім мәдениетке, өнерге жақын жүретіндіктен ауыл, ауданның мәдениетіне нағыз жанашыр едім. Тіпті, өзімді соған қызмет етуге дайынмын деп есептейтінмін. Оның үстіне кітапты көп оқитын маған Өзбекәлі Жәнібековтің «Мәдениет майданы» атты кітабын оқып, кейін қазақ мәдениетінің үлкен жанашырлары сол Өзбекәлі ағамыз, Илияс Омаров ағамыз туралы кітаптарды оқығаннан кейін де олардың мәдениет үшін тер төккен қызметтеріне қаныға түсіп, өзім де ауыл мәдениетінің өркендеуіне неге атсалыспасқа дегендей ойлар келетін болды. Осы ойлар ауылда қызмет етуге жетеледі, мәдениетке, өнерге деген махаббатпен шынайы жұмыс жасауды қаладым, соған өзімді дайынмын деп есептедім.

Солай деп есептеп, қиынына да, қызығына да көнуге дайын болғасын ба, ауылдың мәдени өміріне бірден араласып жүре беру маған оншалықты қиындық келтірмеді. Әрі талай-талай тарландардың тері сіңіп, табан ізі қалған, қолтаңбасы танылған осынау ошақтағы қазіргі еңбек ұжымы да үлкен қолдау танытып келе жатқанын, бәріміз бірлесе жұмыстануға үйреніп қалғанымызды айтқым келеді. Айта берсем әңгіме көп, бірақ мақтанғандай болмайын...  

 

 

-Қашаннан өнер қонған Тұщықұдықтың мәдениет үйіне басшылық жасау кімді де болсын сынары белгілі. Яғни  бұл үлкен жауапкершілік жүктейді дегенім ғой. Соған тәуекел еттің, ауыл қалай қабылдап жатыр?

-Иә, өнер қонған бұл ауыл осы мәдениет ошағына басшылық еткен талай абзал ағалардың қызметіне қанық болған ғой. Сондықтан бұл қызметте жауапкершілік көптігін, өзімді сынайтынын әу бастан біліп келдім. Қазір сынап та жатыр. Былайынша айтқанда, менде жұмыс жасауға деген құлшыныс та, қорқыныш та бар десем болады. Құлшыныс мәдениетке қызмет қылу деген талпынысымнан, тұрғындары саны жағынан аудандағы үлкен округтердің бірі саналатын мұндағы ауылдастардың ынтымақты тірлігінен, адамдарының жағдайды жақсы түсініп, салмақтай білер қалпынан туындап жатыр десем болады, соның өзі маған үлкен қолдау болды. Осы аз уақыт ішінде жөнді, жолды білетін, мәністі білетін көптеген жандарды кезіктірдім, соған қуандым. 

 

 

-Театрдың киім ілгіштен басталатыны сияқты, мәдениет үйінің жұмысы мәдени шараларымен, оның мазмұндылығымен өлшенеді. Қызметке келгеніңе көп болмаса да біраз жұмыстар жасалынып жатқанынан хабардармыз. Жалпы, алдағы жоспар-жобалар қандай?

-Иә, жұмыстар жасалынып жатыр. Әрине, бірінші кезекте қолға алынған қай жұмыстың да мазмұндылығына мән береміз. Өйткені халық бәріне сыншы. Сол себепті де біздің жұмысымыз тек бір атақ үшін емес, ауыл үшін, ауылдастар үшін деп жасалады. Оны осылай дұрыс түсінетіндер аз емесін сезем.

Алда көптеген жоспарларымыз бар. Осы мәдениет үйінің өзінің шараларымен қоса, одан бөлек Мемлекет басшысының бұл жылды еңбек адамдарының, жұмысшылардың жылы деп арнауына байланысты қарапайым еңбектің адамдарының көңілінен шығар шараларды да қамтуды ойға алып, соны жүзеге асыруға тырысамын. Мәдениет үйі жанындағы халық театрының қойылымдар дайындауына да ден қойып, бұл бағытта көрерменге ұсынар дүниемізді көбейтуді де ойлап отырмыз, соған сай жос-пар-жобаларымыз бар. Тағы бір ойдағы нәрсе - тарихы терең Тұщықұдық ауылының мұражайын жасақтау. Мәдениет үйі жанына халықтық оркестр де құру ойда. Оларды тек құрып қана қою емес, өзгелер танып-білетіндей дәрежеге жеткізу – мақсат. Мұның бәрі де өз алдына бөлек-бөлек дүниелер, оның орындалуы да оңай болмас, бірақ соған талпыныс бар, тәуекел де бар. Қазақта «арық айтып, семіз шық» деген сөз бар емес пе, сол айтқандай, біз ананы жасаймыз, мынаны оқсатамыз деп жалаулатқым келмейді, бәрін уақыт көрсетер деген ойдамын.  

 

 

Жалғасы газеттің №26 (4239) санында

 

Сұхбаттасқан: Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT