КӨРІСУ – БІРЛІККЕ БАСТАЙТЫН ДӘСТҮР

«Өлмеген құлға болды жаз» деп мәре-сәре болатын мезгілі жылылығын ала жетті. Туған жерге тағы бір көктем оралып, жер жібіп, қардың суы сіңіп, түс әлетіндегі май тоңғысыз шуақ мамыражай күндердің жақындап келе жатқандығын сезіндіре түседі. Үйден шықпайтын үлкендердің өзі де терезеден тысқа үңіле түсіп, «және бір көктемге жеттім, және бір жасқа шықтым» деп күбірлейді іштей.

Енді, жігіт-желең, қыз-қырқынның ауыл-ауылдарда үлкендерге арнайылап барып амандасып, есен-саулығын сұрасып, әңгіме дүкен құрасып, тілеулес ниетін танытып, жайсаң қылығымен байытып кететін күні де босаға аттар сәт таялды. Қазақтың көрісуінің болмыс-бітімі - осы. Бұл - халықтық қалпымызды бұзбайтын, алғыс-тілегі азбайтын, кеше мен бүгіннің жалғастығын қозғайтын жақсы бір дәстүр саналғалы қашан?!

Осы бір тәлімді де тағылымды тұсы басым көрісу жайлы әркім әртүрлі айтатынын жоққа шығара алмаймыз. Біреулер оны мереке десе, екіншілері онымен келіспейтін өз уәждерін көлденең тартады. Бірақ, солардың қай-қайсысы да, көрісу мереке болсын-болмасын, ең алдымен, ол біздің берекелі тірлігіміздің бір бөлігіне айналғандығын мойындайды. «Әр елдің салты басқа...», кең-байтақ қазақ даласының әр тұсында оның халықтық қалпынан тін тартқан түрлі дәстүрлердің болуы заңды ғой. Біздің көрісуіміз соның біреуі әрі бірегейі ғана. Бір ғажабы, әлгі әртүрлі пікірлер осы тұста ортақ мәміле тауып жатады.

«Алдымыз – жаз» деп қуанған ағайынның арқа-жарқа шағы әз Наурыз мейрамы қарсаңындағы қуанышты көңіл толқыны да іспетті ме, қалай?!

Көрісуге келдім де,

Жазға аман-сау ердім де.

Бөлектігін біл бала

Үлкені бар төрдің де.

Күн жаңарып жатқанда,

Таң қызарып атқанда,

Үлкендерге алдымен

Сәлеміңді бердің бе,

Өнегесін тердің бе?

Сіз, біз болып тілейік

Амандығын елдің де,

Есендігін ердің де,

Тұтастығын жердің де...-деп тақпақтайтын қазіргі кішкентайларымызға қарап тұрып та көрісудің кем іс емес, кең іс екенін екшей түсеміз.

Жалпы көрісудің кем іс еместігін сөз еткенде көп жайт ойға оралады. Алдымен, мұнда сыйластық бар. Үлкеннің кішіге арнайылап барып хал-жайын білуі соның айғағы, яғни үлкенді сыйлау, құрметтеу сияқты қазақи қалпымыз бар.

Көрісуде ынтымақ пен бірлік бар, күн жылт етіп, жер аяғы кеңи бастасымен ауыл-елді аралап, амандығын білуден ынтымақты бірлік, тату тірлік аңдалады.

Көрісуде шынайы қуану бар. Жаңа бір жылға иек артар тұста үлкендердің аман-сау ортамызда отыруы қуаныш саналу да көрісуде көрініс тауып келеді.

Ақыр соңында, көрісуде үлкен-кішінің бір-бірінің амандығына тілеулестік, бір кездері ауыл арасы жырақ болып, қыстың көзі қырауда шаруа қамымен жүріп, араластың аз болуы себепті қатыса алмай қалғандықтан дүниеден озып кеткендердің орнына көңіл айту, тағы басқа жанашырлық көріністерін де көрісуден көптеп көруге болар еді. Осының бәрін ой тезіне салған ағайынның ішінде көрісуді кем іс емес, кең іс санаған біздің пікірімізбен келіспейтіндер болмас деп есептейміз.

Әркезде әз Наурыздың алдын ала жетіп, 14 наурызда алабөтен көңіл-күй аңдататын көрісуімізге аз уақыт қалды. Ендеше бір жасыңызбен, ауылдас!

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521