Ел Президентінің Жарлығына сай әкімдердің халықпен кезекті кездесуі, яғни биылғы бірінші тоқсандағы басқосу Тұщықұдық ауылында өткен жұма күні түстен кейін болды. Жиынды аша отырып, жұртшылықпен жүздесудің мәні мен маңызына тоқталып өткен аудан әкімі П.Хасанов алдымен өзі мінберге көтерілді. Әдеттегідей, баяндамасын жиналғандарды өткен жылы ауданда, соның ішінде Тұщықұдық ауылдық округінде де атқарылған жұмыстармен таныстырудан бастаған аудан басшысы бәрін сала-салаға жіктей қысқаша тоқталды.
-Халықтың ұзақ жылдан күткен жазғы су желісін жүргізуге қаржы бөлінді, мемлекеттік сатып алу, тендер жеңімпазы анықталып, мердігер мекеме айқындалғаннан кейін жұмыс басталады,-деді биыл жүзеге аспақ жұмыстардың жайын тілге тиек еткен аудан әкімі. Білгеніміздей, бұл Тұщықұдық, Қамысқала, Жанбай ауылдарында жүзеге аспақшы. Сондай-ақ Тұщықұдық ауылы бойынша санитарлық-тазалық жұмыстарына өткен жылдан назар аударылған, алаңшалар жасақталып, қойылып жатыр. Бұл биыл да жалғасады. Жұртшылықты қуантқан бір жайт Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектепке жүргізіліп жатқан жапсаржай құрылысының аяқталып,алдағы наурыз айында пайдалануға берілуі көзделіп отырғаны болды. Биыл жүзеге аспақ және бір жұмыс ауылда күнбатыс бөлігінен кіші аяқдоп алаңы мен балалардың ойын алаңын салуға жер бөлініп, қолға алынатын болғаны. Ауылдың Разведка ықшамауданынан тұрғындар сұранысына орай бастауыш мектеп құрылысын салу жоблары, оған бюджеттік өтінім беріліп жатқаны, бұл нысан облыстық білім беру басқармасына өтіп, жобаның соған жолданып, тапсырыс сол арқылы жүзеге асатын болғаны да елді елең еткізгені рас. -Ең бастысы,-деді П.Хасанов,-өзімнің бақылауымдағы мәселе – ауылішілік 8,6 шақырым жолды толықтай аяқтау. Мердігер мекемеге көп жұмыстар байланысты болып тұр. Жұмысын талап тұрғысында жасамаса, қолымыздан келетіні - сотқа талап арыз беру. Сот міндеттейді, айыппұл салады немесе келісім шартты бұзады, лайықсыз деп табады, шешімдер қабылдайды. Бірақ, мердігер мекемемен соттасудан біз ештеңе ұтпаймыз. Тек уақытымызды жоғалтамыз да,-деген ол Қызыл үй каналын жөндеудің толықтай аяқталып, енді ауданымызға келетін судың негізгі көзі кешегі кеңес дәуірінен бері жөндеу көрмей келген Нарын мен Бақсай каналдарын жөндеу қолға алынып жатқанын жан-жақты баяндап берді. Айтылғандай, Нарын каналын толықтай жөндеу жұмысының жобалық сметалық құжаттамасы жасақталып болып, қазір экологиялық экспертизадан өтуде.
Ал биыл Бақсай каналына жүргізілетін толықтай жөндеу жұмыстары жүйе бастауын алатын Махамбет ауданында бастау алып, Таңдай ауылына дейінгі жұмыстары жүргізіліп келе жатыр екен. Осыдан кейін аудан басшысы өткен жылдың төртінші тоқсанындағы Тұщықұдық тұрғындарымен кездесу барысында айтылған ұсыныстар мен қойылған сауалдардың, қозғалған мәселелердің орындалысынан құлағдар қылды. Одан белгілі болғанындай, мәселен, тұрғын Мархамет Еспағамбетов Қызыл үй елді мекеніне тартылып жатқан газ желісіне жолдағы шаруа қожалықтарының да қосылуына ықпал ету мәселесін шешуді сұраған. Сұрақ иесіне сол жолы да жауап беріліпті, тоқетері бұл Қызыл үй мен Жасқайратқа газ желісін тарту жұмыстары аяқталғаннан кейін мүмкін болмақшы, газшілердің беріп отырған уәдесі осы. Ал тұрғын Тұрлан Мажановтың ауылға жазғы су желісін тарту мәселесі оң шешіліп жатқаны баяндамада да көрініс тапқан еді. Қызыл үй елді мекеніндегі медпунктті автокөлікпен қаматамасыз ету жөнінде сауалға орай биыл Тұщықұдық ауылдық емханасына жаңа көлік беріліп жатса, сонымен лаждай тұруға тура келетіні айтылды. Айбас елді мекенінде мал бағып отырған азаматтар Тұщықұдық ауылдық округіне медициналық ұйымға тіркеуді сұраған, ол бойынша тиісті шараларын алынатын болған, бастап жүргізіп те жатыр екен. Қызыл үй елді мекені көшелерін жарықтандыруға байланысты тұрғын сауалына орай ол үшін тиісті жобалық-сметалық құжаттама жасақтауға сұраныс берілгені, қаржы бөлінген жағдайда жүзеге асатыны белгілі болды. Сол жүздесудегі ауыз суға мемлекет тарапынан субсидия бөлу, Қызыл үй мен ауылы арасына жол салу мәселелеріне байланысты да қолға алынып, қозғау салынып жатқан жағдайлар бары назарға берілді.
2022 жылы Тұщықұдық ауылы бойынша атқарылған жұмыстардың басым көпшілігі аудан әкімінің баяндамасында айтылып кеткендіктен те оған көп тоқталып жатпай, тек кейбір деректерді көптің назарына бере кеткен ауылдық округ әкімі Айбатыр Бекішұлы төртінші тоқсандағы кездесуе айтылған, ауылдық округ әкімдігі деңгейінде орындалатын ұсыныс-пікірлердің жай-жапсарын ауылдастарымен бөлісті. Оның қайсыбіреулеріне сол жерде жауаптары берілгеніне тоқталған ол ауылдық емхана жұмысын жүйелеу турасындағы пікірге орай қазір жөнделген ғимаратына қайта көшірілгенін, компьютерлері жұмыс жасап тұрғандығын, дәрі-дәрмекпен қамтылуы жөнінде аудандық аурухана басшысы жауабын бергендігін жеткізді.
Ауылдық округке учаскелік полиция инспекторын бөлу жөніндегі ұсынысқа орай аудандық ішкі істер бөліміне хат жолданып, қазір ауылда екі учаскелік полиция инспекторы бөлініп, қызмет қылып жатқанын да айтты, Разведка ықшамауданына такси тұрағын жасақтау туралы сауалға орай тиісті мекемелер жол құрылысы аяқталғаннан кейін жүзеге асырмақ ниетте екендігін де қаперге берді. Бұл жолы да тұрғындар арасынан өздерін толғандырған мәселелер жөнінде ой-пікір, ұсыныс-тілектерін білдірушілер болмай қалмады. Олар, негізінен алғанда, көше жарықтары, ауданда акушер гинеколог дәрігердің жетіспеушілігі, Қызыл үй ауылына жол салынғанынша көлікке жүріп-тұруға қиындық келтіретін жерлерін ыңғайлы жасауды қолға алу, бала тәрбиесіне көп болып атсалысу, мәдениет үйінің жылу жүйесін жасақтау, тиісті заңдылықтарға сай штат санын ұлғайту, теңіз суының қайтып кетуі салддрынан көтеріліп жатқан тұзды топырақтың жолын бөгеудің қамын жасау, Бақсай каналы бойындағы кейбір шаруа қожалықтарының канал жағалауының өздеріне тиесілі емес жерлерін де қоршап алып, ауыл тұрғындарының жүріп тұруына, малдарының жайылуына кедергі келтіруін болдырмау, ауылдың күнбатыс жағындағы инфрақұрылымы жүргізілген жерлерден баспана тұрғызып, қоныстана бастағандарды тоқ көзіне қосу, басқа да мәселелер еді. Олардың қайсыбіріне сол арада жауап берілгенімен, негізінен бәрі де кездесу хаттамасына енгізіліп, назарда ұсталынатын болды. Нәтижесі екінші тоқсандағы тұрғындармен кездесуде белгілі болмақ.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР