Бұл зерттеу нәтижелері Қазақстан қоғамындағы Президент институтына деген сенімнің айтарлықтай жоғары екенін көрсетеді. Әсіресе жастар арасында (18-29 жас) қолдау көрсетудің 90%-дан асуы – ел болашағына сенімнің белгісі. Бұл көрсеткіш қазіргі мемлекетті басқару жүйесінің жастарға бағдарланып, олардың үніне құлақ асуға тырысатынын аңғартады.
Сонымен қатар ауыл тұрғындарының қала халқына қарағанда сәл жоғары сенім білдіруі – ауыл мен өңірлерде мемлекеттік саясаттың нәтижелері көрініс тауып жатқанының дәлелі. Әсіресе құқық қорғау, білім беру, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы сынды негізгі салалардың өкілдері арасындағы сенімнің жоғары болуы – бұл салаларда реформалардың нақты нәтиже беріп жатқанын көрсетеді.
Мұндай тұрақты сенім – мемлекеттің ішкі тұрақтылығы мен болашақтағы дамуына серпін береді. Ең бастысы – бұл көрсеткіштер мемлекеттік институттар мен халық арасындағы сенімді диалогтың бар екенін білдіреді.
Әсел ТАБИҒАТҚЫЗЫ