Қоғамдық тәртіп - ортақ мүдде

 

Қоғамның тыныштығы да, адамның күнделікті еркін жүріп-тұруы да – айналып келгенде қоғамдық тәртіптің берік орнауына байланысты. Тәртіп бар жерде ғана бейбіт өмірдің мәні артып, азаматтың құқығы қорғалады, ал жауапкершілік пен мәдениет қатар қалыптасады. Бүгінгі қауіп-қатері көп заманда бұл ұғымның салмағы бұрынғыдан да ауыр.

Исатай ауданында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында соңғы жылдары тың серпін байқалады. Құқық бұзушылықтың алдын алу, тұрғындармен бірлескен профилактикалық жұмыс жүргізу, жастарды заңға құрметпен қарауға баулу – мұның бәрі полиция қызметінің күнделікті, тұрақты міндетіне айналған. Әсіресе қылмыстың азаюы мен тұрғындардың өз қауіпсіздігіне деген сенімінің артуы – жүйелі еңбектің айқын көрінісі.

Осы ретте ауданымыздағы құқықтық тәртіптің бүгінгі ахуалы, жаңа тәсілдер мен алдағы міндеттер туралы кеше ғана аудандық полиция бөліміне басшылыққа тағайындалған полиция подполковнигі Манарбек Ғаділбекұлы Үмбетәлиевпен кеңінен әңгімелескен едік.


–Манарбек Ғаділбекұлы, соңғы уақытта ауданда қылмыс деңгейінің төмендегені айтылуда. Дегенмен биыл қанша құқық бұзушылық тіркелді? Ең жиі кездесетін әрекеттердің себебі  неде?

– Иә, биыл ауданда қылмыс деңгейінің төмендеуі – оң көрсеткіш. Соған қарамастан, жыл басынан бері бірқатар құқық бұзушылықтар тіркелді. Осы жылы аудан көлемінде 55 құқық бұзушылық тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылы (2024 жылы - 57) дерекпен салыстырғанда біршама төмен. Сондай-ақ тіркелген қылмыс саны - 46. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9,8  пайызға азайған. Көбіне ұсақ бұзақылық, қоғамдық тәртіпті бұзу, жол қозғалысы ережелерінің сақталмауы және тұрмыстық негіздегі келеңсіздік жағдайлары орын алып отыр. Мұндай құқық бұзушылықтардың негізгі себептері – алкогольге тәуелділік, тұрмыстық кикілжіңдер, жастар арасындағы жауапкершіліктің жеткіліксіздігі және құқықтық сауаттылықтың төмендігі.  Ауыл тұрғындарын алаңдататын мәселелердің бірі – алаяқтықтың жиілеуі. Алаяқтықтың негізгі себептері ретінде цифрлық сауатсыздық, халықтың қаржылық мәселелерге бейімділігі, сондай-ақ құқық қорғау органдарының алдын алу шараларының жеткіліксіздігі аталады. Осыған байланысты полиция бөлімінің басшылығы ауыл тұрғындарымен профилактикалық жұмыс жүргізу бойынша шараларды күшейтуді шешіп, түрлі кездесулер мен БАҚ арқылы түсіндірме жұмыстарын қолға алды.

 

– «Қауіпсіз жол» және «Заң мен тәртіп» жобаларының маңызы жоғары екені белгілі. Осы жобалар аясында қандай ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде?

–Сіз атап өткен бұл жобалар – құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған маңызды бастамалар. Сол заң шеңберінде халықпен көптеген профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Мектептер мен мекемелерде кездесулер ұйымдастырамыз, жол ережелерін бұзбау жөнінде рейдтер өткізіледі. Сонымен қатар әлеуметтік желілер мен жергілікті ақпарат құралдарында құқықтық кеңестер жарияланып, азаматтар үшін «Ашық есік күндері» өткізіледі. Қоғамның құқықтық мәдениетін арттырып, құқық қорғау жүйесін жетілдіру – баршаға ортақ міндет.Осы жылда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде ол  «Заң мен тәртіп»  туралы былай деп атап өткен еді. «Заң – әр адамның құқығы мен бостандығының қорғаны. Біз осы ақиқатты терең түсінетін азаматтық және мәдени орта қалыптастыруымыз қажет. Тәртіп жалпыға ортақ құндылыққа, ал заңға бағыну  әркімнің өмір салтына айналуға тиіс. Мемлекеттік аппарат пен бүкіл қоғам жұмылып жұмыс істесе, еліміз көздеген мақсатына жетеді. Озық ойлы ұлт болу үшін әдептілік, өзара құрмет, ұстамдылық, сыпайылық сияқты қасиеттерді барынша дәріптеген жөн. Азаматтарымыз әдеп пен заңды мәжбүрлікпен емес, саналы түрде сақтауы керек. Заң мен тәртіп басты құндылыққа айналса, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, есірткі саудасы, лудомания сияқты қатерлердің тамырына балта шабылады»,- деген ол өскелең ұрпақтың бойына жасампаздық қасиеттерді сіңіріп, оларды тәртіпке баулу қажеттігін де тілге тиек еткен еді. Мұның бәрі тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыруға ықпал етеді. Мемлекет басшысы айтқандай, әділетті әрі қауіпсіз Қазақстанды құру үшін заң мен тәртіп үстемдігін түбегейлі орнықтыру керек. Бұл – барша азаматтың мүддесін, құқығы мен бостандығын қорғаудың мызғымас тірегі.

 

– Жастар – ел болашағы. Қазіргі таңда олардың арасында қылмыс деңгейі қалай?

– Соңғы жылдары жас-тар арасындағы құқық бұзушылықтың азайғаны байқалады. Дегенмен толығы-мен шешілген мәселе емес. Көбіне тіркелетін фактілер – ұсақ бұзақылық, жол ережесін бұзу, қоғамдық орындардағы тәртіпсіздік және интернет кеңістігіндегі құқыққа қайшы әрекеттер. Бұлардың негізгі себептері – бос уақыттың тиімді пайдаланылмауы, бақылаудың аздығы және виртуалды кеңістіктің теріс ықпалы.

 

– Полиция бөлімінің қоғаммен байланысы қалай? Жаңа бастамалар бар ма?

– Қоғаммен тығыз байланыс – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Осы мақсатта учаскелік инс-пекторлар тұрғындармен тұрақты негізде жұмыс істейді, әлеуметтік желілер арқылы жедел байланыс орнатылған. Тұрғындардың өтінішіне жедел әрекет ету үшін «жедел желі» қызметі іске қосылды. Мектептерде, ауылдық округтерде, ұйымдарда жүйелі кездесулер өтіп тұрады. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жол қауіпсіздігі және құқықтық мәдениетті көтеруге бағытталған жаңа ақпараттық жобаларды енгізудеміз.  Аудандық полиция бөлімі өз жұмысында қоғам өкілдерін тартуды бас-ты бағыт ретінде белгілеген. Полицияның қызметі тек құқық бұзушылықты анықтап қана қоймай, оның алдын алуға да бағытталған. Бұл үшін ауданның әртүрлі қоғам топтарымен тығыз байланыс орнатылып, бірқатар шаралар ұйымдастырылуда. Мысалы, полиция діни қызметкерлермен, ақсақалдар кеңесімен, кәсіпкерлермен, спорттық ұйымдармен және мәдени орталықтармен бірге жұмыс істейді. Бұл бағыттағы бірегей бастамалардың бірі – діни қызметкерлермен жүргізілетін ынтымақтастық. Мешітке келушілермен, отбасылық зорлық-зомбылық, спирттік ішімдіктер мен есірткі қолдану сияқты мәселелер бо-йынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Ақсақалдар кеңесі де қоғамды тәрбиелеу мен құқықтық түсіндіру жұмыстарында маңызды рөл атқарады.

 

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан: Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT