Қоғамның тыныштығы да, адамның күнделікті еркін жүріп-тұруы да – айналып келгенде қоғамдық тәртіптің берік орнауына байланысты. Тәртіп бар жерде ғана бейбіт өмірдің мәні артып, азаматтың құқығы қорғалады, ал жауапкершілік пен мәдениет қатар қалыптасады. Бүгінгі қауіп-қатері көп заманда бұл ұғымның салмағы бұрынғыдан да ауыр. Исатай ауданында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында соңғы жылдары тың серпін байқалады. Құқық бұзушылықтың алдын алу, тұрғындармен бірлескен профилактикалық жұмыс жүргізу, жастарды заңға құрметпен қарауға баулу – мұның бәрі полиция қызметінің күнделікті, тұрақты міндетіне айналған. Әсіресе қылмыстың азаюы мен тұрғындардың өз қауіпсіздігіне деген сенімінің артуы – жүйелі еңбектің айқын көрінісі. Осы ретте ауданымыздағы құқықтық тәртіптің бүгінгі ахуалы, жаңа тәсілдер мен алдағы міндеттер туралы кеше ғана аудандық полиция бөліміне басшылыққа тағайындалған полиция подполковнигі Манарбек Ғаділбекұлы Үмбетәлиевпен кеңінен әңгімелескен едік.
–Манарбек Ғаділбекұлы, соңғы уақытта ауданда қылмыс деңгейінің төмендегені айтылуда. Дегенмен биыл қанша құқық бұзушылық тіркелді? Ең жиі кездесетін әрекеттердің себебі неде?
– Иә, биыл ауданда қылмыс деңгейінің төмендеуі – оң көрсеткіш. Соған қарамастан, жыл басынан бері бірқатар құқық бұзушылықтар тіркелді. Осы жылы аудан көлемінде 55 құқық бұзушылық тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылы (2024 жылы - 57) дерекпен салыстырғанда біршама төмен. Сондай-ақ тіркелген қылмыс саны - 46. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9,8 пайызға азайған. Көбіне ұсақ бұзақылық, қоғамдық тәртіпті бұзу, жол қозғалысы ережелерінің сақталмауы және тұрмыстық негіздегі келеңсіздік жағдайлары орын алып отыр. Мұндай құқық бұзушылықтардың негізгі себептері – алкогольге тәуелділік, тұрмыстық кикілжіңдер, жастар арасындағы жауапкершіліктің жеткіліксіздігі және құқықтық сауаттылықтың төмендігі. Ауыл тұрғындарын алаңдататын мәселелердің бірі – алаяқтықтың жиілеуі. Алаяқтықтың негізгі себептері ретінде цифрлық сауатсыздық, халықтың қаржылық мәселелерге бейімділігі, сондай-ақ құқық қорғау органдарының алдын алу шараларының жеткіліксіздігі аталады. Осыған байланысты полиция бөлімінің басшылығы ауыл тұрғындарымен профилактикалық жұмыс жүргізу бойынша шараларды күшейтуді шешіп, түрлі кездесулер мен БАҚ арқылы түсіндірме жұмыстарын қолға алды.
Жалғасы газеттің №49-50 (4263) санында
Сұхбаттасқан: Сағыныш ҚАЙЫР


