ҚОЙ ҚОЗДАП, БОТА БОЗДАП, ҚОРАДА ШУ...

 

Күні бүгін ауданда қатқыл мен құмды қоныс еткен үш жүз сексен үш шаруа қожалығы бар. Олардың бесеуі асыл тұқымды мүйізді ірі қара малын өсіруде. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінен алынған мәлімет бойынша мүйізді ірі қара малы - 30958, оның аналығы 17185 бас, жылқы - 28720, аналығы 17061 бас, түйе  – 10906, аналығы 6195 бас. Ал ұсақ жандық, яғни қой-ешкі  39902 болса, аналығы 24844  басты құрайды.

Түлік төлден өседі. Сондықтан құм мен қатқылды жайлаған аудан шаруагерлері үшін төл алу науқанының жауапкершілігі аз емес. Оны күні бүгінде қай қожалықта болсаңыз да, шаруашылық басшысының өзі шаруаға бас-көз болып, ауылдан алысқа ұзап кете қоймауынан аңдайсыз. 

Тұщықұдық ауылдық округіне қарасты Жұмағали елді мекенін қоныстанған Жалғасбай Уахитовтың (суретте) шаруа қожалығында да биылғы мал төлдету науқаны жақсы ұйымдастырылған. Әке құрығын ұстаған Жалғасбай азамат 2000 жылдардың басынан бергі уақытта, үзіліссіз жиырма жылдың үстінде осы шаруашылықтың жетекшілігінде.

 

 

Төл алу науқанын барынша өткізіп жатқанын тілге тиек еткен шаруагер: – Қыстан да аман-есен шығып жатырмыз. Қыс, енді, қуаңдау болды, қар түскен жоқ. Осылай шаруашылықта жұмыс жасап жатырмыз. Әкеден келе жатқан мұра ғой, соны ұстап келеміз. Төрт түлік бар, шүкір, бұйырғаны төлдеп жатыр. Мал басы жайлап өсіп жатыр, бұл көмек етіп жатқан балалардың да арқасы. Алға қарай шаруашылықты дамыта берсек, солайша балаларға жол көрсетейік дейміз,-дейді өз ойын ортаға сала отырып.

Дала төсіндегі шаруашылықтарды осындай сәтте аралап, ондағы тірлікті өз көзімен көріп қайтқан аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дидар Есмұханов та шаруа баққан жандарға бек риза.

– Жалпы, кешегі қысымыз жақсы, жайлы болғанымен, жауын-шашынның, яғни қардың аздығы, тіпті түсіп жарымауы шаруашылықтарға кері әсерін де тигізді. Мәселен, қар жоқтықтан малды тек құдықтан суарудың өзі бір жұмыс әрі онсыз да көзі аз суды үнемдеуге келтірмейді.

 

 

Тұщықұдық ауылдық округінің құм өңіріндегі шаруа қожалықтарында болып, қыстан шығып жатқан кездегі шаруа барысымен, тіршілік тынысымен таныстық. Бір қуаныштысы, мал төлдету науқаны барысында ауа райы да қолайлы болып тұр. Шаруагерлердің өзі де науқанның жақсы өтуде екендігін айтады. Ірі қараның дені көк шығып, жер көтерілгелі өрісте, олар сонда төлдеп, үнемі назарда ұсталса, уақ мал қорада қоздауда,- дейді ол.

Иә, қазір дала еңбеккерлерінің тірлігі қыза түскен. «Бота боздап, қой қоздап, қорада шу» деген - осы. Түлікке ерген әрбір төл жыл бойғы төгілген маңдай тердің өтеуіндей. Шаруагерлерді мазалайтыны – алдағы жазда жердің қуаң болмауы. Қыста қар болмады, жазда жаңбыр  аз мөлшерде түссе, мал баққан шаруаны қинайтыны сол. Кешегі ойылған қыс - отамалыда жаңбыр болмады, бесқонақ та жаңбырсыз өте шықты. Тек осы соңғы бірер күнде ғана себезгілеп болса да жаңбыр жауып өтті. Алдағы лайсаңның кезі, құралайдың мезгілі жауынды болғай деп тілеген ағайынның дегені болғай да...

 

 

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT