Көк шаңнан көз ашыла ма? Жаңбырды қалай жаудырамыз?

Соңғы кездері жел тұрса болды, шаңға көміліп қалатын болдық. Оған себеп көп. Негізгісі - Каспий теңізінің тартылуы салдарынан ауаға тарап жатқан тұзды шаң. Бұл туралы Исатай ауданының әкімі Полымбет Хасанов облыстық мәслихат депутаттары Ә.Семғалиев, А.Идрисов, Н.Шалабаевамен болған кездесуде айтып өтті.

– Соңғы бес жылда теңіз 13-15 шақырымға тартылып қалды. Тартылған теңіздің орнындағы тұзды топырақ күн жел тұрғанда көз аштырмайтын жағдайға жетеді. Басқа мәселелерге қарағанда, бұның шешілу жолы қиын болып отырғанын жасырудың керегі жоқ. Дүниежүзілік тәжірибелерден алып, арнайы комиссия құрып зерделемесе, дәл бұл түйткілдің түйінін шешетін аудан көлемінде маман табу қиын. Сондықтан арнайы алқамен осы жағдайды реттеудің жолын қарастырсаңыздар екен, - деді аудан әкімі.

Аудан басшысының сөзін қоштаған аудандық мәслихат депутаты Жасұлан Құлғалиев тұзды құм көшкінінің бері жылжып келе жатқанын жеткізді. «С.Балғымбаев» пен «Оңтүстік батыс Қамысты» деген кен орнының арасындағы тасжолды жел соққан сайын тазалап тұруға тура келеді. Өйткені, жолға үйілген топырақтан үлкен көліктердің өзі өте алмай қалатын жағдайлар жиі кездеседі, - дейді ол.

Облыстық мәслихат депутаты Абдолла Идресов мұндай мәселенің Маңғыстау облысында да бар екенін, соған байланысты айтылған ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Самат Мұсабаевтың ұсынысы көмектеспей ме деген ойын айтты. Ол - сол аумаққа тұрақты түрде жасанды жолмен жаңбыр жаудырып тұру. Иә, бір естігенде бұған біз де езу тарттық. «Адамның өзіне сөзің өтуі екіталай заманда Алланың жауынына «тапсырыс берудің» жолы қалай болар екен?» деп абыржыңқырап та қалғанымыз рас. Дегенмен, жиырма бірінші ғасыр бұл.

Ештеңеге таңырқауға болмайды. Бірақ, несін жасырайық, «тұрақты түрде» дегеніне онша-мұнша келісе қоймадық.

Бұл ойға ештеңе қосып-алмаған облыстық мәслихат депутаты Әлібек Семғалиев аймақта ауыл шаруашылығы және экология саласы бойынша комиссия бар екенін, бұл жайды солармен саралап, табиғатты қорғау мамандарына айтып, зерттеп көрген дұрыс болатынын жеткізді.

Айта кетейік, ауданымызға облыстық мәслихат депутаттары Ә.Семғалиев, А.Идрисов, Н.Шалабаева арнайы іссапармен келіп, аудан басшылары және аудандық мәслихат депутаттармен кездескен болатын.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521