Қоқысқа толы контейнер төңірегін бүлдіріп жатыр

Күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселелердің бірі – ауыл тазалығы. Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау әрбір ауыл тұрғынының міндеті. Дүйсенбі күні осы мақсатта  қоғамдық кеңестің төрағасы Ерболат Насимуллин, Аққыстау ауылдық округ әкімінің орынбасары Қуаныш Тахаев сияқты арнайы топ өкілдері болып, ауыл ішін, яки көше-көшені араладық. Оған түрткі болған аққыстаулық тұрғындардың арыз-шағымы еді. Тұрғындар өзекті мәселенің шешілуін талап етіп, әлеуметтік желілерде арыз- шағымдарын қарша боратуда.

Ауданда жалпы халық саны – 10028. Оның ішінде Аққыстау ауылдық округіне қарасты 9052 тұрғын бар. Ал, осы аталған ауыл ішіне 32 көше атауы берілген. Сол көше бойына орнатылған 52 контейнер алаңшасының кейбірі тазартылған, кейбірі тазартылмай, ішінен бөлек сырты да қоқысқа толы.Оны көзімізбен көріп, маңайына жақындағанымыз сол еді, иісі де қолқа қабады. Ал жаз айы, аптап ыстықта не болмақ деген ой мазалағаны жасырын емес.

Қорап, пакеттерді адамдар көбіне дүкен жанына, көше бойына, көп қабатты үйлер қасына лақтырып, көше бойындағы арнаулы орынға апармай салмай, аяқ астына тастай салатындарды да көзіміз шалып жүр. Қоршаған ортаның  тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір ауыл тұрғынының да міндеті. Әйтсе де,ауыл тұрғындары қоқыстардың арнайы орындардан уақтылы  жинап, тазаланбауын себеп ретінде алға тартты.

Қоқыс контейнерін уақытында тазаламайды, аузы-мұрнынан шығып жатады. Одан қалса, ұшып, ауламыздың ішін толтырады. Сондықтан біз көше тұрғыны болып, ауылдық округ әкіміне шағымымызды жазбаша жолдадық, – дейді Сания есімді Б.Нысанбаев көшесінің тұрғыны.

Кейбір жерлерде тұрмыстық қалдықтардың жан-жақта шашылып, жинаусыз жатқанын көрдік. Ал, қоқысқа жауапты мекеме «Исатайгазстройсервис» ЖШС басшысы Асылжан Мұхиденов басқаша айтып, мігірсіз жұмыс жасап жатырмыз дейді.

-Қазір тұрғындардың арызы әлеуметтік желіге көп шығып кетті. Бұл жұмысқа мамандарымыз жетіседі, тек техникамыз жетпей, кішкене үлгере алмай жатамыз.Тұрғындар сол жағынан түсінік танытса жақсы болар еді.Біз жұмысымызды келісім шартқа отырып, наурыз айында бастадық.Қазіргі таңда Тұщықұдық пен Аққыстау ауылындағы тұрмыстық қалдықтарды таңғы сағат алтыдан кешкі сегізге дейін шығарамыз. Таяқтың екі ұшы бар ғой, бірі өзіме тисе, бірі ауыл тұрғындарына да бағытталады.Көбінесе, ата-аналар балаларды қоқыс тастауға жібереді.Ал, олар контейнердің сыртқы алаңшасына лақтыра тастай салады. Оны ертеңгі күнге шейін ит-мысық, құстар парша-паршасын шығарады.Тіпті, қоқыс жәшігіне малдың ішек-қарынын, терісін тастап жүрген адамдар қатары да баршылық.Бұнысы, мен үшін ұят секілді. Кейде, контейнер ішіндегі қалдықты өртеп жібереді. Бұл жұмысыма кедергі келтіреді. Десе де, жұмысымызды тоқтатпақ емеспіз. Күніге жоспарымызды орындап жүрміз.

Бұл мәселе қоғамдық кеңес отырысында және өзге де жиындарда талқыланып келеді. Жауапты мамандар айтылған сыннан қорытынды шығарамыз дейді. Лажы болса, мәдениетті, тазалықты әркім өзінен бастаса екен.

 

Сағыныш САЙЛАУБАЙ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521