Қолайлы өмірдің құны қандай?

 

Қазіргі қоғам өмірін коммуналдық қызметтерсіз елестету мүмкін емес. Су, жарық пен газ – күнделікті тұрмыстың ажырамас бөлігі ғана емес, елдің әлеуметтік тұрақтылығы мен экономикалық дамуын айқындайтын стратегиялық салалар. Халықтың өмір сүру сапасы, тұрмыстық жайлылығы мен қауіпсіздігі осы қызметтердің қолжетімділігі мен үздіксіз жұмысына тікелей байланысты.

Ауыз су – адам денсаулығының негізі болса, электр энергиясы өндіріс пен цифрлық технологиялардың қозғаушы күші, ал газ – жылу мен тұрмыстық қолайлылықтың басты тірегі. Сондықтан бұл ресурстардың сапалы әрі уақытылы жеткізілуі мемлекет үшін айрықша маңызға ие. Осы орайда коммуналдық инфрақұрылымды дамыту, жаңғырту және тиімді басқару – кез келген елдің әлеуметтік-экономикалық күн тәртібіндегі басты міндеттердің бірі. 

Коммуналдық қызметтер саласында әр кезеңде де өзекті мәселелер туындайтыны айдан анық. Инженерлік желілердің тозуы, ресурстардың шектеулілігі, қызмет көрсету сапасына қойылатын талаптардың артуы және экологиялық жауапкершілік тарифтік саясатқа тікелей әсер етеді. Бұл жағдай коммуналдық қызметтерді ұсыну шығындарының өсуіне алып келіп, өз кезегінде тарифтердің қайта қаралуын талап етеді. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік әділдікке негізделген ұстанымы ерекше маңызға ие.

 

 

Ел Президентінің «Turkystan» газетіне берген сұхбатында әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету үшін атаулы әлеуметтік қолдауға көшу қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет көмекті шын мәнінде мұқтаж азаматтарға ғана көрсетуге тиіс.

«Кім қанша тұтынса, сонша төлейді, қолдауға шынымен зәру адамдарға ғана көмек беріледі. Тарифтер әділетті болуы керек, яғни «неғұрлым көп тұтынған, соғұрлым көп төлейді» деген қағидат берік орнығуға тиіс. Мен осындай нақты міндет қойып отырмын»,-деді Мемлекет басшысы.

Президенттің бұл ұстанымы коммуналдық қызметтер саласындағы тарифтік саясаттың әлеуметтік әділеттілікке негізделуін көздейді. Бұл бағытта алғашқы оң өзгерістер қазірдің өзінде байқалып отыр. Атап айтқанда, су мен электр энергиясын үнемдеп пайдаланатын тұрғындар үшін ең төмен тарифтер қолданыла бастады. Мұндай тәсіл бір жағынан азаматтарды ресурстарды ұқыпты тұтынуға ынталандырса, екінші жағынан әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарды қолдауға мүмкіндік береді.

Осылайша, су, жарық және газ тарифтерінің қалыптасуы тек экономикалық есеп-қисаптың нәтижесі ғана емес, ол әлеуметтік әділеттілік пен халықтың әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі болып отыр.

Тариф бағасының өзгеруі қоғам үшін сезімтал мәселе болғанымен, оны әділ әрі ашық қағидаттар негізінде реттеу коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға, ресурстарды тиімді пайдалануға және қызмет сапасын арттыруға жол ашады. Сондықтан коммуналдық қызметтер тарифтерінің қалыптасу себептері мен олардың халық үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету жолдарын түсіндіру бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі саналады.

 

Артур КИБАШЕВ,
«Атырау облысы Су Арнасы» КМК Исатай ауданы бойынша бөлім басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT