КОММУНАЛДЫҚ САЛАНЫҢ ХАЛІ НЕШІК?

сурет ғаламтордан

 

Ауданның күнделікті тыныс-тіршілігінде коммуналдық саланың алатын орны ерекше. Ал оның қазіргі жай-күйі қандай, тұрғын үйлерді жылумен қамту, ауылішілік жолдардың жайы, салаға тиесілі түрлі бағыттағы ғимараттарға, тұрғын үйлерге жөндеу жүргізудің жайы қалай шешілуде? Осы және басқа да мәселелер аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ерболат Махашовпен сұхбатымыздың өзегі болды.

-Жылыту маусымы да аяқталуға таяу. Биылғы қыс жылы мінез танытты дегенмен, қыстың аты - қыс қой. Бұл сын кезеңнен сүрінбей өтіп келеміз бе?

- Жалпы, осы бағыттағы жұмыстар, «қыс шанаңды жаз сайла» демекші, өткен жылдың жазынан қолға алынған еді. 2024-2025 жылдарға облыстық бюджеттен жылу беру маусымының дайындығы үшін 168 926,0 мың теңге  көлемінде қаражат бөлінді. 40 іс-шара бойынша мемлекеттік сатып алу порталына жарияланып, жеңімпаздары анықталып, тауарлар жеткізілді.

Аққыстау ауылында 11 көп пәтерлі тұрғын үйді жылу жүйесімен қамтамасыз етіп тұрған «Мұнайшы» жылу орталығы бар. Нақты айтсақ, аталған жылу орталығы 161 тұрғын пәтерді жылумен қамтамасыз етіп отыр. Бұл орталық 2021 жылдан бері «Атырау облысы Су арнасы» мекемесінің өтеусіз басқаруына берілген болатын. Мұнда жай жөндеу уақытылы өтті. Бұдан бөлек, жалпы аудан бойынша 41 көп пәтерлі тұрғын үй жылу маусымына кезінде дайын етілген.

Ғимараты бар мекемелер «Е-лицензия» базасы арқылы күзгі-қысқы дайындық паспортын алады. Ал аудан бойынша 66 мемлекеттік мекеме және  әлеуметтік сала нысандары бар.

Жалпы алғанда, 2024-2025 жылдардың күзгі-қысқы маусымы тұрақты, қалыпты жағдайда болды. Алдағы маусым да жауапты кезеңге дайындық жіті бақылауда болып, тиісті жұмыстар уақытылы жүргізілетін болады деп отырмыз. 2025-2026 жылдарға облыстық бюджеттен жылу беру маусымының дайындығы үшін 37 209,0 мың теңге қаражат бөлінді. 31 іс-шара бойынша (насостар, генераторлар, электр, газ есептегіштер, жарылған соқа ауыстыру жұмыстары) мемлекеттік сатып алу порталына жариялануда. Сонымен қатар, алдағы болатын бюджетті нақтылаудан 20 іс-шара бойынша 40 795,0 мың теңге қаражат бюджеттік өтінім арқылы сұратылып отырған жайы бар.

 

-Саладағы қызметтің көпшілігі электр қуатына қатысты болып келеді. Оның жайы қалай болуда?

-Әрине, бұнда да жасалынып жатқан жұмыстар баршылық. Аудан орталығы - Аққыстау ауылында орналасқан ұзындығы 5,3 км болатын «Өркен елді мекенінен Аққыстау ауылының қосымша станциясына дейін ВЛ-10 кВ электр желісінің құрылысы» объектісіндегі 119 дана электр желісінің бағаналарын ауыстыру жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ, ауданға керекті 500 кВт қозғалмалы генератор сатып алынды. 2 дана қосымша трансформатор, 2 дана подстанция КТПН жеңімпазы анықталып, тауар жеткізілді.

Аудан аумағындағы электр бетон бағаналарын ауыстыру бойынша Тұщықұдық, Томан, Зинеден ауылдарында 303 бағана ауыстыру жұмыстары аяқталды, қаржысы - 38 000,0 мың теңге, орындаушы – «Данас и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Мұнымен бірге, Аққыстау ауылында 119 жарылған бағаналарды ауыстыру жұмыстары жүзеге асырылып отыр.

 

-Су тарату ғимараттары мен көп пәтерлі тұрғын үйлерге жүріп жатқан жөндеу жұмыстарының жайы қалай болды екен?

-Өткен жылы, сіз сұрап отырғандай, Аққыстау ауылы, Егемен Қазақстан көшесі, 18 үй мекен-жайы бойынша көп пәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Биыл 6 көп пәтерлі үйді, Аққыстау ауылынан - 2, Томан елді мекенінен 4 тұрғын үйді, күрделі жөндеуден өткізу үшін ЖСҚ жасақталып, сараптамаға жіберу жұмыстары жүргізілуде.

Тұщықұдық ауылында орналасқан 3 көп пәтерлі  тұрғын үй авариялық жағдайда деген қорытынды алып, ішінде орналасқан 17 пәтер иелеріне үй сатып алып беру үшін облыстан қаржысы қаралды.

Сонымен қатар, округтер бойынша су тазарту ғимараттарын жай жөндеу жұмыстарына да қаржы бөлінді: Тұщықұдық ауылындағы Қызыл үй елді мекеніндегі су тарату қондырғысының сорғы стансасына ағымдағы жөндеу аяқталды. Исатай ауылдық округіндегі өрт сөндіру гидранттары мен су құдықтарына да ағымдағы жөндеу жұмыстары жүрді. Х.Ерғалиев ауылындағы су тазарту қондырғысына күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Аққыстау ауылдық округінің Қаратүбек, Өркен, Томан елді мекендеріндегі су тазарту имараттарына да қайта жаңғырту жүруде.

 

-Ауылішілік жолдардың жайы не болып жатыр?

-Аудандағы автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 295 шақырымды құрайды. Оның ішінде кірме жол 119 шақырым блса, ауылішілік жол - 176 шақырым. Қазіргі уақытта 4 ауылдық округте 35 шақырым автокөлік жолдарды күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.

Сонымен қатар, жобалар бойынша: Х.Ерғалиев ауылының 3-кезеңдегі 15 шақырым ауылішілік жол құрылысы жобасы жасақталды, мемлекеттік сараптамаға жіберу жұмыстары жүргізілуде. Аққыстау ауылының 4-кезеңдегі 12 шақырым ауылішілік жолының құрылысы жобасы жасақталып, қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамаға жолданды.

Атырау облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы арқылы: Тұщықұдық ауылдық округіне қарасты Қызыл үй елді мекеніне 32 шақырым жол салуға жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, конкурс жұмыстары жүргізілуде. Ал Аққыстау ауылының орталық көшесіне орташа жөндеу жүргізу жобасы (0,8км) жасақталып, биылғы жылы жүзеге асыруы жоспарлануда. Ауылішілік жолдардың жайы жөнінде әзірге айтарымыз - осы.

 

-Коммуналдық сала бойынша атқарылатын жұмыстарға қажетті техникалардың жағдайы туралы білгіміз келеді, басқа да айтарыңыз бар ма?

-Өткен жылы ауданымызға облыстық бюджеттен 213 415,0 мың теңге қаржы бөлініп, 3 дана техника (кран, АГП, жүк тиегіш), 3 дана қосымша жабдықтар (трактор тіркемесі, қар күрегіш, сыпыртқы) сатып алынды. Биыл тағы да 3 дана техника (эксковатор-тиегіш) сатып алу үшін облыстық бюджетке сұраныс беріліп отыр. 

Басқа да қолға алынған жұмыстар туралы айтсақ, аудан орталығында бағдаршам объектілері мен бейнебақылау жүйелерін салу және монтаждау жұмыстарының жобасына түзету енгізу жұмыстары аяқталып, жасалынуы тиіс жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыстар биылғы маусым айында аяқталуы жоспарлануда, қаржысы - 144 496,5 мың теңге, мердігер мекеме -  «Жәнібек-Айдос» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Сондай-ақ, Х.Ерғалиев ауылында орналасқан «Демалыс саябағының» құрылыс жұмыстары жүруде. Бұл жұмыстарды да биылғы шілде айында аяқтау жоспарланған. Ол құрылысқа қаралған қаржы - 579 736,8  мың теңге, мердігер мекеме -  «BF Элит-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы ұдайы назарда ұсталынып отыр.

 

-Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан:  Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT