7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Исатай аудандық қорғаныс бөліміне жаңа «Chevrolet Cobalt» қызметтік көлігі табысталды. Аудан әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқан бұл бастама қорғаныс бөлімінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған.
Салтанатты шарада аудан әкімі Нұрым Мусин сөз сөйлеп, бөлім басшысына автокөлік кілтін табыстады.
– Былтыр ауданда 80-ге жуық жас сарбаз әскер қатарына алынса, биылғы көктемгі шақырылымда 19 азамат Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Осы ретте қорғаныс бөліміне қызметтік көліктің қажет екені ескеріліп, облыс әкімі Серік Шапкеновтің қолдауымен жаңа автокөлік беріліп отыр, – деді аудан басшысы.
Шара барысында қорғаныс саласында ұзақ жыл еңбек еткен, бүгінде ардагер саналатын Нұрасбек Бозбалев те құттықтау лебізін білдіріп, қуанышын жасырмады.
– Қаңтар оқиғасынан кейін еліміздің қорғаныс саласын күшейту бағытында ауқымды шаралар қолға алынды. Бұл көлік – Исатай ауданының тарихында жергілікті әскери басқару органына берілген алғашқы қызметтік автокөлік. Өзім осы бөлімде 1998 жылы қызмет еткендіктен, бұл сәт мен үшін ерекше, – деді ол.
Сөз кезегін алған аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Елнұр Мұхамади облыс және аудан басшыларына алғыс айтып, артылған сенімді ақтауға бар күш-жігерін салатынын жеткізді.
Сағыныш ҚАЙЫР