Ауданымыздан 1941-1945 жылдардағы сол бір қанды қасапқа аттанып, оралмаған боздақтар туралы деректерді ғаламтордан іздестіріп, тапқан материалдарды аудандық газет бетіне жариялай бастағаныма да тоғыз жылдан асыпты. Осы уақыт ішінде майданда қаза тапқан 600-дің үстіндегі жерлесіміздің жерленген жерлері туралы хабарларым жарыққа шықты. Осылардың ішінен деректері 2017 жылы жарияланған ағайынды екеу жөнінде тоқталып, жұртшылыққа іздеу салайын деген оймен қолға қалам алдым.
Олар соғысқа дейін Айбас ауылдық кеңесінде тұрып, «Жас кадр» колхозында еңбек еткен, Новобогат аудандық әскери комиссариатының шақыруымен ел қатарлы майданға аттанып, туған жеріне қайтып оралмаған ағалы-інілі Ізтелеуовтер.
Үлкені Сәрсенғалидың туған жылы әскери құжаттардың бірінде 1915 жыл, екіншісінде 1905 жыл деп көрсетіліпті. 1942 жылдан 1-ші Белорус майданындағы 169-шы Рогачевская атқыштар дивизиясының 680-ші атқыштар полкінің құрамында қатардағы жауынгер ретінде соғысып, 1942 жылғы 27 қыркүйекте алғаш рет жеңіл жараланса, екінші рет 3 айдан соң, яғни 1942 жылдың 23 желтоқсанында Сталинград қаласы түбіндегі қырғын шайқастардың бірінде ауыр жараланған. Ал үшінші рет 1943 жылғы 26 шілдеде тағы ауыр жараланған. Майданда көрсеткен ерліктері үшін 680-ші атқыштар полкінің командирі подполковник Шараповтың 1944 жылдың 22 мамырындағы №44/н бұйрығымен «За отвагу» медалімен наградталған. Штабтағы өзге ұлт өкілінің білместігінен бе, салақтығынан ба бұйрықта аты-жөні «Истельгуб Сарсен Галилович» деп қате жазылған, бірақ шақырылған әскери комиссариат атауы дұрыс көрсетілген. Алайда, награда алғаннан кейін 2 ай өтпей 1944 жылғы 16 шілдеде Белоруссияның Белостокская облысы, Волковысская ауданы, Дзяки деревнясы үшін болған шайқаста қаза тауыпты. Денесі қазіргі Гродненская облысына қарасты сол Волковысская ауданының Шиповичи деревнясындағы №3376-28 Бауырластар зиратына жерленген. Қауымға барлығы 284 жауынгер мен белорус ормандарында жау тылында жүріп соғысқан партизандар жерленіпті, бірақ оның тек 52-інің ғана аты-жөні белгілі. Хабарлама «Джаз кадр» («Жас кадр» дегені болуы керек) колхозына, туған інісіне жіберілген, есімі «Жуман-Гали» деп көрсетілген. Ол ағасы соғысқа кеткенде ауылда қалып, артынан 2 жылдан соң соғысқа аттанған інісі Жұмағали болатын. Соғыс кезіндегі әскери тәртіп бойынша әр жауынгерге қаза тапқан жағдайда ол туралы хабарлама жіберу үшін туысқанының мекен-жайы мен аты-жөні жазылған кішкене қағаз бос патронның ішіне мұқият салынып тығындалатын, мұны көпшілік солдат жаман ырымға балап, қағазын алып тастайды екен. Және бұл мәлімет жауынгердің өзінің қалтасындағы құжатында да жазулы болады. Сол бойынша қаза тапқан ағасы туралы хабарламаны ауылға, інісінің атына жіберіпті. Бірақ бұл хабарлама інісі Жұмағалидың қолына тимеген сияқты, себебі, кейін өзі майданға кіргенде, өзінің солдат кітапшасына «егер қаза тапсам хабар жіберетін адамым жалғыз ағам» деп Сәрсенғалидің аты-жөнін жазыпты.
1926 жылы туған інісі Жұмағали жасы 18-ге толған бойда, 1944 жылдың 5 желтоқсанында соғысқа аттанған. Әскери-шақыру пунктіндегі толтырылған құжатта ата-анасы мен туысқандарының жоқ екені жазылыпты. Қазір ғана белгілі болып жүрген деректер бойынша көрші өзбек бауырлар сол кезде әулет ұрпақсыз жалғаспай қалады деп жалғыз баланы қалай болса да соғысқа жібермеген көрінеді. Негізі өзағаңнан үлгі алар нәрселер көп қой.
334-ші атқыштар полкінің құрамында соғысқан Жұмағали жеңіске бірер күн қалғанда жау ордасы Берлиннің түбіндегі Энкнер қаласы үшін шайқаста 1945 жылдың 1 мамырында ауыр жараланып, 3 мамырда ПЭП-103 ХППГ-196 госпиталінде қайтыс болған. Сол қаладан 2 шақырым батысында орналасқан Хюсен-Винкен деревнясындағы госпитальде қаза тапқан жауынгерлер жерленген қауымға №1 зиратқа жер қойнына тапсырылған. Хабарлама «Жас кадр» колхозына, ағасының атына жіберілген, есімі Сәрсенғалидың орнына «Сарсенгошит» деп қате толтырылған. Ол кезде ағасы да бұл өмірде жоқ еді.
Ғаламтордан тапқан деректерге талдау жасасам, сол жылдардағы колхоздардың тұрғындары негізінен бұрынғы рулық-ағайындық салт бойынша ауылдарға жинақталыпты. Айбас ауылдық кеңесі бойынша халықтың көпшілігі, тіпті түгелге жуығы беріш руының жайық бөлімінен екен. Қазір көпті көрген шежіреші қариялардың саны азайды, жоққа жақын десе де болады. Сондықтан, ата-анасы туралы ешқандай дерек жоқ, өздері үйленбестен соғысқа кетіп, қайтып оралмаған ағайынды Ізтелеуов Сәрсенғали мен Жұмағали туралы білетіндер бар ма екен деген ой еді қолыма қалам алдырған.
Еркін ЖҰМАЖАНОВ,
«Мирас» өлкетанушылар клубының мүшесі.
Аққыстау ауылы