Жыл сайын 15 – қараша Ұлттық валюта және қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып тойланып келеді. Сондай-ақ, қараша айының үшінші жексенбісі – ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні. Осы қос кәсіби мереке қарсаңында сала қызметкерлері мен ардагерлерге арналған іс-шара өтті.
Салтанатты шараға келген кеш меймандары алдымен ауыл шаруашылығы өнімдері мен қолөнершілердің көрмесін тамашалады. Бұл аталмыш шараға 7 ауылдық округтен келген қолөнер шеберлері мен жеке кәсіпкерлер қатысты.
Мерекелік кештің алғы сөзін алған аудан әкімі қос мереке қызметкерлеріне жылы лебізін білдірді.
– Тәуелсіздік алғаннан кейінгі біздің негізгі жетістігіміздің бірі ұлттық валюта – теңгенің пайда болуы. Қазір валютамызды көптеген мемлекеттер біледі. Біздің теңгеміз өзінің дизайны жөнінен дүниежүзіндегі мықты валюталардың бірі болып есептеледі. Қаржыгерлердің ең негізгі міндеттерінің бірі – мемлекеттің ақшасын дер кезінде жинап, тиімді пайдаланып, ел экономикасының дамуына жұмыс істеу. Бүгінде осы салада еңбектенген қаржыгерлер аудан дамуына өз үлесін қосуда. Сондықтан бүгінгі мерекеде барлық қаржы саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Сондай-ақ, қараша айының үшінші жексенбісі – ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні де қашанда елеулі. Себебі, егін, мал шаруашылығымен айналысатын, азық-түлік өнеркәсібінде жұмыс жасайтын, өңіріміздің және ауданымыздың азық-түліктік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге талмай үлес қосып жүрген жандардың еңбегінің жемісі деп білеміз.
Халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасының жақсы болуы ауыл шаруашылығының дамуымен тығыз байланысты. «Елдігімізді еселеп, мемлекеттігімізді нығайтқан осы жылдардың ішінде ауыл шаруашылығы саласы мемлекеттiк қолдаудың арқасында жаңа деңгейге көтеріліп, ел экономикасын дамыту мен ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырудағы жетекші күшке айналды. Осы мерейлі мереке күні сіздерге дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілейміз,- деді аудан басшысы.
Құттықтаудан кейін бір топ қаржы саласы мен ауыл шаруашылығы қызметкерлерін Алғыс хатпен марапаттады.
Олардың қатарында «Нарын» бөбекжай-бақшасы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының есепшісі Ә.Бақтығалиева, «Аудандық экономика және қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің маманы Э.Хасанова, аудандық «Halyk bank басқармасы» АҚ қызмет көрсету менеджері А.Тұқпатова, «Жалын» мәдениет үйінің экономисі Ж.Қосаманова, Исатай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы республикалық мемлекеттік мекемесінің салық төлеушілерімен жұмыс жасау және бақылау бөлімінің бас маманы Р.Асқаров, аудан әкімі аппаратының қаржы-шаруашылық бөлімі басшысы А.Науанова, «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубы директорының шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары Н.Сұлтанова бар.
Ал облыс әкімінің Алғыс хаты Исатай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман есепшісі А.Өтемісова мен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас есепшісі Б.Жұбановаға тапсырылды.
Келесі кезекте ауылшаруашылығы ардагерлері мен қызметкерлерін «Ауыл еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады.
Сондай-ақ, бір топ сала қызметкерлері өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін ауылшаруашылығы және жер қатынастары басқармасы мен аудан әкімінің Алғыс хатымен ұлғыланды.
Аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов құттықтау тілегін білдіріп, марапаттар тапсырды. Атап айтсақ, аудандық статистика бөлімінің басшысы К.Абдуллинге облыстық мәслихаттың, Мектеп-гимназия КММ бас есепшісі Р.Каримов, аудандық қазынашылық басқармасы республикалық мемлекеттік мекеме басшысының орынбасары К.Ғалымова, «Қамысқала» ауылдық мәдениет үйі ММ есепшісі Г.Серікова, аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі ММ бас есепшісі Н.Талғатоваға және бір топ ауылшаруашылығы ардагерлері мен қызметкерлеріне аудандық мәслихаттың Алғыс хатын ұсынды.
Салтанатты жиын аудан өнерпаздарының сазды бағдарламасына ұласты
Сағыныш Қайыр