6 шілде – Астана күні және шілде айының бірінші жексенбісіне сәйкес келетін Ұлттық домбыра күніне орай аудандық «Жалын» мәдениет үйі ашық аспан астында мерекелік концерт өткізді. Одан әрі дәстүрлі түрде өтетін ауылдық округтердің «Өнерім саған, туған ел» сазды бағдарламасымен жалғасты. Биылғы өнер керуенін Жанбай ауылдық округінің өнерпаздары бастады, – деп хабарлайды «Нарын таңы» газеті.
Алдымен аудан әкімі Нұрым Мусин барша аудан тұрғындарын мерекемен құттықтап, кеш шымылдығын түрді.
- Сіздерді еліміздің бас қаласы - Астана күні мерекесімен және шілде айының бірінші жексебісінде аталып өтілетін Ұлттық домбыра күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі болған ел астанасы бүгінде бүкіл әлемге тыныштық пен татулықтың, өркендеу мен өсудің үлгісін көрсетіп келеді. Сарыарқа төрінде бой көтеріп, аз уақыт ішінде заманауи қалаға айналған бас қаламыз еліміздің мақтанышы, бейбітшіліктің символына айналды. Ал Ұлттық домбыра күні - Рухани жаңғырудың әдемі көрінісі. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра»-деп Жұбан Молдағалиев ақын айтқандай, домбыра десе «қазақ халқының» тарихы көрінгендей болады. Елордамыз гүлденіп, ұлттық аспабымыз жаңғырып, сәулеті мен дәулеті келіскен ел болуымызға шынайы тілектестік білдіремін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, - деді аудан әкімі өзінің ізгі тілегінде.
Қос мерекеге орай ұйымдастырылған кештің басында облыстық фестиваль жүлдегерлері – Аққыстау ауылының әжелерінен құралған «Дәстүр үні» ансамблі сахнаға шықты. Аудан халқы әжелер өнерін сүйсіне тамашалады.
Облыстық деңгейде аудан намысын абыроймен қорғап қайтқан ансамбль мүшелеріне аудан әкімі Нұрым Бекежанұлы мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимоллаұлы алғыс хаттар табыстап, құрмет көрсетті.
Жиылған жұртшылықтың алдында өңіріміздің өсіп-өркендеуіне, ұлттық өнеріміздің өрістеуіне аянбай тер төккен ардагер, ақын, қаламгер Қожантай Сыдиховқа Исатай ауданының «Құрметті азаматы» атағы табыс етілді.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметтің ардагері Өзихан Шәкесова «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталды. Қос мереке қарсаңында алтын құрсақты аналарымыз назардан тыс қалған жоқ. Гүлнұр Нәсіпқалиеваға «Алтын алқа» және Айза Хасанова «Күміс алқа» медалдары табысталды.
Облыс әкімінің алғыс хатымен Айбек Нұрлыбеков марапатталса, аудан әкімінің мерекелік алғыс хаттары бір топ коммуналдық саланың қызметкерлеріне табысталды. Атап айтқанда: Қапушев Ардақ, Магин Тұрар, Ғұбашев Темірболат, Жұмағалиев Арман, Сейтова Торғынға сахна төріне шығып, аудан жұртшылығының ыстық-ықласына бөленді.
Салтанатты шараны аудандық «Жалын» мәдениет үйінің өнерпаздары ел ордамыз Астанамызға арналған әсем әндерімен көркемдеді. Әріқарай «Өнерім саған туған ел» атты Жанбай ауылынан келген өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.
Күмбірлеген күй мен мың бұралған биді киелі сахна төрінде аудан жұртшылығына паш еткен жанбайлықтар әп-сәтте көрерменнің жылы жүрегін жаулай білді.
Кештің тағы бір ерекшелігі соңғы уақытта сахнадан көрінбей кеткен, көрермен сағынып қалған өнерпаздардың қайта оралып, өнер көрсетуі болды. Көпшілік сүйікті әншілерінің даусын сағынып қалғандарын жасырмай, ықыласпен тыңдады.
Жанбайлық өнерпаздардарға өз ризашылығын білдірген аудан басшысы өнерпаздарға және Марта Ақылиденқызы, Әсемгүл Аманжанызы, Шырайлым Болатқызына жекелей алғыс хаттар табыс етті.
Көтеріңкі көңіл-күймен тарқасқан аудан жұртшылығы келесі бейсенбі де жалғасын табатын концертті асыға күтетіні анық.
Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ