Жалпы білім саласы үздіксіз ізденуді, тұрақты дамуды талап ететін орта. Заман көші алға жылжыған сайын, ұстаз да түрлі жаңалықпен жарысып, қуантуда. Аудан ұстаздары да жуырда Алматы қаласы, Сүлеймен Демирель атындағы университетінде тәжірибе алмасып, әрі ондағы республикалық «Педагогикалық идеялар фестивалі» атты байқауынан оза шауып келді.
Айта кетейік, күні кеше өткен облыстық байқаудың жеңімпаздары Айдана Ермұханова, Қырмызы Сыдикова, Шаттық Сұңғат республикалық кезеңге жолдама алған еді.Шын мықтылар бас қосқан бұл конкурста 250 мұғалім бақ сынады.
Нәтижесінде, біздің аудан бойынша қатысқан «Шеберлік палитрасы» бағыты бойынша Новобогат орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі Шаттық Сұңғат және «Сабақ аяқталған соң...» бағыты бойынша Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Айдана Ермұханова 3 –орын иеленіп, мерейді үстем етті.
-Биылғы жыл мен үшін жағымды жаңалықпен басталды. Алдымен, аудандық және облыстық байқаулардан топ жарып, содан соң Алматы қаласында өткен республикалық фестивалға қатысып, елге олжалы оралдық. Бұл конкурсқа дайындық өте жоғары деңгейде болды.Бір жағы қорқыныш пен толқуда басымдырақ болғаны жасырын емес. Қанша дегенмен, республикалық деңгейдегі жарысқа қатысу үлкен жауапкершілікті талап ететіні де сөзсіз. Бастысы, әріптесім Айдана екеуміз, талай күнгі тынбай әрекеттенген еңбектің арқасында, жеңіс тұғырынан көріне білдік. Үлкен масштабтағы додаға жас маман ретінде алғаш рет қатысуым. Осындай ортаны, бәсекені студент кезден бері қатты ұнататынмын. Қандай да сайыс болмасын, барымша қалмауға тырысамыз. Педагогтің негізгі міндеті өз рейтингімізді, білім беру жолына қосып жатқан үлесімізді көрсетіп, одан әрі арттыру. Менің түйгенім, жас маман бір орында тұрақталмай, үнемі ізденіс, талпыныс үстінде болуы қажет. Бір орында тұрақталып қалсаң, ешқашан даму процесі жүрмейді. Аз уақыт ішінде осыны көкейге түйдім.
Бұл жарысқа қатысқан мұғалімдер арасынан көп инсайттармен, ой алмасып, тәжірибе жинақтадым. Бүгінде, өзімнің педагог ретінде тренд «BILIM» қалыптастыру жолындағы идея, жобаларыммен ізденіс үстіндемін,- дейді қуанышымен бөліскен Шаттық Сұңғат.
Иә, ұстаз болу жауапты іс. Бірақ бұны біз айтпасақ та, осы қызметті таңдаған жанның өзі де жақсы түсінері сөзсіз. Себебі, ұстаз болуды жүрегімен қалаған жан ғана үлкен жетістіктерге жетіп, шәкірт алғысына, көптің құрметіне бөленетіні белгілі. Ендеше, ұлы қызмет жолындағы ұстаздарымызға тек толағай табыстар тілейміз!
Сағыныш ҚАЙЫР