Қош келдің берекелі - Рамазан айы!

Сурет ғаламтордан

 

Мұсылман жұртшылығы асыға күтетін қасиетті Рамазан айы да табалдырықтан аттады. Бұл – нәпсіні тәрбиелеп, жүректі жұмсартып, жанды тазартып, адамды сабыр мен шүкірге бастайтын ерекше уақыт. Рамазан – тек таң атқаннан күн батқанға дейінгі аштық емес, ол – жаман сөзден, орынсыз әрекеттен, реніш пен өкпеден тыйылып, адамдық болмысты жаңғыртатын рухани мектеп.

2026 жылы қасиетті Рамазан айы 19 ақпан мен 19 наурыз аралығына сәйкес келеді. Биылғы Қадір түні 16–17 наурыз күндеріне тура келсе, Ораза айт мерекесі 20 наурызда атап өтіледі. Ал мұсылман қауымының тағы бір үлкен мерекесі – Құрбан айт 27–29 мамыр аралығында өтпек.

Осыған орай Зинеден Құрасұлы атындағы орталық мешітінде қасиетті айға жан-жақты дайындық жүргізілді. Бас имам 

Ерлан Қуандықұлының айтуынша, жамағатқа қолайлы жағдай жасау басты назарда. Мешіт асханасы ауызашар ұйымдастыруға әзірленіп, күн сайын ораза ұстаушыларға арнайы дастархан жайылады. Бұл – Рамазанның береке мен бірлікке үндейтін мәнін айшықтайтын игі іс.

Сонымен қатар Рамазан айына арналған діни іс-шаралар мен тарауық намазының кестелері әлеуметтік желілер арқылы жарияланып, жамағатқа кеңінен таратылуда. Мұның бәрі көпшіліктің құлшылығын жеңілдетіп, уақытын тиімді жоспарлауына мүмкіндік береді.

 

 

Рамазан – тек жеке құлшылықтың ғана емес, қоғамдағы мейірім мен жанашырлықтың күшейетін шағы. Бұл айда мұқтажға қол ұшын беру, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық көрсету – сауапты амалдардың бірі. Бір ауыз жылы сөз, бір тостаған су, бір түйір құрма да осы айда үлкен сауапқа айналады.

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT