Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Парламенттегі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің және «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі Ерболат Саурықов ауданға іссапармен келді. Сапар барысында халық қалаулысымен бірге аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов аудандағы бірқатар әлеуметтік маңызы бар құрылыс нысандарының жай-күйін бақылап, танысып қайтты.
Алдымен Қамысқала ауылдық округінде салынып жатқан демалыс саябағының құрылыс жұмысын көзбен көрді. Саябақ – ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне арналған әлеуметтік жоба. Қазіргі таңда абаттандыру, жасыл желек отырғызу, жүгіру жолдарын төсеу, балалар алаңын орнату секілді жұмыстар жүріп жатыр. Жоба осы жылдың қазан айында аяқталуы жоспарланған. Құрылыс жергілікті бюджеттен қаржыландырылып, жұмыс барысы тиісті органдар тарапынан тұрақты бақылануда. Мердігер мекеме өкілдері жұмыстардың жоспарға сай жүріп жатқанын жеткізді. Депутат Ерболат Байұзақұлы мұндай қоғамдық орындардың ауылдың көркеюіне және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға оң әсер ететінін атап өтті.
Мұнан кейін Тұщықұдық ауылына барып, ауылдық округ әкімшілігінің жаңа ғимараты мен жазғы су құбырының құрылыс барысын тексерді. Бұл нысандардың уақытылы әрі сапалы аяқталуына назар аударды. Мәжіліс депутаты жаңадан салынып жатқан әкімшілік ғимаратында болды. Бұл нысан ауыл тұрғындарына мемлекеттік қызметтерді қолжетімді, әрі сапалы көрсетуге бағытталған әлеуметтік маңызы зор жоба. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары 95 пайызға орындалып, аяқталуға таяу. Жаңа ғимарат іске қосылған соң халыққа қызмет көрсету сапасы едәуір жақсара түспек.
Мұнан соң депутат ауылдың ең өзекті мәселелерінің бірі – жазғы су құбыры желісінің құрылысымен танысты. Бұл жобаның жүзеге асуы тұрғындарды таза әрі сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Құрылыс қарқынды жүріп жатқанын айтқан мердігер мекеме өкілдері барлық жұмыстардың жоспарға сай атқарылып жатқанын мәлімдеді. Ерболат Байұзақұлы нысандарды аралау барысында құрылыс сапасына, орындалу мерзіміне ерекше назар аударып, мердігерлерден нақты мәліметтер алды. Ол бұл жобалардың ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасына оң ықпал ететінін атап өтіп, басты талап – жұмыстың сапалы әрі уақытылы аяқталуы екенін баса айтты. Ауылдың әлеуетін арттыруға бағытталған бұл жобалар алдағы уақытта тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін едәуір жеңілдетері анық.
Осылайша ауылды аралаған халық қалаулысы Аққыстау ауылында жаңадан пайдалануға берілген Өнер мектебінде болып, қосымша білім берудегі жаңашыл бастамалармен таныс-ты. Мектептің болашақ жұмыс жоспары мен мүмкіндіктеріне оң бағасын берді. Сонымен қатар ұжыммен болған кездесуде материалдық-техникалық базаны жаңарту, музыкалық аспаптар мен жабдықтарға қажеттілік мәселелері көтерілді.
Сондай-ақ депутаттың назарынан құрылыс жұмысы тоқтап қалған үш қабатты, 60 пәтерлік тұрғын үй кешені де тыс қалмады. 2019 жылы басталған бұл жоба 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінгенімен, қабырғалары жарылып, құрылыс толық аяқталмаған.
– Аққыстау ауылындағы 60 пәтерлік тұрғын үй кешенінде үлкен мәселе орын алған. Құрылысы басталғанына бірнеше жыл болса да, бүгінгі күні әлі күнге дейін нысан не апатты деп танылмаған, не аяқталмаған. Ауылда үйге мұқтаж жас мамандар мен тұрғындар өте көп. Бұл мәселені облыстық әкімдік пен құрылыс басқармасы шұғыл түрде қолға алуы қажет. Қажет болса, күзгі сессияда мәжіліс қабырғасында депутаттық сауал жолдап, мәселенің шешілуіне ықпал етуге дайынбыз,-деді Мәжіліс депутаты.
Келесі жұмыс сапары Нарын және Зинеден ауылдық округтерінде жалғасты. Бұл шалғай ауылдарда бой көтеріп жатқан спорт нысандарының құрылысын бақылап шықты. Кешеннің құрылысы ауыл жастары мен тұрғындарының спортпен шұғылдануына жағдай жасау мақсатында қолға алынған. Қазіргі таңда нысанда іргетас жұмыстары аяқталып, қабырғалар көтерілуде. Жауапты мердігер құрылыс кестеге сай жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Сапар соңы Исатай ауылында жергілікті тұрғындармен кездесу өткізіп, ел ішіндегі өзекті мәселелер мен ұсыныстар тыңдалды. Көптің қозғаған мәселелері салықтың көбеюі, ауыз су, ауыл ішінде жол жөңдеу, кірме жолдың басталғанына 6 жыл болса да, әлі аяқталмағаны жөнінде, интернет байланысы, газ құбырларының орынсыз орналасуы, ауылға жастарды тарту, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне деген наразылық және мектеп пен балабақша ғимараттарының жай-күйі секілді тақырыптар талқыланды. Ауыл халқының талап-тілегіне құлақ асқан депутат түйткілді түйіндердің шешілу жолдарын бірлесіп қарастыруға уәде берді.
Сағыныш САЙЛАУБАЙ