«Көзіме жас келді». Исатайлық қаламгер құмаршық туралы айтты

Ашаршылық жылдары Нарын құмы бойындағы елді аштықтан арашалаған құмаршық өсімдігін білеміз бе?

Жақында Исатай аудандық музейінде «Құмға біткен құмаршық» тақырыбында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы, ауданның Құрметті азаматы Мұрат Бектенұлымен сыр-сұхбатта сол туралы сөз болды.

Сұхбатты музей бөлімшесінің басшысы Гүлмарал Жұбанова жүргізіп, басқосудың басты қонағы жақында ғана жарық көрген «Құмаршық» кітабының авторы Мұрат Бектенұлына сауалдарын қойып, кездесуге келген жастарды да әңгімеге тартты.

- Құм бойын жайлағандардың аш өзегіне талғажау болған құмаршық жайлы кейінгі ұрпақ біле бермеуі мүмкін. Оны насихаттау - біздің міндетіміз. Қазір - Аллаға шүкір, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман. Балаларымыздың таршылық көрмей өсіп келе жатқанынан артық бақыт жоқ. Сабақ боларға айтамын, өзіміздің балалық шағымыз жоқтықпен өтті. Бір жейде мен шалбарды әбден ескіріп, жамайтын жері қалмағанша тастамайтынбыз. Аяқ киімімізді тоздырмау үшін мектепке дейін жалаңаяқ барып, ішке кірерде ғана киюші едік. Сол кездегі біздің асымыз құмаршық болатын, - деген ардагер жастарға өткенін біліп, бүгінін бағалауды насихат қылды.

- Атырау қаласында журналист Тұрсын Қалимова қарындасымыздың бастамасымен сол кездегі облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қолдауымен құмаршыққа ескерткіш тұрғызылды. Ондағы бейненің өзі біраз нәрседен хабар беріп тұр. Сондағы анасының соңынан еріп келе жатқан аш-жалаңаш балалардың суретін көріп, көзіме жас алдым. Бұл біздің бала күніміздің боямасыз суреті еді, - дейді «Құмаршық» кітабының авторы.

Одан әрі жүргізуші сұрақтарына жауап берген қаламгер құмаршықтың қасиетін түсіндіріп, оның қалай дайындалатынын да айтып өтті. Бір қызығы өздігінен өсетін өсімдік бір орынға қайта шықпайды екен.

Мұрат ағамыздың сөзінен білгеніміз, қыркүйек айының ортасына таман дәні толысып пісетін құмаршық негізінен жаңбыр суы көп жиналатын ылдидағы ыза жерлерге, құм жиектеріне шығатын көрінеді. Жуан тамыры тереңге кетеді.

Шабылған құмаршық бір тәулік бойы кептіріледі. Содан кейін алаша үстіне салып, арнайы сабаумен немесе киіз үйдің керегелерін пайдаланып, ортада үйілген шөпті сабалап, кебегін дәнінен ажыратады. Жиналған дәнді желді күні ыдысқа салып желпіп, тағы да тозаңын ұшырып, тазартады. Содан кейін барып табиғи дайын өнімді диірменге тартып, алынған ұннан нан басады. Бидайды қуырып жесең де дәмі тіл үйіреді екен.

Шара соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Гүлбану Кабулова бұл кездесудің тәрбиелік мәніне тоқталып, өрімдей жастарға «ас та, төгі» көп мына заманда барға қанағат қылып, обал мен сауапқа мән беріп өсіңдер» деген аналық ақ тілегін арнады.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521