Көпбалалы Исмагуловтар отбасы - көпке үлгі

Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Отбасының ең маңызды қызметтерінің бірі – тәрбиелеушілік міндеті, оны қоғамдық тәрбиенің ең тиімді деген жүйесі де алмастыра алмайды. Оның негізгісі – баланы өмірге келтіру ғана емес, сонымен бірге оған әлеуметтік-мәдени ортаның құндылығын қабылдаттыру, ата-баба дәстүрін,  тәрбиесін жас ұрпаққа жеткізу, бойына сіңіру, яғни балаларын өздерін қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру – қай әке-шешенің ең маңызды міндеті. Осындай үлгілі шаңырақ деген ұғымның ұйтқысы болып отырған қамысқалалық Исмагуловтар отбасы бүгінде он бала тәрбиелеп отыр. Салауат аға мен Ұлмаш апаның балаларының үлкені – жиырма үш жаста, кішісі – екі жарым жаста екен. 

 Өзінің айтуынша, бұрын дүкенші болып жұмыс істегеннен кейін ешқандай жұмыспен айналыспаған. Ол  бос уақытын балаларына арнағанына еш өкінбейді. Қазіргі таңда бала-шаға қамы үшін жұмысқа шығатын аналардың көбі үй шаруасы мен жұмыстың екі ортасында сабылып жүретіні үйреншікті жайтқа айналған. Оған мүмкін отбасылардың қаржылық жағдайы себеп болатын шығар, бәлкім жас аналар тұлға болып қалыптасуы үшін де жұмысқа асығатын болар.

«Алтын алқа» иегері тұңғышын жиырма жасында босанған екен.

-Иә, әрқайсысын бірдей жақсы көреміз. Әр баланың өзінің мінез-құлқы, қарым-қабілеті болады. Қыздарым да, ұлдарым да осы уақытқа дейін жерге қаратқан емес. Керісінше, біздің берген тәрбиемізді басқаларға үлгі қыларлықтай көрсетіп келе жатқанына шүкіршілік етемін. Үлкенім Айкөркем бүгінде бастауыш сынып мұғалімі, екінші қызымыз  Айдана – журналист, Марта, Жанна қыздарым – студенттер. Айзере, Ұлжан, Каусар, Аянат – мектеп оқушылары, Исмаил, Ислам балабақшаға барады.Отбасымызда сегіз қыз, екі ұл бала бар. Бала тәрбиелеу оңай шаруа емес. Сөздің шынын айту керек, марқұм енемнің көп көмегі тиді. Үлгермей жатсам, бала қарасып, үй тірлігіне де көмектесіп отыратын еді. Жас келін болып түскесін, көп нәрсені біле бермейтінмін. Енем бәрін үйретіп, қандай шаруа болса да, ары қарай өзім жалғастырып, алып кететінмін. Қазір сол енемнің тәрбиесінің, айтқан ақыл-кеңестерінің арқасында осындай үлкен отбасы болып отырмыз. Ана атанып, ұрпақ тәрбиелеу- менің негізгі міндетім. Балаларымның әрқайсысы еліміздің өсіп, өркендеуіне өз үлесін қосатынына сенімдімін. Әкесі көбінесе жұмыста болады. Бірақ басымыз қосыла қалса, екеуміз балалармен бірге отырып,ойын ойнап, әңгімелесеміз, кешкісін аулада серуендейміз. Демалыс күндері Атыраудың көрікті жерлерін аралап, қыдырамыз, демаламыз. Әр жексенбіде қайда баратынымызды көбіне балалардың өздері шешеді. Ата-ана алдымен ата-аналық парызды, міндетті түсінгені абзал. Әр баланы дүниеге әкелген соң, ең бірінші денсаулығына, білім алуына назар аударып, иманды, ізетті, адал, еңбекқор етіп тәрбиелеуге тиіспіз. Егер ата-ана өз парызын дұрыс орындаса, бала да перзенттік парызын мінсіз орындайды. Балаң сені ұятқа қалдырмасын десеңіз, дұрыс ата-ана бол. Отағасы екеуміздің ұстанымымыз осы.

Қазіргі жас отбасыларға «өмірге ұрпақ әкелсеңдерші» десем, баспананың жоқтығын алға тартады. Олардың екі-үш баламен шектелетіні көңіліме қонбайды. Бірақ, одан қорқудың қажеті жоқ, әр баланың өз несібесі бар. Көп бала болса, бірін-бірі жетелеп, қарайласып, тез өседі.  Балаларымның әрбір ісін ой елегінен өткізіп, аналық ақыл-кеңесімді айтудан жалыққан емеспін. Әкесі екеуміз қолымыздан келетін бар көмекті аяған емеспіз. Жолдасым да бала тәрбиесіне ерекше мән береді. Балаларымның барлығына тәуба деймін. Көп болайық, аз болайық отбасындағы тәрбие, әр баланың тұлға болып қалыптасуы, әрбір ата-анаға жүктелген парыз деп білеміз.

Егер мемлекет тарапынан жас отбасыларға қолдау көрсетіп, жағдай жасаса, онда көп балалы отбасылар саны еселенер еді. Рухани қажеттіліктер жас сәбиге ата-ана мен отбасындағы жылылық шуағы арқылы таралады. Сәбидің тұлғалық ерекшеліктерінің қалыптасуында отбасының, дәлірек айтсақ, ата-ананың және бауырларының тигізер ықпалы зор.

Қазақ «баланы жастан» дегенді бекер айтпайтын шығар. «Алдыңғы арба дөңгелегі  қайда барса, соңғы арба ның дөңгелегі де сонда жүреді». Сондықтан алдыңғы ұл-қыздарды жақсылап тәрбиелесең, соңғылары соларға еліктеп, ереді. Мен көбінесе балалардың өтірік айтпауларын қатты қадағалаймын. Бір-біріне қамқор болуын, үлкендердің кішкентайларға қамқор болуын назарда ұстаймын. Сондай-ақ кішкентайларға үлкендерінің атын ататқызбаймын, «аға», «көке», «тәте» деп өздерінің қойып алған аттары бар. Ол да бір тәрбие. Сосын бір-біріне дауыс көтертіп, жауап бергізбеймін. Бір-бірін сыйлауына, қамқорлық көрсетуіне аса мән береміз. Үлкенді үлкен деп, кішіні кіші деп сыйлауын барынша қадағалаймын. Үлкен қыздарыма қатты сенім артамын. Кішкентайынан жауапкершілікті бердік, қатал болмадық, еркін өсірдік. Соның арқасында қыздарым өмірде өздерінің алатын орны бар тұлға ретінде қалыптасып өсті. Түрлі жарыстарға барып марапаттар алып, Салауатқызы деген атымызды шығарған кезде қуанышым қойныма сыймай қуанамын. Әлі де биік шыңдарды бағындыратынына сенемін. Бала тәрбиесінде жұбайым Салауат та сабырлықпен қарап, әр нәрсені тереңінен ойлап, қыздарыммен досындай сырласады. Сол себепті де, отбасымызда бірлік -береке бар. Бәрі әйел адамға байланысты. Әкені сыйлау, үлкеннің орны, қыз тәрбиесі деген құндылықтарды Аллаға шүкір, бойларына сіңіріп өсіріп келеді. Отбасында береке-бірлік өте маңызды. Ал сол берекені қалыптастыруға осы уақытқа дейін жолдасымыз екеуміз бірігіп атсалысып келеміз. Ауламызда бақшамыз бар, үйге келетін қонақ бар, балалардың сабағы, одан қалса туыстарыма той, жиындарда қолғабыс беру тағы бар. Балаларымның барлығына тәуба деймін. Балаларым-байлықтарым. Аллаға шүкіршілік,- деп аяқтады сөзін Ұлмаш апа бізбен болған әңгімесінде.

«Өз үйім – өлең төсегім» деп қазақ атам айтпақшы, өз отбасың, өз үйің әрқашан жылы, бәрінен жақын. Сол себепті де, әр адам өз отбасын сыйлап, құрметтей білуі шарт.                                                                                                                  

 

Жұлдыз СЕМБИЕВА

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521