КӨПТІҢ КҮТКЕН ПОЙЫЗЫ - алдымен Исатай ауылына келді

 

 
Шалғайдағы ауылға ақ арманмен жеткен ақжелек пойыз Исатай жұртына үміттің шырағын жақты. Дүйсенбі күні Исатай ауылына келіп тоқтаған «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы тұрғындарға тегін медициналық қызмет көрсетуді бастап кетті. Алыстағы ағайын үшін сапалы әрі қолжетімді денсаулық сақтау қызметін ұсынуды мақсат еткен бұл әлеуметтік жоба еліміздің түкпір-түкпірін аралап жүрген ауқымды республикалық бастама.
 
Теміржол бойында орналасқан ауыл тұрғындары бұл пойызды асыға күтіп, ертемен станцияға жиналды. Ресми қарсы алу салтанатына аудан әкімінің аппарат басшысы Арманбек Махмутов қатысып, дәрігерлер құрамына ауыл халқы атынан алғысын білдірді.
 
 

— Мемлекет қамқорлығын күнде сезіну – елдік белгісі. Бұл бастама аудан тұрғындары үшін өте маңызды. Шалғай ауылдарға арнайы келіп, кәсіби медициналық көмек көрсетіп отырған бұл топтың еңбегі ерекше,-деді ол.
 
 
 
Медициналық пойыздың басты мақсаты – елден шалғай орналасқан станциялар мен ауыл тұрғындарына тегін медициналық, психологиялық, құқықтық және медиативтік (татуласу) көмек көрсету. Құрамында заңгер, психолог, медиатор секілді түрлі сала мамандары бар топ азаматтарға кәсіби, әрі нәтижеге бағытталған қызмет ұсынады.

Ал Исатай ауылында екі күнге аялдаған пойыз таңғы сағат 9:00-ден кешкі 18:00-ге дейін үздіксіз қызмет етті. Бұдан кейін жәрдем пойызы Нарын, Аққыстау ауылдары мен Томан станциясына бағыт алды.
 
 
 

Пойызда терапевт, стоматолог, офтальмолог, оториноларинголог, хирург, уролог, невропатолог, гинеколог сынды негізгі мамандық иелері жұмыс істейді. Барлығы — өз ісінің шебері, тәжірибелі мамандар. Олар тұрғындарды қабылдап қана қоймай, қажетті ем-дом шараларын да орнында атқарды.

— Бұл жоба – шалғайда жатқан елді мекендер үшін үлкен демеу. Біз бұдан бұрын бірнеше облыс, қалаларды аралап, енді міне Атырау облысында қызметімізді жалғастырып жатырмыз. Пойыз заманауи медициналық жабдықтармен – УДЗ, флюорография, зертхана, шағын операциялық бөлмемен қамтамасыз етілген. Интернет байланысы арқылы науқастың жағдайын бірден орталық жүйеге жолдап, әрі қарай емдеу жолдарын ұсынып отырамыз. Әрбір келген адамға барынша көмек көрсетуге тырысамыз,-деді «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының бас дәрігері Әсемгүл Саханова.
 
 

Сонымен қатар пойыз Нарын ауылында  11.06.25ж, Аққыстау ауылында 11-13.06.25ж., Томан бекетінде 13.06.25ж болатынын ескертеміз.
 
 
 
 

Өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT