Көптің көзайымына айналған Тілектің сары автобусы

фото: интернеттен

Ел жадында АТП атауымен қалған Аққыстау автокөлік кәсіпорнында оншақты сары автобус жолаушылар тасымалдады. Аққыстаудан кеңшарлар орталықтарына және Гурьев қаласына маршруттар болды. Сары автобусқа аяғы іліккен адам бейнебір ұшаққа мінгендей сезінетін. Жаздың  күндерінде аптап ыстықты да елемей, автобустың жанындағы терезені және салонның төбесіндегі арнайы қақпақты ашып тастап, маңдайдан аққан тер мен оған жабысқан шаңды сүртіп қойып, тарта беретінсің.

 Ол кездегі қатынас көлігі сол автобус ғана. Басқаға алаңың жоқ. Зіркілдеген жолда селкілдегеніңе, баратын жерге жеткеніңе риза боласың.  Сонда төлейтін билеттің құны - тиын. Қазіргідей желдей жүйткіген таксилердің аты жоқ онда, жеңіл автокөліктерге қолы жеткен адамдар да санаулы. Бірақ, неге екенін білмеймін, сол бір сары автобустар ойдан кетпейді, тіпті, сағынады екенсің!

1980-1990-шы жылдарда АТП-ның жүргізушісі Тілек Сабыровтың сары «Пазик» автобусына мінбеген жолаушы болмас. Ол кезде қаламен екі аралықтағы жол да керемет емес. «Атырау-Аққыстау» маршрутында жолаушының көптігінен орын болмайды. Ондай кезде Тілекке тап болсаң қуанасың, далада қалмайсың. Қалада тәртіп бойынша кондуктор билетті тексеріп мінгізіп, жүргізушіге есігін жапқызып, автостанса аумағынан шығып кеткенінше қарап тұратын. Тілек болса, сонда да ебін тауып, жолаушыны бірдеңе қылып, сыйыстырып алып кететін. Көбіне «автобус жолына шығып күт» деп ымдайтын. Салонда түрегеліп тұрасың, кейде екі аяғыңды бірдей басатын да жер болмайтын.

Тілек құмда, Жанбай ауылдық кеңесінің Сарытөбе ауылында дүниеге келді. Бала кезінде ауыл балаларымен бірге құмда машина болып ойнайтын. Мектеп бітірген бойда Сарайшықтағы кәсіптік-техникалық училищеден жүргізушілік мамандық алды. Ресейдің Хабаровск өлкесінде әскери борышын өтеп келісімен Чапаев атындағы кеңшарда еңбек жолын бастады. Кейін «Жайықмұнайгаз» басқармасындағы операторлық жұмысын тастап, АТП-ға табан тіреп, жиырма жыл автобус тізгінін ұстады.

Көптің көзайымына айналған Тілектің сары автобусы қысы-жазы тоқтамай жүретін. Жекелеген адамдар, мекемелер автобус жалдайтын болса, басшылардан қоярда-қоймай Тілекті сұрап алатын. Өйткені, ол әркімнің көңілін табатын, жолға шыққанда кейбіреулердей асығыстыққа салынып, ренжіспейтін.

АТП тарағанда айдап жүрген автобусын оған жекеменшікке берді. Уақыт талабына сай кәсіпкерлікпен айналысып, жолаушы тасымалдау қызметін көрсетті. Өзінің ескі автобусымен бірге «УАЗ», «Газельді» де тоздырды. Бүгінде еңбегінің зейнетін көріп отыр. Қырық төрт жыл отасқан жан жары Айша Әбуғалиевамен екеуі алты перзент өсіріп тәрбиелеп, ұлды ұяға қондырды, қызды қияға ұшырды.

Өткен күндердің белгісіндей, сол сары автобусты мен ғана емес, көпшілік те ұмытпаған екен.

Ақтолқын Даулетова: -«Чапаев-Аққыстау» аралығында осы сары автобуспен жүргеніміз есімізде. Тілек жолаушылардың бәрінің көңілін тауып, әзілдесетін. Табыс көзінің тағы бір түрі болды: Армиядан келе жатқан, поездан түскен солдат болса, жолаушыларды  түгел түсіріп болғасын, солдатты үйіне шейін апарып, қуанған ата-анасынан «сүйінші» алатын.

Ақзия Мұхзаруова: -Иә, көз алдымызда болған сары автобус ғой. Ойлап қарасам, талай құдалық, т.б. жақсылық шараларға барып-келу үшін жақын-жуықтарыммен бірге сол сары автобусқа отырған екенмін. Арманы жоқ автобус, тек фотосуреттерде ғана сақталып қалған, көргенде көзге оттай басылады.Тілек - халықтың алғысын алған жайсаң жігіттердің бірі.

Сабыға Қапажанова: -АТП-да бірнеше жыл бірге жұмыстас болдық. Қайран, сол кездер-ай. Ондаған жүргізуші жұдырықтай жұмылып, жұмыс істейді, техникалар жан-жаққа сұраныспен кетіп жатады. Олардың арасында мақтауға іліккен Тілек те жүрді.

Шамар Есмурзин: -Тілекпен жастықтың жалынын бірге кештік. Өте еңбекқор, уәдеге берік, адамға жақсылық жасауға дайын тұратын ақжелең азамат болды. Оның автобусы бұзылып, тұрып қалмайтын, қолы шебер, тоқтай қалса, әупірімдеп жөндеп алатын.

«Сағыныш екен, сол жылдар» дегендей, бүгінде тақтайдай тегіс асфальт жолмен ағызып келе жатып, кейде баяғы АТП-ның маймаңдаған сары автобустары, оны жүргізген Зинеш, Танабай, Самат, Қайбар, Марат, Қалу сияқты азаматтар да еске түседі. Ал Тілектің орны бір бөлек.

 

                                                                                       Мәди ӨТЕҒАЛИЕВ

өлкетанушы, журналист

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT