Құраш Мақұлов – «Еңбек даңқы» иегері

Ел еңбегін бағалау – мемлекет мерейінің көрінісі. Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында елорда төрінде өткен салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан мемлекеттік награда алғандар қатарында жерлесіміз, «Ембімұнайгаз» АҚ «Жайықмұнайгаз» мұнай және газ өндіру басқармасының №2 мұнай және газ өндіру цехының 5-дәрежелі операторы Мақұлов Құраш Көпбергенұлы да бар.

Х.Ерғалиев ауылының тумасы, абыройлы азамат мұнай саласында 40 жылға жуық тер төгіп, еңбектің ерен үлгісін көрсетіп келеді. Осы адал еңбегі мен кәсіби шеберлігінің арқасында ол «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды.

Мұнай – ел экономикасының тірегі болса, сол тіректі ұстап тұрған жандар – кен даласында күн сайын табан тоздырып, еңбек етіп жүрген операторлар мен инженерлер. Құраш Көпбергенұлының еңбек жолы да осы қасиетті кәсіппен тығыз байланысты.

Ол 1983–1985 жылдары Кеңес Әскерінің қатарында абыроймен әскери борышын өтеп, елге оралған соң, 1985 жылы еңбек сапарына аттанды. Алғашқы қадамын «Жайықмұнай» мұнай және газ өндіру басқармасының Қамысты кен орнында мұнай және газ өндіру операторы қызметінен бастады. Содан бері қырық жыл бойы осы салада, осы кәсіптің қазанында қайнап келеді. Қазіргі таңда ол «Жайықмұнайгаз» МГӨБ Оңтүстік-Батыс Қамысты кен орнының №2 мұнай және газ өндіру цехында 5-дәрежелі оператор болып еңбек етеді.

 

 

Қарапайым мұнайшының өмірі – үздіксіз еңбек пен жауапкершілікке толы. Әр тәуліктің әр сағатында, табиғаттың ыстығы мен суығына қарамай, өндірістің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – оңай шаруа емес. Бірақ Құраш Көпбергенұлы үшін бұл – өмірінің мәні, өз борышы.

Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан алған «Еңбек даңқы» ордені – осы жылдар бойғы адал еңбектің, табандылық пен кәсіпқойлықтың әділ бағасы.
– Бұл марапат – менің ғана емес, менімен бірге еңбек етіп жүрген барша мұнайшылардың еңбегіне берілген баға. Мұнайшының еңбегі – ұжымдық еңбек, сондықтан бұл қуаныш – бәріміздің ортақ қуанышымыз,- дейді Құраш Көпбергенұлы толқып.

Ел дамуына өз үлесін қосып жүрген мұндай еңбек адамдары – бүгінгі қоғамның нағыз қаһармандары. Өйткені олар күн сайын өз ісімен елге қызмет етіп келеді.

 

 

Өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Республика күні

AQPARATPRINT