Жыл он екі айдың сұлтаны саналатын Құрбан айт жақындаған сайын жүректер жұмсарып, пейіл кеңейіп, мұсылман жұртының жан әлемінде ерекше бір жылулық орнайды. Құрбан айт тек құрбан шалу рәсімімен ғана шектелмейтін, рух пен риясыздықтың, мейірім мен тақуалықтың мерекесі. Бұл – адам мен Алланың арасын жақындатып, адам мен адамның арасындағы бауырмалдықты бекемдейтін күн.
Мамандардың пайымдауынша, Құрбан айт – дүние мен ақырет таразыға түсер сәт. Қолыңдағыны мұқтажбен бөлісіп, кеудеңдегі сенімді Жаратушыға ұсынатын, пенделік пиғылдан арылып, құлшылыққа шын берілетін ерекше мүмкіндік. Мұсылман баласы бұл күнді асыға күтетіні де сондықтан, себебі тазарудың, тәубенің, шүкірліктің, кеңшіліктің символы. Биыл қасиетті Құрбан айт мерекесі 6 маусымға сәйкес келіп отыр.
Осыған орай, Х.Ерғалиев ауылына қарасты «Қамысқала» мешітінің қара шаңырағында елге имандылықтың шамын жағып отырған имам Азамат Қалиевпен сұхбат құрдық. Әңгіме өзегіміз ұлық мерекенің шариғи тереңдігі, рухани салмағы және бүгінгі қоғамдағы орны жайында өрбіді. Имам бұл мейрамның мәнін тарихтан тартып түсіндіріп, әрбір амалының астарындағы тағылымды ашып көрсетті.
– Азамат Аухатұлы, айтыңызшы, Құрбан айт мерекесінің мәні мен маңызы неде? Бұл күн мұсылман қауымы үшін нені білдіреді?
– Құрбан айттың түп мағынасына үңілер болсақ, оның шариғи ғана емес, рухани салмағы да орасан. «Құрбан» сөзі араб тілінен аударғанда «жақындау», «жақын болу» деген мағынаны білдіреді. Ал ислам шариғатындағы мағынасы – Алла Тағаланың ризашылығына жету ниетімен Құрбан айт күндері арнайы малды шалу рәсімі. Бұл – құр құрбандық емес, бұл – ниеттің тазалығы мен ықыластың шынайылығын көрсететін ғибадат. Ал бұл күннің тарихына зер салсақ, бұл мейрам – Ибраһим пайғамбар мен оның ұлы Исмаил арасындағы үлкен сынақтың естелігі. Ибраһим (а.с.) Жаратушының әміріне күмәнсіз бойсұнып, сүйікті ұлын құрбан етуге бекінеді. Ұлы Исмаил да әкесінің бұл шешіміне қарсы келмей, Алланың бұйрығына мойынсұнады. Адам баласының тәубесі мен тақуалығының, Аллаға деген толық сенімінің ғажайып көрінісі еді. Ибраһим пайғамбар бұл сынақтан сүрінбей өткенде, Алла Тағала өз мейірімімен құрбандыққа шалынайын деп тұрған Исмаилдың орнына көктен қошқар түсіріп, оны шалыңдар деп бұйырады. Міне, содан бері бұл күннің ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан иман мерекесі ретінде тойланып келеді. Бұл мерекенің біздің жерімізде де терең тамыры бар. ХІХ ғасырдағы орыс жазбаларында қазақ халқының Құрбан айтты кең көлемде атап өткені жөнінде деректер кездеседі. 1926 жылға дейін елімізде Құрбан айт үш күн бойы ресми мереке ретінде тойланып келген. Демек, бұл ұлттың рухани болмысынан нәр алған, салтпен сабақтасқан, сүннетпен бекіген қасиетті күн. Құрбан айттың негізгі мақсаты – Жаратқанға деген шүкіршілік пен бойұсынуды көрсету. Бұл мейрамда мал шалу – амалдың сыртқы көрінісі ғана. Аллаға шалынып жатқан малдың еті де, қаны да жетпейді.
– Ал бүгінгі қоғамда Құрбан айттың тәрбиелік рөлі қандай? Бұл мереке жастарға қандай өнеге береді деп ойлайсыз?
– Құрбан айт арқылы әр адам өзінің жүрегіндегі мейірімділікті, адамгершілікті ашады, өзгелерге деген жауапкершілік пен қамқорлық сезімін нығайтады. Жастар үшін Құрбан айттың тәрбиелік мәні зор. Мереке арқылы олар үлкендердің сөзін тыңдап, ата-анаға, ағайын-туғанға құрмет көрсетудің маңыздылығын түсінеді. Сонымен қатар жанашырлық пен көмектесудің, әсіресе тұрмысы төмен, мұқтаж жандарға қолұшын берудің қандай үлкен сауап екенін көріп, саналары жетіледі. Жастарға адамдық қасиеттің, жомарттық пен рухани тазалықтың үлгісі. Құрбан шалудағы ниет тазалығы мен ықылас, бауырмалдық сезімі олардың жүрегінде ізгілік дәнін егеді. Бұл мереке арқылы олар өмірде өздерін ғана емес, өзгелерді де ойлауды үйренеді. Осылайша, Құрбан айт бүгінгі қоғамның әлеуметтік және рухани байланыстарын нығайтып, ұрпақтар сабақтастығын, адамгершілік құндылықтарды дамытудың берік негізіне айналады.
– Құрбан шалудың шариғаттағы негізгі талаптары мен шарттары қандай? Халық жиі жіберетін қателіктер бар ма?
– Құрбан айтта орындалатын маңызды құлшылықтың бірі – құрбан шалу. Бұл мұсылманның Аллаға деген ықыласы мен тақуалығын білдіретін ерекше ғибадат. Алайда осы құлшылыққа қатысты кейбір шариғи шарттарды білу – әрбір мұсылман үшін маңызды. Құрбан шалу – тұрмысы төмен емес, белгілі бір дәулетке ие мұсылманға уәжіп амал. Оның шариғаттағы шарттары нақты: Құрбан шалатын адам – ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған мұсылман болуы керек; Ол адам тұрғылықты мекенде болуы тиіс, яғни сапарда жүргендерге бұл міндеттелмейді; Және ең бас-тысы, нисап мөлшерінен (яғни, қажетінен тыс артық мүлкі) асатын дәулеті болуы қажет.Алайда жағдайы төмен кісі құрбан шалмасын деген ұғым туындамауы тиіс. Мұндай адамдар құрбан шалу арқылы сауапқа кенелуді қаласа, ол нәпіл құрбан болып есептеледі.Сонымен бірге халық арасында жиі кездесетін қателіктердің бірі – құрбандықты айттан бұрын шалу. Бұл шариғатқа қайшы. Себебі Құрбан айттың мәні мен шариғи негізі айт намазынан кейін басталады. Айт намазы оқылған соң ғана шалынған мал құрбан болып есептеледі. Оған дейінгі уақытта шалынған мал жай ғана асқа айналады. Шариғат бойынша құрбандық малы айттың бірінші күні күн шыққаннан бастап, үшінші күні күн батқанға дейін шалынады. Осы уақыт аралығында ықыласпен шалынған мал ғана шынайы құрбан болып саналады.
– Ауыл мешітінде Құрбан айтқа байланысты қандай шаралар ұйымдастырылады? Жамағаттың белсенділігі қалай?
– Биыл күллі мұсылман қауымы асыға күтетін Құрбан айт мерекесі маусым айының 6-сына келіп тұр. Бұл күнді Қамысқала ауылының тұрғындары да үлкен дайындықпен, ізгі ниетпен қарсы алмақ. Ауыл мешіті бұл айтулы күннің қадір-қасиетін ұлықтай түсіп, жамағатқа арналған кең ауқымды шаралар ұйымдастыруда. Мереке күні таңмен таласа мешітке ағылған жамағат қасиетті Айт намазына қатысады. Намаздан соң мешіт алдындағы алаңқайда кең көлемді мерекелік шараға кезек беріледі. Биылғы Құрбан айттың қуанышы ең алдымен балалардың жүзінде жарқырамақ. Сол үшін мешіт ауласына екі бірдей батут орнатылып, бүлдіршіндерге тәттілер үлестіріледі. Мерекенің бір шырайын кіргізетін дүние – ересектер арасындағы ұлттық спорт түрлері. Қой көтеру, кір тасын көтеру, қол күрес сияқты сайыстарда бақ сынаған ауыл азаматтары күш-жігерін көрсетіп, жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен, диплом және медальдармен марапатталатын болады. Шара барысында мешіттің дәл іргесіне киіз үй тігіліп, дастархан жайылады. Түрлі дәмдермен көмкерілген мерекелік ас – жамағаттың ауызбіршілігін арттыратын, ықылас-пейілді бекемдейтін тағылымды сәттердің бірі болмақ. Құрбан айт пен Ораза айт мерекелерін атап өту мешітімізде дәстүрге айналған. Әрбір жылы жамағат белсенділігі артып келеді. Ізгі ниетті жандардың осындай мерекеде бірігіп, берекеге ұйығанын көріп, қуанып қаламыз. Шын мәнінде руханияттың жанданып, қоғамда игілікке ұмтылған жүректердің бар екенін білдіреді.
– Құрбан айт қарсаңында жамағатқа, ауыл тұрғындарына қандай ізгі тілегіңіз бар ма?
– Дініміз жаны жайсаң жомарт жандарды малдарын сойып, етін мұқтаж отбасыларға үлестіріп, мол сауапқа кенеліп, жақсылықтың жаршысы болуға шақырады. Осы орайда ауылымызда әр жылы әрқалай мұқтаж жандарға жәрдем көрсетіледі. Қасиетті Құрбан айт күндері құрбан шалуымызбен қатар, құрбандығымыз қабыл болуы үшін шынайы ниет етіп, оның дұрыс орындалуына барынша мән берейік. Жаратушы келе жатқан қасиетті құрбан айт мерекесін баршаларымызға мүбәрак етіп, шалатын құрбандықтарымызды, атқаратын ізгі амалдарымызды қабыл еткей!
– Алтын уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңызға бек рахмет!
Сағыныш ҚАЙЫР