Облыстық «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының аясында іс-шаралар жоспарына сәйкес «Туған жерді танып біл!» жобасы бойынша күзгі демалыс кезеңінде Құрманғазы ауданының оқушылары біздің Исатай ауданына саяхат жасап, ауыл тарихымен танысты.
Көршілес аудан оқушыларын «Тәуелсіздік» алаңында Исатай аудандық білім бөлімі басшысы Г.Құрманғалиева бастаған топ өкілдері қарсы алды. Осылайша, құрманғазылық оқушылар аудандық И.Тайманұлы атындағы мұражайға барып, өлкенің мәдени-тарихи мәліметтерімен, тарихи жәдігерлерімен танысты. Одан кейін «Қазақ елі» аллеясы мен «Ардагерлер саябағын» аралап, ауданымыздың музей қызметкері Гулфара Мұқанова келген қонақтарға аудан тарихы туралы толық ақпарат беріп, түсіндіріп өтті. Оқушылар өздерін қызықтырған түрлі сауалдарға жауап алып, қойнауы тарихқа толы ауылдың шежіресіне қанықты.
Шара соңы аудандық «Жалын» мәдениет үйінде «Туған жер –алтын бесік» тақырыбында сазды бағдарламаға ұласып, көңілді кешке жалғасты. Ауданымыздың балғын өнерпаздары өнер көрсетіп, ән-жырдан шашу шашты.
Күзгі демалыс кезінде «Туған жерді танып біл!» жобасы аясындағы ұйымдастырылған шара оқушылар үшін үлкен тәрбиелік мәні бар, тағылымды шара болды.
Енді, осы іс-шара қараша айының 1-жұлдызында Исатай ауданының оқушылары үшін Құрманғазы ауданында ұйымдастырылып, жалғасын таппақ.