Құрмет төрінде – өнегелі әулеттер

Суреттер автордікі

 

Әр отбасының шаңырағында мейірім мен береке орнаса – қоғамның да іргесі бекиді. Сол себептен отбасы құндылығын дәріптеу, ата-баба дәстүрін ұлықтап, ұрпаққа өнеге ету – ұлт болашағы үшін ең қымбат іс.

 

 

Қыркүйек айының екінші жексенбісі елімізде жыл сайын аталып өтілетін Отбасы күніне орай Исатай аудандық «Жалын» мәдениет үйінде өткен «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының марапаттау рәсімі осынау қасиетті құндылықтарды тағы бір мәрте айқындап берді. Бұл күні сахна төрінде өнегелі әулеттер мен ардақты шаңырақ иелері ел алдына шығып, көпшілік құрметіне бөленді.

 

 

Отбасынан басталған үлгі 2014 жылдан бері елімізде тұрақты түрде өтіп келе жатқан аталмыш байқау – тек марапат қана емес, тұтас бір қоғамдық ойды қалыптастыруға арналған рухани жоба. Ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу, ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлін арттыру, қазақстандық отбасының оң бейнесін таныту – осы байқаудың басты мақсаты.

 

 

Салтанатты кеште Исатай ауданының әкімі Нұрым Мусин құттықтау сөз сөйлеп, байқауға қатысқан барша отбасыларға алғыс білдірді. Жүрекке жылы, көңілге медеу боларлық сәтте сахнаға көтерілген Қарабалиндер, Қадировтар, Мажитовтар, Батырхановтар, Дюсалиевтер, Сәрсенғалиевтер, Тастановтар, Исакуловтар, Пауеденовтар және басқа да әулеттерге арнайы құрмет көрсетілді.

 

 

Тәжірибесі мол, ғұмырын бірге өткізген жандарға да ерекше ілтипат жасалды. «Күміс кереге» иелері – 25 жылдық жұптастықтың символы болса, «Алтын шаңырақ» иелері – жарты ғасырлық ғұмырын бірге өткерген асыл жандар. Уахит Әділұлы мен Ғибадат Құбашқызы, Халидуллин Утепберген мен Серікбаева Құсни, Сәрсенғалиев Мейрам мен Сатанова Маназила, Бахитов Ғимаден мен Асанова Бибікамал, Утемисов Жаманқұл мен Утемисова Фазила сынды отбасылардың өмір жолы – кейінгі ұрпаққа тағылымды өнеге.

 

 

Шара барысында ауданның өнерлі отбасылары қазақтың халық әндерін орындап, залға жиналған қонақтарға шаттық сыйлады. Әуезді ән мен жылы сөздің өрілген тұсында әрбір жан ұлттық дәстүрдің шынайы құндылығын сезінді.

 

 

«Мерейлі отбасы – 2025» байқауы – тек марапаттау рәсімі ғана емес, ұрпаққа қалдырылған рухани аманат. Бұл кеште отбасы – тәрбиенің алтын діңгегі екені тағы бір мәрте дәлелденді. Өнегелі әулеттердің өмірі арқылы бүгінгі жас буын өз болашағын саралайтындай тағылым алды.

 

 

Салтанатты сәт соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, бір-біріне ақжарма тілектерін арнады. Ал Исатай ауданындағы бұл мерекелік шара – отбасы қадірін ұлықтап, дәстүрді дәріптеудің мәнді де мағыналы үлгісі болып қалды.

 

 


Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT